Сурет: pavlodarnews.kz
Шарбақтының түлей түскенін сырт көздің аңғармауы мүмкін емес. Әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту, халықтың тұрмысын арттыру, ауыл шаруашылығына жаңадан инвестициялар тарту және т.б. салаларда облыс биыл үздіктер қатарынан көрініп, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттердің орнымен орындалғанына куә болдық.
Әдетте кейбір жергілікті әкімдер есеп бере қалса, өңірлердің дамуында қағазда бар, шынайы өмірде жоқ көрсеткіштерді ұзын-сонар тізетіні мәлім. Ал мұнда ат басын бұрсаңыз, нақты істердің жүзеге асырылғанына көз жеткізесіз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі екі жылда әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды жаңғырту, жаңадан құрылыс салу бойынша 86 жоба жүзеге асып, 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бір ғажабы, жаңғырту жұмыстары негізінен аудан орталығында емес, ауылдарда іске асқан. Жол картасы бойынша аудан жолдарының 80 шақырымнан астамы жөнделіп, елді мекендердің көптеген көшелері бүтінделді. Кейбір ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары, бағдаршамдар пайда болды. Жылыбұлақ, Шалдай, Есілбай, Красиловка, Алексеевка, Орловка, Сахновка, Малиновка және т.б. елді мекендердің көшелері көріктене түсті. Төрт ауылда жаңадан балалар алаңдары салынды.
Жақын уақытта Шарбақты, Хмельницкое, Галкин, Маралды, Сосновка, Жылыбұлақ ауылдарын қоса алғанда, 18 елді мекеннің халқы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Нәтижесінде, аудан халқының 95%-ы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Мұнда ұялы байланыс сапасы да жақсара түскен. «250+» бағдарламасы аясында Арбиген, Шегірен және Жаңауыл ауылдарында қамту деңгейі күшейтілді, Жылыбұлақ, Малиновка және Садықащы ауылдарында жаңа базалық стансалар орнатылса, Сынтас ауылында байланыс мұнарасының құрылысы басталды.
Облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданы барлық макро көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетіп отырғанын айтады. Әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту жұмыстары да оңымен жалғасуда. Алексеевка ауылындағы шағын орталыққа, Красиловкадағы мектепке және Шарбақтыдағы «Балдәурен» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізілді, оқу кабинеттері жаңа үлгіде жабдықталды. Денсаулық сақтау саласында барлық ауылдық округтер санитарлық көліктермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың өтініші бойынша Шарбақты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізуге және ауылдың оңтүстік жағында жаңа спорт кешенін салуға 300 млн теңге бөлінді. Маңызды әлеуметтік қадамдардың бірі – үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарының саны биыл екі есе қысқарған.
– Өңір бойынша халықтың саны 18 мыңның үстінде. Кейінгі жылдары үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шешуге көп көңіл болып отырмыз. Тек биыл 110 адам жаңа баспанаға ие болды. Оларға арнап үш көппәтерлі үйлер тұрғызылып, жанынан спорт алаңдары, балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Бұл игіліктер адами капиталды дамытуға, халықтың жайлы өмір сүруіне арналған, – дейді Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі саласы. Мұндағы өнімнің жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асып түскен. Бір ғана егін шаруашылығында 7,8% өсім байқалып, 16 млрд теңгеге жеткен. Бұл жетістігі үшін ауданның 12 шаруашылығы мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.
«Келесі жылы жұмыстар күшейтіледі, әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен сумен жабдықтау бағытында жанданбақ. Алдағы жылы ауданда бірнеше ауқымды инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Солардың бірі – «BelAgro Group» ЖШС-ның Шарбақты ауылында 500 гектар суармалы алқапты іске қосу жобасы, оның инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Назаровка ауылында бірден 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда: 600 га суармалы алқапты іске қосу, 6000 тоннаға арналған көкөніс қоймасы және 600 бас малға арналған тауарлы-сүт фермасы.
«Жаңа жұмыс орындарының ашылуы және шағын бизнестің дамуы нәтижесінде жұмыссыздық 4,1% деңгейінде сақталып отыр, бұл облыстағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі», деп қосты аудан басшысы.
Ауданның туризмді дамыту үшін табиғи әлеуеті жоғары. Өткен жазда «Маралды» курорттық аймағына 40 мыңнан астам адам келген. Курорттық аумақты жүйелі түрде жаңғыртуға дайындық жұмыстары басталды. Жыл сайын мыңдаған адам зиярат етуге келетін Ғабдұл Уахит хазірет кесенесі орналасқан «Ертіс орманы» аймағында экологиялық туризм, сондай-ақ этнотуризм белсенді дамып келеді. Ендігісін туризмге инвестициялар тарту жұмысын жандандырып, «Қарағай алаңы» қонақүй жобасын дамыту көзделген.
Павлодар облысы,
Шарбақты ауданы