Саясат • Бүгін, 09:28

БҰҰ-ның үш талабы және Қазақстанның интеграциялық бастамалары

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Ауған мәселесі әлі де әлем назарында тұр. Қуантарлығы, ақыры билікті қолына алған тәлібтер халқын қан қақсатқан қарулы қақтығыстарымен емес, бейбіт өмірге, тыныш заманға ұмтылған гуманитарлық қадамдарымен жаһанға ұнай бастады. Ашық дипломатиясыз, алыс-беріссіз алға жылжу екіталай екенін түсінген олар алыс-жақын көршілерімен араласуға кірісті. Бұл ретте БҰҰ бас­тамалары аясында Қазақстан да ауған елінің аяққа тұрып, экономикасының күш алуына барынша үлес қосып отыр.

БҰҰ-ның үш талабы және Қазақстанның интеграциялық бастамалары

Кейінгі 50 жылда азаматтық соғыстан, берекені алған қақты­ғыстардан елдің халқы да, билігі де, қала берді қолдан әскери де саяси дағдарыс туғызып келген тәліптер де әбден қажыды. Дегеніне жетіп, ел билігіне келген тәліптер өзге елдерге ашықтық саясатын ұсынып, интеграцияға қадам басты. Бірақ одан жағдай оңалып кетті деуге әлі ерте. Бір жылдары аштықтың «аулына барып қайтқан» Ауғанстан халқы да әлемнің көмегіне мұқтаж халде отыр. Себебі гуманитарлық дағдарыс жағдайында күн кешіп отыр­ған бұл елде білім беру, ме­дицина жүйесі, адам құқы­ғы мүлдем құрдымға кеткен. Экономиканың қай секторын алсаң да жоқшылықтан бас көте­ре алмай тұр. Сондықтан Ауғанс­танның аяққа тұруына Біріккен Ұлттар Ұйымы барынша ықпал етіп келеді.

10 желтоқсан күні Нью-Йоркте өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Ауғанстандағы апаттық гуманитарлық жағдай туралы айтылды. Онда БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер Ауғанстан қазіргі заманның ең ауқымды гуманитарлық дағдарыстарының бірін бастан кешіріп жатқанын мәлімдеді.

БҰҰ мінберінде айтылған цифрларды сөйлетсек, келер жылы 22 миллионға жуық ауған­стандыққа көмек қажет екені белгілі болып отыр. Бұл көрсет­кіш Ауғанстанды дүние жүзіндегі ең қиын жағдайдағы елдер қата­рында Судан мен Йеменнен кейін үшінші орынға шығарды. БҰҰ 17,5 миллион ауған азаматына көмек көрсету үшін 1,7 млрд доллар сұрап отыр, оның ішінде 375,9 млн доллар аса ауыр жағ­дайда күнелтіп отырған 3,9 млн адамға шұғыл қажет.

Ауғанстанда алғаш рет төрт жыл ішінде аштыққа ұшыра­ғандар саны өсіп, 17,4 миллион адамға жетті. Биыл елге 2,6 млн босқын, ал соңғы екі жылда 4 млн-нан аса адам қайтып келген. Көбі – әйелдер мен балалар. Бірақ олар білім алып, жұмыс табуда және медицинаға қол жеткізуде қатаң шектеулерге тап болып отыр. Ол аз десеңіз, биыл тамыз және қараша айларындағы екі жойқын жер сілкінісі, сондай-ақ 3,4 млн адамды қамтыған құрғақшы­лық елді одан әрі титықтатып барады.

Флетчер әйелдердің гумани­тарлық ұйымдарда жұмыс  іс­теуі­не тыйым салынуы көмекті жеткі­зуді айтарлықтай қиындатқанын атап өтті. Қаржының жетіспеуі де жағдайды ауырлатып, азық-түлік көмегін тек 1 млн адам ғана ал­ған (өткен жылы – 5,6 млн). Ал 305 тамақтандыру пункті мен 422 медициналық орталықтың жабылуы жығылғанға жұдырық болып тиіп отыр. Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында осы цифрларды жайып сал­ған Том Флетчер БҰҰ-дан үш мәселені қолдауды сұрады.

Алдымен гуманитарлық ерекшелікті сақтап қалуға баса мән берді (БҰҰ ҚК 2615-резолюциясы), екіншіден, әйел қыз­меткерлерге қойылған шек­теу­лерді алып тастауды атап өтті, одан кейін гумани­тарлық жос­парды жоспар күйін­де қалдыр­май, оны қаржылан­дыруды ұсынды.

Жиында Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы басшысының міндетін атқару­шы Жоржет Ганьон да жағдай­дың өте күрделі екенін, үлкен ауқымдағы халықаралық қол­дау керектігін айтты. Оның айтуын­ша, әйелдер мен қыздардың қо­ғамдық өмірден толықтай шеттетіліп жатқаны, білім алуға тыйым салуы Ауғанстанды болашақ мамандардан айырып, өз тағдырына өзі балта шауып отыр. Ал медиа еркіндігі туралы айтпаса да түсінікті. Одан қалса, жақында елдегі интернет пен байланыс өшірілген. Салдарынан халық медициналық, банктік және гуманитарлық көмекке қол жеткізе алмай, сарсаңға түс­кен. Алайда бұл шешімнің зардабын билік тарабының өздері де тартқандықтан кейін ол ше­шімнің күшін жоюға мәжбүр болған.

Қысқасы, ауған еліндегі қазіргі ахуал бұрынғыдан жақсырақ деп бағаланғанымен, жалпы алғанда жағдайы күрделі күйде тұр. Дегенмен әрекет те жоқ емес. Достық құшағы мен көмек қолын созып жатқан мемлекеттер баршылық. Солардың алдыңғы қатарына біздің елді шығаруға болады.

Оған айқын мысал ретінде Алматы қаласының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталығы мәртебесіне ие болғанын айта аламыз. Биыл наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда аталған Өңірлік орталығын құру туралы қарарды бірауыздан мақұлдап, құжатты БҰҰ-ның 152 мүше мемлекеті қолдады. Алматыда орналасқан бұл орталық бұдан былай аймақтағы халықаралық күш-жігерді үйлестірудің негізгі алаңына айналып, Орталық Азия мен Ауғанстанның тұрақты дамуы­на ықпал етпек.

Ал жуырда Мемлекет бас­шы­сының Ауғанстанмен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға және бұл елді өңірлік үдерістерге тартуға қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында Президенттің Ауғанстан жөнін­дегі арнаулы өкілі – Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов сол елге жұ­мыс сапарымен барды. Са­пар барысында Е.Тұқымов Ауғанс­тан басшылығымен бірқа­тар мазмұнды кездесу өткіз­ді. Олардың қатарында Ауған­станның Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, Балх про­вин­циясының губернаторы Мохаммад Юсуф Вафа, Қоғамдық жұмыстар министрінің орынбасары Мохаммад Сахибзада, өзге де маңызды ведом­с­тво­­лар­дың өкілдері бар. Ке­ліс­сөз­дер барысында сауда-эко­номи­калық, көлік-логистика, өнер­кәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруа­шылығы, гуманитарлық, білім беру және медицина салала­рын­дағы ынтымақтастықты кеңей­ту, сондай-ақ қауіпсіздік пен тер­роризмге қарсы іс-қимыл мәселе­леріне ерекше назар аударылды.

Е.Тұқымов бұл сапары жө­­­нінде Facebook-тегі па­рақ­шасын­да бөлісіп, пікір біл­дірді. «Балх провинциясы біздің тауарларымызды Термез өзен пор­ты арқылы Хайратонға жеткі­зетін Ауғанстанның негізгі қақ­­па­сы іспетті. Губерна­тор­ға Ауғанстан арқылы өтетін те­мір­­жол жобасы (Түргунди – Герат – Қандағар) туралы айтып бердім. Бұл жоба Орталық Азия елдерінің Ауғанстанмен саудасын жақсартуға және елдің өзге де провинцияларын жалғауға мүмкіндік туғызар еді», деп жазды ол.

Ауған тарапы біздің елдің гуманитарлық бастамасына – биыл қараша айының соңын­да Ауғанстанда жұмыс істеп, көптеген науқасқа кәсіби көмек көрсеткен дәрігерлер бригада­сының миссиясына ерекше алғысын білдірді.

Ауғанстанның сыртқы сая­си ведомствосы мен салалық құрылымдарының басшыларымен өткен келіссөздер барысында Тургунди – Герат – Қандағар – Спин-Болдак теміржолын салу мәселесі талқыланды. Аталған жоба Ауғанстанның көлік интеграциясы мен өңірлік сауда ағымдарын кеңейту үшін страте­гиялық маңызға ие.

Өз кезегінде ауған басшылы­ғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік өзара байланысты нығайту және инфрақұ­рылымдық жобаларды қолдау сая­сатын Ауғанстанның тұрақта­нуы мен экономикалық жаңғыруы­на ықпал ететін маңызды фактор ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Ал Ауғанстанның Сыртқы істер министрі А.Муттаки Қазақ­станды Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы­на нақты қолдау көрсетіп келе жатқан ең тұрақты әрі сенімді серіктестердің бірі деп атады. 

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50