Бокс • Бүгін, 08:15

Әлем чемпионатынан – алты медаль

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дубайда (БАӘ) ерлер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне таяды. Төрткүл дүниеден жиналған былғары қолғап шеберлері бәйгесі қомақты доданың жүлделері үшін тартысқа түсіп жатыр. Бүгін финалдық жекпе-жектер өтеді.

Әлем чемпионатынан – алты медаль

Сурет: baq.kz

Барлық салмақ дәре­же­сінде (13) төрт көзі тү­гел жартылай финалға жеткен тек Ресей құ­рамасы ғана. Біздің жеті жампозымыз жүлдеге сынық сүйем жетпей доданы доғарса, алты саңлақ жүлдегерлер санатына қосылды.

Өкінішке қарай, Серік Темір­жанов (60 кг) тәжікстандық Акмал Убайдовтан 0:5, Ерасыл Жақ­пеков (80 кг) ресейлік Жамболат Бижамовтан 1:4, Дәулет Төле­місов (86 кг) әлем чемпионы өзбек боксшысы Акмалжон Исроиловтан 0:5 есебімен жеңіл­ді. 92 кг салмақта сынға түскен Нұрмағамед Юсупов испан боксшысы Эмануэль Рейестен аса алмады. Аса ауыр салмақта сынға түскен Нұрлан Сапарбай Армения өкілі Давид Чалояннан жеңілді. Әлемдік аламанға қо­сылған боксшыларымыздың ішінде Санатәлі Төлтаевқа (67 кг) да зор сенім артылған еді. Бұған дейін талай додаға түсіп, шыңдалған боксшы, Париж жазғы Олимпиадасының жеңім­пазы, екі дүркін әлем чемпионы өзбекстандық Асахужа Му­дин­хужаевқа есе жіберді. 51 кг салмақта додаға қосылған Да­ниял Сәбит замбиялық Патрик Чинембадан жеңілді.

Жартылай финалға шыққан алты боксшымыздың төртеуі финалға өтті. Енді олар алтын медаль үшін тартысқа түседі. Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 кг) ресейлік Эдмонд Худоянмен күш сынасып, 0:5 есебімен есе жіберді. Осылайша, 37 жастағы Теміртас Дубайдан қола медальмен оралды. Әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (54 кг) Непал боксшысы Чандра Бахадүрді талассыз жеңді. Енді екі дүркін әлем чемпионы атағы үшін ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасады. 57 кг салмақта Оразбек Асылқұлов финалға шығар жолда Ресей боксшысы Андрей Пегливанянды жеңді. Соңғы сында тәжікстандық Хусравхон Рахимовпен айқасады. Ертуған Зейнулинов (63,5 кг) Ресей боксшысы Илья Поповпен жұдырықтасқан, төрешілер 3:4 есебін тіркеп, қарсыласын финалға өткізді. Әлем чемпио­натының үш дүркін қола жүл­дегері Абылайхан Жүсіпов (71 кг) қырғызстандық Ихтияр Нишоновты (5:0) айқын ұтты. Қазақ боксшыларының ішінде әлем чемпионатынан төрт мәрте жүлде алған тек Серік Сәпиев қана еді. Сол биікке Абылайхан да ат байлап, финалға шықты. Енді ресейлік Сергей Колденковты еңсерсе, алтын медальға ие болады. Ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш қатыс­қан Сабыржан Аққалықов (75 кг) жартылай финалда өзбекстандық Фазлиддин Ер­кинбовпен жұдырықтасуға тиіс еді. Өзбекстандық тарап айқастан бас тартты. Енді жерлесіміз әлем чемпионы атағын иелену үшін Исмаил Муцольговпен (Ресей) күш сынасады.

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07