Қоғам • Бүгін, 09:30

Жас буынға тарту

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында халық саны мен жастар үлесі ең жоғары саналатын Қарасай ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында Жастар ресурстық орталығының жаңа екі қабатты ғимараты пайдалануға берілді.

Жас буынға тарту

Заманауи талаптарға сай салын­ған екі қабатты Жастар сер­вистік орталығының ашылуы – Мемлекет басшысының жастар­ға арналған қазіргі заманғы ин­фра­құрылым қалыптастыру жөнін­дегі тапсырмаларын іске асы­рудағы маңызды қадам. Қазіргі таңда Алматы облысында 432 мың жас өмір сүреді, оның 82 мыңнан астамы Қарасай ауданында тұрады. Жаңа орталық жастар үшін шығармашылық, білім алу және спорт алаңына айналып, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі және кәсіпкерлікті дамыту бағытында тегін кеңестер ұсынады, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Май­лыбаев.

Аумағы мың шаршы метрді құрайтын ғимарат заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және бірнеше маңызды сервисті бір кеңістікке біріктіреді. Мұнда Мансап орталығының, Отбасы банкінің және Жастар денсаулығы орталығының мамандары жұмыс істейді. Бұл жастарға қажетті қызметтерді ұзақ күтусіз әрі оңай алуға мүмкіндік береді.

Орталықтағы басым бағыт­тар­дың бірі – әлеуметтік шебер­хананың жұмысы. Мұнда жас қыз-келіншектер мен аналар тігін және пішу дағдыларын тегін меңгере алады. Бұл өз кезе­гінде өзін-өзі жұмыспен қам­ту­ға, қосымша табыс табуға және әлеуметтік бейімделуге, әсіресе осал санаттағы жастарды қолдауға жол ашады.

Алдағы жылы орталықта дыбыс жазу студиясы мен подкаст аймағын жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл креа­тивті индустрияның дамуы­на серпін беріп, жас талант­тар­дың заманауи медиа құрал­дарға қолжетімділігін арт­­тырмақ. Сонымен қатар орта­лық базасында оқыту бағдар­ламалары, мәдени іс-шаралар, психологтер, заңгерлер және мем­­лекеттік бағдарламалар жө­нін­­дегі мамандардың кеңестері ұйымдастырылады.

Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшы­сы Мәди Ахметовтің айтуын­ша, жастар инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

«Кейінгі екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен жастарға арналған кеңістіктерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін Жастар ресурстық орталығының төртінші жаңа ғимараты ашылды. Қонаев қаласы мен Іле ауданында зама­науи коворкинг орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал келесі жылы Талғар, Жамбыл, Еңбекші­қазақ және Ұйғыр аудандарында осын­дай орталықтар ашылады. Бұл жастар инфрақұрылымын толық жаңартып, олармен тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді ол.

Жастар орталықтары желі­­сін кеңейту өңірді дамыту страте­гиясындағы негізгі бағыттар­дың біріне айналып отыр. Жаңа кеңістіктер белсенді ұрпақ­ты қа­лыптастыруға, жас көшбасшы­ларды қолдауға, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға әрі жастарды облыстың дамуына кеңінен тар­туға жол ашады.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00