Саясат • Кеше

Қазақстан – Иран: Ырысқа бастайтын ынтымақтастық

30 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан елімізге ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада шетелдік әріптесін ресми түрде қарсы алып, мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, екі елдің әнұрандары орындалды.

Қазақстан – Иран: Ырысқа бастайтын ынтымақтастық

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Екі ел арасында шешілмеген түйткіл жоқ

Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Прези­денті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді.

«Аса құрметті Президент мырза, Қазақ­станға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақ­та «Көрші тату болса – құт» деген жақ­сы сөз бар. Екі елді қарт Кас­пий байланыстырады. Қазақстан Иран­ды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шы­ғыс­тағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындық­тарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы – ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Ықпалдастығымыз ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ елі әр­дайым Иранды қолдайды, арамыз­да еш­қандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мә­селе жоқ. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, Үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалуда, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл – әрине, өте жақсы жетістік. Бірақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет. Мен үш жыл бұрын Иранға ресми сапармен барып қайттым. Бұл сапарымның нәтижесінде ықпалдастығымыз тың серпінмен дами бастады деп айтуға болады», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орайлы мүмкін­дікті пайдаланып, Иранның Жоғары көсемі Аятолла Әли Хаменеиге сәлемін жолдады.

Масуд Пезешкиан қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осы сапарда екіжақты байланыстар тың серпін алатынына сенімді екенін жеткізді.

«Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуа­ныш­тымын. Көптеген бағытта ынты­мақ­тастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын», деді Иран Президенті.

 

Өзара тауар айналымы 40%-ға өсті

Бұдан кейін Қазақстан мен Иран прези­денттерінің келіссөзі екі ел делега­цияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Каспий аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде Иранмен ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

«Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комис­сия белсенді жұмыс атқаруда. Парла­ментаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, 50-ден аса келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз», деді Президент.

мм

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қаты­нас­­тары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.

«Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақ­стан­мен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойыл­ған. Көптеген халықаралық және аймақ­тық мәселелер бойынша қос мемлекет­тің ұстанымы ұқсас. Еуразия­лық эконо­ми­калық одақ, Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы ая­сында тығыз әрекет етеміз. Бұл бағытт­ағы жұмысты күшейту – ортақ міндет. Қазақ­станмен арадағы тауар айналымы 40 па­йызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 млрд долларға дейін жеткізу­ге уағдалас­қан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразия­­лық экономикалық одақ арасында жасал­ған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-эко­номикалық байланыстарын кеңейту­ге берік негіз қалайды», деді Иран Президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық келешегі қарастырылды.

«Өзара тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Дегенмен сауда-сат­тық­ты әртараптандыру мәселесін ойлас­т­ыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашы­лығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, меди­цина және озық технологиялар сала­ларындағы қарым-қатынасты жанда­н­дыру қажет. Бүгін қол қойылатын құ­жат­­тар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, еліміз Иранға жалпы құны кемінде 200 млн доллар болатын тауар тасымалдауға дайын. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеран­да Қазақстанның Сауда үйін ашу баста­ма­сына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңес­тің жұмысын жандандырудың, Қазақ­стан – Иран бірлескен сауда-өнеркә­сіп палатасының әлеуетін толық пайдалану­дың маңызын атап өтті.

Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 млн доллар тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр. Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.

Тараптар Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан-Иран теміржолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Биылғы 10 айдың нәтижесінде аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстыр­ғанда 53 пайызға артқан. Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруа­шылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру келешегіне назар аударылды.

Екі ел басшылары мәдени-гуманитар­лық байланыстарды жандандыру мәсе­лесін де қозғады.

«Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарас­тырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар екі елдің рухани құндылық­тарын кеңінен таныстыру үшін алдағы жылдары Мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.

иран

 

Салаларды жақындастырған сегіз құжат

Қазақстан және Иран президенттері­нің қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

  1. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қыл­мыс­тық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт;
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктерді автокөлік арқылы халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Иран Ислам Рес­пуб­ликасы Сыртқы істер министр­лігі ара­сындағы ынтымақтастық бағдарламасы;
  4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;
  5. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Иран Ислам Респуб­ликасы Актілерді және жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі мемлекеттік ұйымы арасында зияткерлік меншік саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасы Көлік ми­нистрлігі мен Иран Ислам Респуб­ликасы Жол және қала құрылысы ми­нистрлігі арасындағы көлік, транзит және логис­тика салалары бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Денсаулық сақтау және меди­­циналық білім беру министрлігі ара­сындағы денсаулық сақтау саласы бо­йынша ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентiнiң телерадио кешенi» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мен Иран Ислам Республикасы радиохабар тарату және телевизия ұйымы арасын­дағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.

 

Таяу Шығыс пен Африкаға шығатын «қақпа»

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті Иран Ислам Рес­публикасын халықаралық деңгейде бе­делі зор мемлекет әрі еліміздің Орта Шы­ғыс­­т­ағы сенімді серіктесі ретінде атады.

«Бауырлас қос халықтың тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі және мәдениеті – ұқсас. Қолымда бірқатар тарихи дерек бар. Мысалы, Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткен. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті. Иран мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің шеберханасында жасалған. Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды. Олардың арасында: астана, пайда, көрпе, дәурен, дәрі, дәрумен, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүс­тігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан аса қазақтар тұрады. Фирдоусидың «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Саади сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған. Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері XVІІI ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналған. Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ халқы парсы жұртын ежелгі өркениеттің заңды мұрагері ретінде жақсы білетінін жеткізді.

ир

«Елдеріңіз Таяу Шығыс пен Еуразия­ны жалғап тұр. Кейінгі жылдары Иран­ның әлеуметтік-экономикалық және ғылы­ми-техникалық әлеуеті артып келеді. Бұл Сіздің және Иран басшылығының қажыр­лы еңбегі мен салиқалы саясатының нәти­жесі деп білеміз. Қазақстан Иранның жетіс­тіктеріне әрдайым қуанады, бола­ша­ғының жарқын болуын тілейді. Халық­тарымыздың ынтымағын бекемдей түсу және табыстарын еселеу – біздің ортақ мақсатымыз. Қазіргідей алмағайып заманда күш біріктірудің маңызы зор екені сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударып, осы сапардың нәтижесінде өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

«Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда нәтижелі келіссөздер өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды талқыладық. Қос тарап маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойды. Иран – Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда. Кәсіпкер­леріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз сенімді серіктес ретінде шетелдік инвесторларды қолдауға, оларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Осы ретте Иран компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасында көлік-логистика сала­сын­дағы байланысты күшейтуге мол мүмкіндік бар.

«Біз елдеріміздің стратегиялық тұр­ғыдан ұтымды жерде орналасқанын тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 па­йызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін және Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытын дамытудың мән-маңы­зы ерекше. Бұл – екі елдің мүддесіне сай ке­летін маңызды жоба. Қазақстан темір­жолдарды жаңғырту, көлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін кеме қатынасын жандандыру жұмысын қолға алды. Иран инвесторларын осы баста­маларға атсалысуға шақырдық. Қызығу­шылық білдірген жеке сектор өкілдеріне арнайы ұсыныстар дайындап, қолайлы жағдай жасауға әзірміз. Біз Иранды Оңтүстік-Шығыс Азияға және Африка құрлы­ғына шығатын «қақпа» ретінде қарас­тырамыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иран басшылығына Бандар-Аббас қаласын­дағы Шахид Раджаи портынан Қазақ­станға жер телімін бергені үшін шы­на­­йы ри­за­шылығымды білдірдім. Бұл қадам екі ел ықпалдастығын одан әрі ны­ғай­та тү­сетіні сөзсіз», деді Қазақстан Президенті.

 

Алыс-берісті өрістетуге мүмкіндік мол

Мемлекет басшысы өңіраралық байланыстар өзара ынтымақтастығымызға тың серпін беруге тиіс деп санайды.

«Қазір Қазақстанның бірқатар облысы мен Иранның провинциялары арасында серіктестік қатынас орнаған. Біз Иран кәсіпкерлерінің Маңғыстау облысы аумағында бірлескен еркін экономикалық аймақ құру туралы ұсынысын құптаймыз. Бұл қадам Қазақстанда Иран шикізатынан дайын өнім жасауға, оны аймақ елдеріне таратуға мүмкіндік береді деп сенеміз»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашы­лығын ынтымақтастықтың маңызды саласының бірі ретінде атап өтті.

«Қазақстан Иран нарығына астық және басқа да дәнді-дақыл тасымалдайды. Мысалы, былтыр 500 мыңнан аса тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндігіміз бар. Осы мәселені Масуд Пезешкиан мырзамен жан-жақты талқыладық. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыруға және өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса мән беріп отыр. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану, осы салаға жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін басқару­дың заманауи әдістерін қолдану үшін өзара тәжірибе алмасуға келістік», деді Мемлекет басшысы.

Тараптар келіссөздер барысында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп, заман талабына сай ІТ шешімдер қабылдау және ғылыми ізденісті тереңдету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гума­ни­тарлық байланыс қашанда екі ел қарым-қатынасының алтын көпірі саналатынына тоқталды.

«Жоғары мәртебелі Масуд Пезешкиан бастаған құрметті қонақтарымыз Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда XVІІI ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениеті туралы құнды деректер бар. Бұл құжаттар ғалымдарымызға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы ретте мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министріне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сондай-ақ біз Иран тарапымен бірлесе отырып, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық», деді Қазақстан Президенті.

ирр

Келіссөздер барысында білім және ғылым саласындағы ықпалдастықты күшейту жолдары да талқыланған. Бұл орайда екі елдің медицина қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру және жетістіктерімен бөлісу мәселелерін ойластырмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масуд Пезеш­киан­мен халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.

«Қарулы қақтығыстардың, санкция­лық қысымдар мен сауда соғыстарының ушыға түскеніне алаңдаушылық білдір­дік. Халықаралық ұйымдардың беде­лі төмендеп кеткеніне қатысты ой бөліс­тік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін ілгерілету және әділдік қағидаттарына берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Біз барлық текетірестер мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ықпал­дастығын алдағы уақытта да жалғас­тыра береді», деді  Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Иранның кеңейтілген серіктестігін нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Бұл орайда тараптар өзара достық пен бауырластыққа негіз­делген байланыстарды бекемдей береді.

Иран Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

«Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий теңізі арқылы шектесетін көршіміз. Жоғары мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Біз көптеген бағыттағы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет, жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көреміз деп ойлаймын. Халықаралық мәселелерде екі елдің ұстанымдары ортақ», деді Масуд Пезешкиан.

 

Қазақ тарихына қатысты құнды деректер

Президенттер Иран архивінен табыл­ған қазақ тарихына қатысты көне қол­жазбалар көрмесін тамашалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезеш­киан­ның назарына Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министр­лігінің мұрағатынан алынған 27 қолжаз­баның көшірмесі ұсынылды.

XVIII–XIX ғасырларда қазақ даласында болған қоғамдық-саяси оқиғаларға қатыс­ты құнды деректерді қамтитын жәді­герлер алғаш рет көрсетіліп отыр. Бұл құжаттар Қазақстан мен Иранның терең тарихи байланысын дәлелдей түседі.

Мемлекет басшысы қазақ тарихына қатысты деректермен бөліскені үшін Масуд Пезешкианға алғыс айтты.

«Бұл – өте құнды сыйлық. Біз мін­детті түрде қазақ қауымына бұл көр­мені көрсетеміз, бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын білмеген тарихи деректер бар екен. Қазақ халқына пайдалы болады деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жүк тасымалы екі есе артады

Қазақстан – Иран бизнес форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-иран қарым-қатынасын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан Президент Масуд Пезешкианға алғыс айтты. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы алыс-берістің қарқыны жоғары екенін, бүгінгі іс-шара экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түсетінін жеткізді.

«Былтыр сауда-саттығымыз 340 млн доллардан асқан болатын. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен, 1 млрд долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 млрд долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Осы орайда Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жөніндегі бастаманың маңызы зор. Бұл бастама отандық өнімдерді Иран нарығына жүйелі түрде жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Инвестиция саласындағы байланысымыз күшейіп келеді. Кейінгі 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 млн доллардан аса инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден аса кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі басқосу осындай кәсіпорындардың қатарын көбейтуге септігін тигізеді деп сенеміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, экономика­лық ықпалдастықты нығайту жолында Қазақ­стан – Иран үкіметаралық комис­сия­сы айрықша рөл атқаруға тиіс. Еліміз­де инвес­торларға қолайлы орта қалып­тас­тыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Арнайы Инвестициялық штаб құрыл­ды. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс іс­тейтін Ұлттық цифрлық платформа қол­данысқа енгізіліп жатыр. Қазақстан Иранмен бірлесіп, түрлі жобалар әзірлеуге дайын.

Мемлекет басшысы екі елдің ықпал­дас­тығын дамытуға тың серпін беретін салаларға тоқталды. Соның ішінде көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайту өте өзекті.

– Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі негіз­гі көлік-логистика хабының бірі. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасы­малының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Қазақстан транзиттік әлеуе­тін одан әрі арттыруға баса мән береді. Сондықтан біз Иранды аса маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Осы ретте порт терминалдарын дамыту, логистиканы жетілдіру және транзиттік жүк көлемін ұлғайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын­быз. Қазірдің өзінде ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, еліміз Шахид Раджаи портында көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Қазақстан тауарларын әлем нарықтарына тікелей жеткізуге жол ашады. Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодаль­ді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін. Ал мұның экономикалық әсері зор болатыны анық. Аймақтағы сауда-саттықтың жандануы жаңа индустриялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сервистік орталықтар мен өндіріс алаңдарын ашуға жағдай жасайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашы­лығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды.

«Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агро­өнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 млн долларға жетті. Ал биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 млн долларға жуықтады. Біз ауыл шаруашылығына инвестиция салатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Иранның «Solico Group» компаниясын ерекше атап өтуге болады. Бұл компания елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы. Бұған қоса «Kourosh Food Industry» компаниясы Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Осы компания елімізде өсімдік майын шығаратын және құс шаруашылығын дамытатын кәсіпорындар ашқысы келеді. Тағы да атап өткім келеді: біз ынтымақтастық орнатуға қашанда дайынбыз. Сондықтан Иран кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеу­ге, Қазақстанда заманауи өндірістер ашуға ша­қырамын», деді Мемлекет басшысы.

 

Каспийдің тағдыры – ортақ мәселе

Президент Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалуға баса мән берді.

«Каспий теңізінің тағдыры – өте өзекті мәселе. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Осы орайда Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет етуіміз керек. Оған қоса Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Аталған іс-шаралар Каспий теңізіне қатысты түйткілді жан-жақты қарап, тиімді шешім табуға септігін тигізеді. Ирандық әріптестерімізді осы бастамаларға белсене атсалысуға шақырамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті.

«Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ жасанды ин­тел­лект технологиясын кеңінен қол­даныс­қа енгізу үшін ауқымды жұмыс істе­луде. Алдағы үш жылдың ішінде нағыз цифр­лық ел боламыз деген айқын мақ­са­тымыз бар. Осыған орай, аймақта бірін­ші болып Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырмыз. Менің Жарлығыммен Алатауға даму қарқыны озық қала мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Иран компанияларымен тығыз байланыс орнатамыз деп сенеміз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран жаңа ықпалдастық кезеңіне қадам басқанын, елдеріміз сауда, инвестиция, логистика және технология салаларындағы эконо­микалық серіктестіктің негізін қалап жат­қанын айта келіп, бұл форум екі ел ара­сындағы қарым-қатынасты дамы­туға айрықша серпін беретініне сенім білдірді.

Форумда сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан бұл кездесу қос халықтың ғасырлар­дан тамыр тартатын достығының көрінісі ғана емес, әлеуметтік-экономика­лық қарым-қатынасын дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.

«Екі ел кәсіпкерлері бірқатар перспек­тивті бағытта ынтымақтас­тық орнатты. Атап айтқанда, Иран – Қазақ­стан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруа­шы­лығы өнімдеріне арналған қойма­лар мен тарату орталығын ашуға, Қазақ­станда тағам өнімдерін және қағаз қапта­ма­ларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материал­дарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласты. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнат­тық. Біз Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейс­терін дамытуды, кәсіпкерлерге виза ре­жимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көр­мелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдаймыз», деді Масуд Пезешкиан. 

Соңғы жаңалықтар

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025

Қобыз бен киіз үй ЮНЕСКО тізіміне енді

Мәдениет • 11 Желтоқсан, 2025

Иран Президенті Жүрек орталығына барды

Денсаулық • 11 Желтоқсан, 2025

Оралдан Ташкентке әуе рейсі ашылады

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025