Саясат • Бүгін, 08:48

Цифрлық сауаттылықты жетілдіретін бастама

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті киберқауіпсіздік саласындағы компаниялармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп Citizensec.kz және Nomadguard.kz тегін онлайн-порталдарын іске қосты. Аталған платформалар халықтың киберсауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға, сондай-ақ ата-аналар мен балаларды интернетті қауіпсіз пайдалануға үйретуге бағытталған.

Цифрлық сауаттылықты жетілдіретін бастама

Сурет: gov.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдан бері порталдарға 1 миллионнан астам пайдаланушы кіріп, 71 мыңнан астам адам оқыту курстарын толық аяқтаған.

Сонымен қатар CitizenSec.kz платформасында мемлекеттік қызметші­лерге арналған оқыту жүргізіледі. Бүгінгі күні курстарды 5 мың тыңдаушы сәтті тәмамдады.

Nomadguard.kz порталы аза­маттарға жеке деректердің таралуын анықтауға, сондай-ақ күмәнді сіл­темелер мен сайттарды фишинг және басқа да киберқауіптерге тексеруге мүм­кіндік береді. Портал арқылы пайдалану­шылар өз жеке мәліметтерінің таралуы болған-болмағанын, қандай ресурстардан тарағанын және қандай көлем­де деректердің бұзылғанын біле алады. Портал іске қосылған сәттен бастап Nomadguard.kz платформасында 608 мың азамат тіркеліп, 6 мыңнан астам сілтеме қауіпсіздік мақсатында тексерілді.

Citizensec.kz және nomadguard.kz порталдары азамат­тарға интернеттегі қауіптерді жақсы түсінуге, өз деректерін қорғауды үйренуге және алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі. Бұл – әрбір пайдаланушының және елдің қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес.

Халықтың цифрлық сауатын арттыру және кибергигиена мәдениетін қалыптастыру мақсатында қазіргі уақытта киберқауіпсіздік ережелерін сақтауға үндейтін ақпараттық материалдар мен визуалды баннерлерді сыртқы цифрлық экрандар мен билбордтарда орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Көпшілік жиналатын орындарда кибергигиенаға арналған әлеуметтік жарнаманы орналастыру азаматтарды кеңінен ақпараттандыруға және жеке деректерді қорғау бойынша алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жақында eGov mobile мобильді қосымшасында Citizensec.kz порталының кибергигиена бойынша курс­тары, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік­ке арналған негізгі материалдар мен практикалық ұсынымдар жинақталған тақырыптық журнал қолжетімді болды.

Осы ретте еліміз әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып келесі жылдың ақпан айынан бастап «SpaceX» компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізуді бастайтынын айта кеткеніміз жөн.

Осы күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжаттарға қол қойылған-ды. Солардың бірі «Starlink» компаниясының Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясын енгізу туралы келісім еді.

Жуырда Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, «Beeline Қазақстан» компаниясының президенті Евгений Настрадин және «SpaceX (Starlink)» компаниясының өкілдері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын сынақтан сәтті өткізді.

Сынақ кезінде Starlink спутниктік желісі мен Beeline Қазақстанның жерүсті мобильді желісі біріктіріліп, қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер арқылы қоңыраулар сәтті жіберілді.

Спутниктік байланыс төңірегіндегі бұл жағымды жаңалық осы саладағы ақпараттық технологиялардың алға басуы­на мүмкіндік ашып, халықтың цифрлық сауатын арттыра түсуіне және цифрлық платформалардың тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізбек. 

Соңғы жаңалықтар

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

Саясат • Бүгін, 12:58

Елшіл қайраткерге құрмет

Қоғам • Бүгін, 10:30

«Аллажар» – замана аманаты

Қоғам • Бүгін, 10:10

Отандық өнім, озық технология

Экономика • Бүгін, 09:55