Руханият • Бүгін, 08:25

Жас қаламгерлер һәм сенім серпілісі

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдарда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестіктің тамыры тереңдеп, ұлттың рухани дамуына серпін беретін жобалар жүзеге асырыла бастады. Сол бастамалардың ішіндегі «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы әдебиеттегі жаңа есімдердің танылуына зор мүмкіндік туғызып отыр.

Жас қаламгерлер һәм сенім серпілісі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңа­ру мен жаңғыру жолы» атты  Жолдауында қоғам­дық ұйымдардың қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, оларды «елдің орнықты және жан-жақты ілгерілеуінің маңызды факторы» деп бағалаған болатын. Мемлекет басшысы осылай үкімет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде қайта жаңғырту қажеттігін айқындап берді.

Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі Жазушы­лар одағының жұмысын жандан­ды­руға қолдау көрсетіп, ұлт әде­биетіне қатысты тұғырлы идея­лардың нақты жүзеге асуы­на мұрындық болып келе­ді. Атап айтсақ, «Жаңа Қазақ­стан­ның әдеби-танымдық панора­ма­сы», «Жазушылардың әдеби ше­берлік мектебі», сон­дай-ақ «ТМД елдерінің архив­те­рін­дегі қазақстандық жазу­шы­ларға қатысты зерттеу жұ­мыстарын жүргізу» атты үш жоба әдебиетіміздің дамуына жол ашып, рухани құн­ды­лық­тарымызды жаңғыртуға және қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттыруға мол мүм­кін­дік беріп отыр. Аталған үш ірі жобаның ішіндегі «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы – еліміздің жаңа тарихи кезеңіндегі әдеби ой мен көркемсөздің өрісін ке­ңейтуді мақсат тұтқан ерекше бастама. Аталған бағдарламаны еліміздің қоғамдық, мәдени тынысын, өңірлердің рухани келбетін, табиғаты мен тарихын, адамдары мен тағдырларын көркем туынды тілімен бейнелей­тін іргелі әдеби экспедиция деуге де болады.

Жоба аясында жас қаламгер­лер еліміздің түкпір-түкпірін аралап, та­лантты ақын-жазушы­лар ту­ған өлкенің қасиетті то­пырағын басып, өңірлердің болмысын, тыныс-тіршілігін, табиғи келбетін, тарихи шежіресін өз шығармаларына арқау етіп ке­леді. Осылай әдебиет табал­дырығын енді аттаған жас өрендер әр өңірдің өзіндік бояуы­ мен рухын көркем тілмен өрнектеп, жер-су атау­лары мен аңыз-әпсаналарын қайта жаң­ғыртып, әдебиет арқылы ұлт­тық сана мен мәдени зердені те­реңдетуге өз үлестерін қосып жа­тыр. Мәселен, 2024 жылы жо­баның алғашқы кезеңі табыс­ты жүзеге асып, 20 әдеби жинақ жарық көрді. Бұл еңбектерде елі­міздің 17 облысы мен 3 рес­публикалық маңызы бар қаланың әдеби-танымдық бейнесі көрініс тапты. Әр жинақ – бір өңірдің рухани төлқұжаты секілді: онда сол аймақтың тарихы, мәдениеті, адамдары мен табиғи сұлулығы әдеби тілмен кестеленді.

Ал 2025 жылы жоба өз жалғасын тауып, болашағынан үміт күттіретін 20 жас қалам­гер­дің шығармалары жарыққа шық­пақ. Атап айтсақ, 8 туынды – проза жанрында (Абай Аймағамбетов, Қызылорда – «Толқынды күткен бала»; Са­бина Сайлаубай, Павлодар – «Мизамшуақ»; Жақсылық Мұрат­бек, Шымкент – «Аспаны жақын ауылдың...»;  Феруза Мә­дениет, Астана  – «Аққалам»;  Нұр­бек Нұржан, Шығыс Қазақстан облысы –  «Бесінші  қабаттағы үй»; Темірлан Қылышбек, Жамбыл облысы – «Тырналар мекені»;  Биболат Сәтжан, Қос­танай –  «Тобыл ойшылы»; Асы­лан Қуанышұлы, Атырау – «Кіш­кентай»); 12 шығарма – поэзия (Азамат Әбілқайыр, Ақтө­бе – «Құдырет»; Қарлығаш Қа­бай, Маңғыстау – «Көлеңкесіне кез болған кесіртке»; Еділбек Дүйсенов, Алматы – «Аспан»; Меңдібек Лұқпанов, Батыс Қазақстан облысы  –  Кешіккен көктем»; Ділдә Уәлибек, Абай облысы – «Дегелең»; Тілеубек  Батыс, Ақмола – «Сал Көкше»;  Айзада Рахымжанова, Ұлытау облысы – Сарыарқаның жаңбыры»; Еламан Әшім, Қарағанды – «Сапарбастау»;  Әділет Шопен, Солтүстік Қазақстан облысы –  «Тү­сімен салынған үй»; Мұхтар Кү­місбек, Алматы облысы –  «Жа­нардағы жан бояуы»; Батырхан Сәрсенхан, Түркістан облысы – «Жасыл құс»;  Дәурен Тілеухан, Жетісу облысы – «Нәзік түндегі Ноктюрн») түрінде жазылған.

Жоба шарты бойынша әрбір қаламгерге белгілі бір өңірдің тыныс-тіршілігін, өмір салты мен рухани келбетін көркем туынды арқылы бейнелеу міндеттеледі. Осылай қаламгерлер тұтас өңірдің болмысын, елдік рухын, адам мен табиғаттың байланысын проза немесе поэзия тілімен өрнектейді. Нәтижесінде, екі жыл ішінде поэзия, проза, баллада, хикаят, спектакль және балалар әдебиеті жанрларында ондаған тың туынды дүниеге келіп, жалпы елдің жаңа әдеби картасы түзілді.

Жобаға қатысушы қаламгер­лер шығармалары­нан әрқайсы­сы­ның  өңірлік ерекшелігі мен тақы­рыптық тереңдігі ай­қын сезіледі.  Мысалы, Абай Ай­мағамбетовтің «Толқынды күт­кен бала» атты прозалық туын­дысы Қызылорданың кең даласы мен Сырдың тылсым сырын бала көзқарасы арқылы өріп, туған жерге деген нәзік са­ғынышты бейнелесе, Азамат Әбілқайырдың «Құдірет» поэ­зиясы Ақтөбе топырағының қуатты рухын, ұлттың биік намысын дәріптейді. Қарлығаш Қабайдың «Көлеңкесіне кез бол­ған кесіртке» атты жи­нағын­да Маңғыстау өңірінің табиғаты мен адам тағдырының философиялық үйлесімі көрініс тапқан. Еділбек Дүйсеновтің «Аспаны» – Алматының рухани кеңістігін, ал Меңдібек Лұқпановтың «Кешіккен көктемі» – Батыс Қазақстанның тағдырлы тарихы мен бүгінгі болмысын жыр етеді. Сол секілді Сабина Сайлаубайдың «Мизамшуақ» романы Павлодардың өткені мен бүгініне терең бойлап, ұлттық болмыс пен заманауи сананың тоғысын суреттейді. Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың…» атты прозасы Шымкент өңірі адамдарының жан әлемін, күнделікті тіршіліктегі қарапайым қуаныш пен рух биігін бейнелесе, Тілеубек Батыстың «Сал Көкшесі» – Ақмоланың поэтикалық портретін сомдайды.

Осылайша, әр өңірдің тынысы мен тағдыры, табиғаты мен тарихы жиырма түрлі жүректің қаламынан жиырма түрлі бояумен өріліп шықты.

Жобадағы қаламгерлердің бәрі – жас буын. Олар өздеріне сеніп тапсырылған өлкелердің қасиетті топырағын басып, ел мен жер тарихына терең үңілді, аңыз-әңгімелер мен жергілікті деректерді жинады. Нәтижесінде, бүгінгі күннің келбеті мен ұлттық санадағы жаңғыру үрдісі көркем тілмен өрнектеліп, болашаққа аманат болатын әдеби ескерткішке айналды. Сонымен қатар бұл жоба бір ғана шығармашылық бәйге емес, сонымен бірге жастарды тыңдай білу мәдениетін қайта жандандырудың үлгісі болып отыр. Шынында, жас қалам иесін тыңдау – өзіңнің болашағыңа көз тастау, жаңа ой мен жаңа үнге жол ашу деген сөз.

Көп жағдайда жастардың пікірі, олардың көзқарасы елеусіз қалып жатады. Ал бұл жоба сол бір ескі стереотипті бұзды. Өйткені Абайдың «тосып сөйлеу» қағидасы дәл осындай тыңдаудан, зерделеуден, кейінгі буынға сенім артудан басталады.

Жас қалам иелері тек жазып қана қойған жоқ, өңірлердің мәдени, тарихи, рухани қазына­ла­рын қайта тірілтті. Олардың әрбір шығармасы – бір-бір өңір­дің көркем шежіресі, әдеби картасы іспетті. Қорыта айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы – тек шығармашылық бас­тама емес, ұлт руханиятын жаң­ғыртудың, әдебиет арқылы ел жандануына үлес қосудың жарқын көрінісі. Бұл – жаңа заман әдебиетінің жаңа тынысы, Жаңа Қазақстан рухының әдеби өрнегі.

Соңғы жаңалықтар