2025 жылғы 12 желтоқсанда кешкі уақытта Павлодар облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді, - делінген хабарламада.
Сағат 20:20-да қабылданған шешімге сәйкес, мына учаскелер уақытша жабылды:
- «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 200–308 шақырымы (Ақмола облысының шекарасы – Екібастұз қаласы);
- «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 1135–1206 шақырымы (Қарағанды облысының шекарасы – Шідерті ауылы).
Павлодар облысындағы қолайсыз ауа райы Қарағанды облысының да жол қозғалысына әсер етті. Сағат 20:30-да осы жағдайға байланысты республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының Қарағанды облысы аумағындағы 1067–1135 шақырым аралығы
(Молодежный ауылы – Павлодар облысының шекарасы) жабылғаны хабарланды.
Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 159–200 шақырымы аралығында (Ерейментау қаласы - Павлодар облысының шекарасы) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады.
Құзырлы органдардың мәліметінше, барлық аталған учаскелерді 2025 жылғы 13 желтоқсан сағат 06:00-де ашу жоспарланып отыр.
Жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдырып, ауа райы мен жол жағдайына қатысты ресми ақпараттарды бақылап отыру ұсынылады.