«Таза Қазақстан» • Кеше

Қала тазылығының насихатшылары марапатталды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектелуі серіктестігі бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлер арасында байқау жарияланған еді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Таза сана – Таза қала» атауымен ұйымдас­тырылған байқаудың қорытындысы шығып, бір топ журналист жүлделі болды.

Қала тазылығының насихатшылары марапатталды

Байқаудың бас­ты мақсаты – бас қала­дағы тазалық пен тәр­тіпті қамтамасыз етіп жүр­ген коммуналдық сала қыз­меткерлерінің еңбегін наси­хаттау, жұмысшы мамандық­тарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ елорданың, оның шет аймақтары мен елді ме­кендерінің санитарлық жағ­дайын қамтамасыз ету та­қы­рыбын ашып жазу, көрсету. Байқаудың талабы бойынша, журналистер мен бло­герлер 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында БАҚ құралдарында немесе әлеуметтік желіде жариялаған материалдарын ұсынды. Жалпы, ұйымдас­тыру­шылар алқа­сына 122 журналист пен блогер қала тазалығына жауапты мамандардың ақ адал еңбегін паш еткен 150-ден астам материал жолдаған екен.

Байқау жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов:

– Жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамдарының жұмысын насихаттау – жалпы қоғамның міндеті деп бі­леміз. Соның ішінде қаланың күл-қоқысын жинап, сыртқа шығарып, көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарлар мен басқа да қоғамдық орындарды тазалап, күн-түн демей қоғам үшін еңбек ететін қарапайым жұмысшыларды үлгі етіп жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Жыл басынан бері «Астана Тазалық» серіктестігі туралы ақпарат кеңістігінде 487 материал жарық көріпті. Соның 370-і қарапайым қыз­меткерлер туралы екен. Яғни БАҚ өкілдері күн сайын кемі бір жұмысшының еңбегін елге көрсетіп отырды деген сөз. Бұл – үлкен еңбек», – деп атап өтті.

Байқауға ұсынылған жұмыс­тарды саралап, жеңімпаз­дарды анықтау мақсатында тәуелсіз комиссия құрылған. Комиссия мүшелерінің шешімімен «Баспа басылымындағы үздік мақала», «Үздік телевизиялық материал», «Әлеуметтік желі­лердегі үздік жарияланым», «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Жүл­де алған журналистердің қата­рында газетіміздің Әлеу­мет және спорт бөлімінің тілшісі Сәнді­бек Асанәлі де бар. Әріптесіміз «Баспа басылымындағы үздік мақала» аталымында жүлдегер атанды. Сонымен қатар «Казахстанская правда» газетінің бөлім редакторы Әсел Мұқанова арнайы сыйлыққа ие болды.