Тұран даласынан жойылып кеткен жолбарыс тұқымын қайта өсіру қолға алынды. Керқұланның үйірін көбейту шаруасы да жүйелі жүзеге асып келеді. Табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратын негізгі түрлерді қоршаған ортаға қайтара отырып, биологиялық алуантүрлілікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Ілгеріде Экология және табиғи ресурстар министрлігі Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында табиғатты қорғау бастамаларының бірі ретінде жолбарысты қайта жерсіндіруді қолға алды.
2017 жылы министрлік пен WWF арасында ынтымақтастық бекіп, Меморандумға қол қойылуы осы бағыттағы жұмыстардың серпін алуына жол ашты. 2018 жылы 415,2 мың гектар аумаққа «Іле – Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Қоршалған аумақта кордондар салынды, тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, сондай-ақ аумақты қорғау мен мониторинг жүргізудің инфрақұрылымы жақсартылды. Азықтық базаны нығайту мақсатында бұқар бұғысы мен құланға арналған вольерлер тұрғызылды. 2018–2023 жылдар аралығында 200-ден астам бұқар бұғысы әкелінді. Оларды резерват аумағына жіберген сәттен бастап қадағалау күшейтілді. Спутниктік қондырғылар тағылып, олардың таралу аймағын бақылау қолға алынды. 2022 жылдан бастап резерват аумағына 119 құлан жеткізіліп, олар табиғи ортаға тез жерсінді. Жылу оқшаулағышымен жабдықталған бақылау орталығы құрылып, ол күн батареяларымен қуатталып, спутниктік интернетпен қамтамасыз етілді.
Резерват аумағында 3,5 гектарға жолбарыстарға, ал 1 гектарға қабандарға арналған вольерлер, сондай-ақ қажетті жабдықтармен қамтылған ветеринарлық пункт салынды. Былтыр күзде Нидерландтағы Hoenderdaell хайуанаттар бағынан «Іле – Балқаш» резерватына екі бас, аталық пен аналық жолбарыс әкелінді. Сыйға тарту етілген түз тағысы мамандардың күнделікті бақылауында. Қорықшылар Еуропадан жеткізілген жолбарыстар шағылысып, күшіктеген соң олардың шөнжіктерін табиғи ортаға жіберуді жоспарлап отыр. Ұрпақ өрбітуші жұпты ғылыми, ағартушылық мақсатта визит-орталық жанындағы вольерде асырамақшы. Ұрғашы жолбарыс 3-тен 4 жасқа шыққаннан бастап 2-3 жылда бір рет күшіктейді. Шағылысқаннан кейін орта есеппен 103 күнде туады.
Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жөнінде еліміз Ресей Федерациясымен ынтымақтастық орнатып, Меморандум жасасты. Нәтижесінде, биыл екіжақты жұмыс тобының екі отырысы өтті. Кездесу барысында жолбарыстарды Тұран топырағында өсіру жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспары түзілді. Осы жоспарды жүзеге асыру мақсатында биыл Қарой ауылында аңдарға арналған орталық салынды. Қажетті техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, екі көлік, квадроцикл, қарда жүретін көлік, катер, аэроқайық, спутниктік байланыс, рациялар, GPS, түнгі көру құрылғылары, прожектор, жолбарыстың орнын анықтауға арналған антенна қабылдағышы, алғашқы көмек қобдишалары, жарық, дыбыс құралдары, пиротехникалық жабдықтар мен квадрокоптер бар. Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, енді Ресейден 3-4 бас жолбарысты әкелу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.
– Олар өздерінің жаңа ортасына жатсынбай тез үйренді. Көп уақыт тынығады, қалыпты тамақтанады әрі вольер кешенінің аумағында белсенді қозғалады. Жаз мезгілінде, аптап ыстықта жабайы жануарларға жайлылық орнату мақсатында суы тұщы арнайы бассейн жасалды. Күнделікті мониторинг жыртқыштардың денсаулығы мен мінез-құлқының оң динамикасын көрсетіп отыр. Олардың рационы жолбарыстардың табиғи қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді. Табиғатта ересек жолбарыс шамамен әр 7-10 күн сайын ірі жемтігін аулайды, бұл тәулігіне орта есеппен 6-8 кг етке тең. Сондықтан вольер жағдайында жолбарыстарға күн сайын 5-6 кг сиырдың жас еті беріледі. Бүгінге дейін ешқандай ауру белгісі тіркелген жоқ. Жолбарыстарға түрлі жұқпалы кеселге қарсы екпе толық салынып, ветеринарлардың тұрақты түрде бақылауында, – дейді «Іле – Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Жансерік Елубай.
Жолбарыстардың күнделікті жүріс-тұрысы тәулік бойы бейнебақылау камерасымен де қадағаланады. Ж.Елубай жолбарыстарды Богдана, Кума деп атайтындарын жеткізді.
Қазақ даласына құланды қайта жерсіндірудің тарихы тереңнен тамыр тартады, бұл игі іс 70 жылдан бері жалғасып келеді. ХХ ғасырдың орта шенінде бұл жабайы жануарлар еліміз аумағынан толықтай жойылып кетті. Кезінде КСРО-ға қараған елдерде тек Түрікменстандағы қорықта жүздеген бас қана сақталған еді. 1953 жылы дәл осы жерден Барсакелмес аралына жеті бас құлан әкелініп, даланың тағысын табиғатқа қайта қайтару жөніндегі жүйелі жұмыс басталды. Ғалымдар мен табиғатты қорғау ұйымдарының көпжылдық еңбегінің нәтижесінде, елімізде құлан популяциясы сәтті қалпына келтірілді. Бүгінде олардың саны 4,6 мың бастан асып, жануарлар қайтадан дала, шөлейт экожүйелерінде еркін жусап, өріп жүр. Құлан табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарып, өсімдік жамылғысын жаңартып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

– Тарпаң мінез жануарларды қайта қоныстандыру жұмыстары жалғасын тауып, былтыр 42 бас құлан «Іле – Балқаш» резерватына, сондай-ақ 24 бас керқұлан «Алтын дала» резерватына көшірілді. Биылғы күзде тағы 17 бас құлан «Іле – Балқашқа», 19 бас құлан «Алтын далаға» жеткізілді. Бұл шаралар жергілікті популяциялардың тұрақтылығын арттырып, құландар жойылып кеткен аймақтардағы табиғи байланыстарды қалпына келтіру бағытында қолға алынды, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Керқұланды қайта жерсіндіру жұмыстары салыстырмалы түрде жақында басталды. Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК), Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг, Берлин хайуанаттар бақтары, сондай-ақ Мажарстанның «Хортобадь» ұлттық паркімен бірлесе іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының базасында «Алиби» жабайы тұяқтыларды қайта жерсіндіру орталығы құрылды. Былтыр керқұланның алғашқы үйірі – 7 бас, биыл маусым айында екінші лекпен тағы 7 бас жеткізілді. Орталықтағы екі айғырдың үйірінде 12 бас бие бар. Барлық жануарлар кешенді ветеринарлық тексеруден өтіп, карантин мен өңірдің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделіп келеді. 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен 40 басқа дейін әкелу жоспарланып отыр.
– Жабайы жануар құланның популяциясы қалпына келтіріліп, қазірде аталған жануар түрін еліміздің басқа да аймақтарына ауыстыру шаралары қолға алынды. ХХ ғасырдың ортасында қазақ даласынан жойылып кетіп, қайта қалпына келтірілген кертағыны көбейтуде ғалымдар мен табиғат қорғау ұйымдарының мамандары жаңа технологиялар жетістіктерін пайдаланып отыр. Жерсіндіру жобасы шеңберінде табиғат қорғау мекемелерінің аумағына қоныстандырылған құландарды спутниктік бақылау қондырғылары орнатылып, спутниктік навигация құрылғыларымен жабдықталған автокөліктерді пайдаланамыз, – дейді «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары Серікболсын Құлжанов.
Маман жабайы жануарлар мониторингтік топтың бақылауында жіті қадағаланатынын да атап өтті.
Ірі сүтқоректілерді қайта жерсіндіру экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Тұяқтыларды табиғатқа қайтару жайылымдық жүктемені оңтайландыруға, далалардың тозуының алдын алуға зор серпін береді. Жабайы жан-жануар – иен даланың көркі ғана емес, киесі де.