Инфляция • Бүгін, 08:43

Инфляцияға қарсы күрестің ұтымды тәсілі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарашада елімізде жылдық инфляция 12,4% болды. Жылдық инфляция 11 өңірде баяулады, 5 өңірде жеделдеп, 4 өңірде бұрынғы деңгейде қалды.

Инфляцияға қарсы күрестің ұтымды тәсілі

Сурет: gov.kz

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, қара­шада азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 13,4%-ды құрады (қазанда – 13,5%). Халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы Ұлытау облысында ең жоғары көрсеткішке ие (17,1%) болса, Алматы қаласында ең төменгі (11,2%) дең­гей­де қалды.

Жалпы, елімізде инфляцияны ырық­тан­дыру бағытында бірталай жұмыс қолға алынған. Мемлекет экономиканы қолмен басқаруға қайтып оралмаса да оның жаңа жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік беріп, бағаның ауытқуын уақытша шектеді. Айталық, қазан айында инфляцияның 12,6%-ға дейін бәсеңдеуі Үкіметтің қоғам мен бизнеске бағытталған экономикалық шешімдерінің алғашқы елеулі нәтижесі болды. Тұрақтандыруда тарифтік және отын сегментіндегі шаралар, салықтық рақымшылық және ішкі сұранысты қолдау шешуші рөл атқарды.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, енді инфляцияны бақылауды уыстан шығармауымыз керек. Ол үшін сапалық өсімге назар аударған жөн. Жыл соңына дейін қазіргі өсім деңгейін сақтап қалу оңайға соқпайды. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несиелеуді тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет. Банктер мен кредиттік ұйымдар, сауда нүктелері тауар баға­сындағы бөліп-бөліп төлеудің құнын, несие­­лендіру кезіндегі артық төлемдердің бәрін толық ашуы қажет.

Бұл ретте саясаттанушы бір мезгілде экономикалық өсуді қолдауға, инфля­ция­ның салдарымен күресуге мүм­кіндік беретін негізгі құрал индус­трия­лық даму екенін атап көр­сетті. Себебі бағаларға ты­йым салу арқылы инфляцияға қарсы күрес – инфля­цияның төмендеуіне емес, кәсіпорын­дар­дың банкроттығына, тауарлар тапшылығына алып келуі мүмкін. «Өндірістерді дамыту басты ұлттық жобаға айналуға тиіс. Министрлер кабинеті бұл жолдағы кез келген кедергіні әкімшілік емес, нарықтық тетікпен еңсеруі қажет. Сол кезде ғана проблема әлдеқайда аз болады», дейді сарапшы.

Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді, Үкімет тарифтерді шұғыл түрде тоқтатып, бағаларды бақылауды қайта қалпына келтірді. «Теңгенің құны арзан болса, импорт соғұрлым қымбат болады. Қазiргi уақытта бағаның өсуiне халықтың нақты табысының одан әрi құлдырауы, сау­­­да әрiптестерi елдерiндегi инфляцияның бәсеңдеуi ғана кедергi келтiруi мүмкiн. Басқаша айтқанда, дамыған елдердің инфляция деңгейіне қол жеткізу әзірге орындалмайтын арман болып көрінеді. Ол үшін отандық экономиканың барлық секторында тиімділікті арттыруға шығын­дар­ды азайтуға бағытталған шараларды қолға алу керек», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Сарапшылардың айтуынша, жыл ая­ғы­на дейін валюта нарығында құбыл­ма­лылық сақталады. Мұны болжауға бағынбайтын девальвацияға бейімділік деп бағалауға болады. Теңгенiң әлсiреуi халықтың тұрмыс деңгейiне терiс әсер етедi. Өйткенi долларға немесе басқа валюталарға қайта есептегенде азаматтардың жала­қы­сы, зейнетақысы, басқа да тең­гелiк кiрiстерi құнсызданады. Теңгенің құн­сыз­дануы тұтыну бағасының динамикасына қысым көрсетті. Мұның теріс әсері әлі де байқалып қалады. «Осы жылы Ұлттық банк, Үкімет, сарапшылар жылдық инфляцияны 8-10%-бен жабамыз деп үміттеніп отыр. Ол үшін инфля­циямен күресудің басқа жолдарын қарастыру қажет. Бұл бағытта жалпылама емес, өткен кезеңдегі көр­сеткіштердің айырмасына ғана назар аударсақ, күрес жүйелі түрде жүреді», дейді Р.Рысмамбетов.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17