Бас прокуратураның мәліметінше, аталған тұлғалар Қылмыстық-процестік кодексте көзделген заңды тергеу әрекеттерін, атап айтқанда жауап алуға қатысу, жауап алуды жүргізу, сондай-ақ соттың үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау сияқты процессуалдық шешімдерді әдейі азаптау ретінде көрсетіп, қоғамды адастырып отыр.
Ведомство Қазақстан заңнамасында «азаптау» ұғымының нақты айқындалғанын атап өтті. Қылмыстық кодекстің 146-бабына сәйкес, азаптау деп лауазымды тұлғаның тән немесе психикалық зардапты қасақана келтіруі танылады. Бұл анықтама Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясының, сондай-ақ Ыстамбұл хаттамасының нормаларына толық сәйкес келеді.
Қазіргі таңда прокуратура органдары тарапынан аталған қылмыстық істердің қатысушыларына қатысты тергеушілердің заңсыз әрекеттері немесе азаптау фактілері тіркелмеген. Барлық процессуалдық әрекеттер Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, жалған ақпарат таратып отырған тұлғалар өздеріне тиімді қоғамдық пікір қалыптастыруды, құқық қорғау органдарының беделін түсіруді және қылмыстық істерді толық, жан-жақты әрі объективті тергеуге кедергі келтіруді көздеп отыр.
Осыған байланысты Бас прокуратура көрінеу жалған ақпарат таратқаны, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың қызметіне қандай да бір түрде араласқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.