Облыстық су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Серікқали Қанапиннің айтуынша, Маңғыстауда биыл ауызсумен қамтуға қатысты үш жоба іске қосылды. Қуаттылығы 65 мың текше метрді құрайтын үш жобаның бірі – «Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында теңіз суын тұшытқыш қондырғы» жобасы. Тәулігіне 5000 текше метр су өндіру қуатымен жұмыс істейтін зауыт Форт-Шевченко қаласын, жақын маңдағы ауылдарды толықтай ауызсумен қамтамасыз ететін болады.
Екіншісі – жеке инвестор есебінен іске асырылған Қарақия ауданының «Құрық ауылында өнімділігі тәулігіне 10 000 текше метр су тұшыту қондырғысын орнату» жобасы. Құрылыс-монтаж жұмысы аяқталып, іске қосу жұмысы жүргізіліп жатқан нысан жақында пайдалануға берілді. Жоба іске қосылған соң Құрық ауылы мен жылы жағажай толық ауызсумен қамтылады. Мұның тағы бір игілігі, бұған дейін аталған нысандарға «Каспий» су тұшыту зауытынан беріліп отырған су көлемі енді Ақтау қаласына жетеді. Бұл – су жетпей, дау жиі туындайтын Ақтау қаласына жақсы жаңалық, маңызды қолдау.
Жүзеге асқан үшінші жоба – «Маңғыстау облысы «Кендірлі» курорттық аймағына қарасты Тоқмақ жерінде өнімділігі тәулігіне 50 000 текше метр теңіз суын тұшыту зауыты.
– «Кендірлі» курорттық аймағын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Тоқмақ жерінде өнімділігі тәулігіне 50 000 текше метр теңіз суын тұшыту зауытының құрылысын салу» жобасы аясында қазірде зауыттың құрылыс-монтаж жұмысы, жобаның инженерлік инфрақұрылымына қатысты жұмыс толықтай аяқталып, зауытта тестілік режімде іске қосу-баптау жұмысы жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді С.Қанапин.
Биыл тамыз айында Кендірлідегі жаңа зауытта тұшытылған теңіз суының алғашқы легі Жаңаөзен қаласының су тарату желісіне берілген еді. Басқарма басшысы айтқан құрылыс, монтаждау, іске қосу-реттеу жұмысы толықтай аяқталып, қазан айының соңында нысанды пайдалануға беру актісіне қол қойылды. Осылайша, тәулігіне 50 000 текше метрге дейін суды тұшытуға қауқарлы кәсіпорын халық игілігіне ұсынылды.
Бұған дейін «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры, Түйесу, Сауысқан жерасты көздерінен су жеткізіліп келген Жаңаөзен қаласына Кендірлідегі Тоқмақ суы қосымша су көзі болады, кәсіпорын Жаңаөзеннің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне су беруге дайын тұр.
Еліміздегі осы бағыттағы ірі нысандардың бірі саналатын Тоқмақ жеріндегі теңіз суын тұшыту зауытын тәулігіне 12 500 текше метрді құрайтын 4 бірлік кері осмос қондырғысы бар су тұшыту цехы, су дайындау, тұзсыздандыру, минералдандыру цехынан тұратын инженерлік шешімдер кешені деуге болады. Мамандардың айтуынша, магистралды су құбырының жалпы ұзындығы 201,4 шақырымды, яғни әрқайсысы 100,7 шақырымнан тұратын 2 желіні құрайды. Зауыт аумағына инфрақұрылымдық желілер – электр беру желілері, талшықты-оптикалық байланыс желісі, газ құбыры, автожол салынып, әкімшілік-тұрмыстық кешен, жатақхана, жөндеу цехы, өрт сөндіру депосы, қоймалар бой көтерді. Зауытта Еуропа, АҚШ, Қытайдың жетекші өндіруші зауыттарынан шыққан заманауи технологиялық жабдық орнатылған. Зауыт құрылысы жұмысына 650-ден астам адам жұмылдырылып, кейін 91 тұрақты жұмыс орны ашылды.
– «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жобаны отандық өндірушілер мен мамандарды барынша тарта отырып, қысқа мерзім ішінде аяқтады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған бұл ірі әлеуметтік жобаның стратегиялық маңызы зор. Зауыт Жаңаөзен мен оған іргелес жатқан елді мекендер тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырына жүктемені азайтып, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін дамытуға ықпал етеді, – деді С.Қанапин.
Өңір тұрғындарын ауызсумен қамтуда салмағы зор Кендірлі зауыты Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтеусіз беріледі. Қазір осы бағытта инженерлік-техникалық мамандар оқытылып, жаңа зауыттың пайдалану қызметі жасақталып жатыр.
Аталған үш жобадан бөлек, Маңғыстауда қуаттылығы 108 000 текше метрлік тағы үш жоба жоспарланған. Олардың қатарында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының ауызсу өнімділігін тәулігіне 60 000 текше метрге арттыру арқылы жалпы қуатын 100 000 текше метрге дейін ұлғайтудың 3-кезең жобасын іске асыру мен «Маңғыстау облысы МАЭК ЖШС аумағында пермеаттың жалпы өнімділігін тәулігіне 24 000 текше метрге ұлғайта отырып, кері осмостық станса салу» жобасы бар. Екі жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына қол жеткізді. Ал үшінші, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағында өнімділігі тәулігіне 24 000 текше метр тұшытқыш қондырғылар салу» жобасы екі кезеңге бөліп іске асыру мақсатында жасақталып жатыр.
Өңірдегі құзырлы орындар өкілдері Маңғыстауда сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасады деп отыр. Айтуынша, шөлді аймақтағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету, ауызсу құнын субсидиялау, сумен қамту жүйесін, су бұру жүйесін, су тазарту жүйесін жаңғырту жұмысы, сондай-ақ қолданыстағы желілерде кезең-кезеңмен жөндеу, жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
– Ақтау қаласына қатысты айтсақ, бірінші кезеңде «Ақтау қаласының 1 мен 6-шағын аудандар аралығында су құбыры, кәріз желілерін, кәріздік сорғы стансасын қайта жаңғырту» жөнінде 18 жоба іске асырылып жатыр. Жұмыс өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Қазір 18 жобаның ішінен 3 жобаның құрылыс-монтаж жұмысы аяқталып, қабылдау жұмысы жүргізілуде. Қалған жобалардың құрылыс-монтаж жұмысын биыл аяқтау жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 83%-дан 72%-ға, ал екінші кезеңде 7 мен 24-шағын аудандар аралығындағы желілерді жаңғырту нәтижесінде тозу деңгейі 72%-дан 53%-ға төмендейді. Жалпы, облыстағы сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 3 802,03 шақырым, су бұру желілерінің ұзындығы – 582,93 шақырым. Ақтау қаласындағы су желілерінің жалпы ұзындығы – 498,44 шақырым, су бұру желілерінің ұзындығы – 333,3 шақырым, – деді Серікқали Қанапин.
Басқарма басшысы айтқан бұл жұмыс биыл жыл соңына дейін жүзеге асып, қорытындыланғанда Маңғыстау облысында су желілерінің тозу деңгейі 31,59%-дан 29,9%-ға, су бұру желілерінің тозуы 56,59%-дан 49,6%-ға төмендейді. Өңірдегі ауызсумен қамту, жеткізу бағытындағы жұмыстың ауқымы мен сапасы, жаңашылдығы мен шешімі халық игілігіне қызмет ететін ең қажетті, ең өзекті мәселенің бірі.
Маңғыстау облысы