Экономика • Бүгін, 11:47

Жамбыл облысындағы ірі химиялық кешеннің экономика үшін маңызы қандай?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аталған өңірдің Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізіліп жатыр. Бұл минералдық тыңайтқыштарды өндіретін Қазақстандағы ірі химиялық кешен болмақ. Қуаты жылына 1 миллион тонна өнім өндіруді құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысындағы ірі химиялық кешеннің экономика үшін маңызы қандай?

Фото: Облыс әкімдігі

Өңірдің дамуына серпін береді

Жоба «Zhanatas Chemical Complex» ЖШС тарапынан жүзеге асырылады. Бұл Қазақстандағы химия өнеркәсібінің жетекшісі саналатын «Казфосфат» компаниясына еншілес құрылым. Әлемдік стандарттарға сай тыңайтқыш өндіру үшін ТМД елдерінде баламасы жоқ кенді терең байыту технологиясы енгізіледі. Бұл технология Қаратау бассейніндегі фосфориттік қоспалар мөлшерінің жоғары болуы секілді мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаны іске асыру – өңір үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін береді. Жаңа 1200 жоғары білікті жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Кадрларды даярлау үшін компанияның халықаралық әріптестері әзірлеген оқыту жүйесі, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылатын болады.

«Жаңа кешен Қазақстандағы ірі химиялық өндірістің жаңа буынына айналады. Жаһандық нарықта елді минералды тыңайтқыштарды сенімді өндіруші және экспорттаушы ретінде рөлін нығайтады», деді «Zhanatas Chemical Complex» бас директоры Ержан Муканов.

Жамбыл облысы әкімдігі

Инвестиция 300 млрд теңгеден асады

Кешеннің жобасы әзірленіп жатыр. Шикізаттың негізгі көзі ретінде «Қыстас» кен орнын жіті барлау ісі аяқталды. Газ тартып, электрмен жабдықтауға техникалық шарттар толық алынған. Зауытты сумен жабдықтау үшін «Ақжар» жерасты сулары кен орнын барлау және дала жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрғылау ісі және сынамалы су сору жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар халықаралық EPC-мердігерлерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаждау ісін бастау 2026 жылдың соңында жоспарланған.

Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 300 млрд теңгеден асады. Қаржыландыру тетігі ретінде «Қазақстан Даму Банкі» мен өзге де көздерден қаражат тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Жамбыл облысы әкімдігі

Жаңатас қаласындағы кешен – шикізатты қайта өңдеудің толық циклін қамтамасыз ететін әрі интеграцияланған өндірістік тізбек қағидаты бойынша салынады. Оның қызметі заманауи ауа тазарту жүйесі мен ең озық технологияларды пайдалану нәтижесінде халықаралық экологиялық стандарттарға толық сәйкестендіріледі.