08 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
6 шілде Ослода (Норвегия) ашылған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 19 сессиясында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық етуіне жоғары баға берілді, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі. Ашылу салтанатында сөз алған ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Жоао Соареш Қазақстанның өз төр­ағалығын ерекше қарқынмен жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Сессияға қатысушылар би­ылғы мамыр айында Алматыда болған Трансазиялық парла­мент­тік форум қорытындыла­рын талқылады. Парламент­ші­лер атап өткендей, Алматы ке­ңе­сінде айтылған ұсыныстар мен идеялар Норвегия астана­сын­да өткен Ассамблея сессия­сында қабылданатын жекелеген қарарлардың жобаларында көрініс табатын болады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үндеуін ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо оқып берді. Жалпы отырыс барысында Қыр­ғызстандағы жағдайға ар­нал­ған арнаулы пікірсайыстар болды. Бұл тақырып бойынша Марк П. де Бришамбо, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жо­ғарғы комиссары Кнут Воллебек, Ассамблеяның Орта­лық Азия жөніндегі арнайы өкі­лі Киммо Кильюнен және Қыр­ғызстан Уақытша үкіметі деле­га­циясының басшысы Омурбек Текебаев баяндама жасады. Парламенттік қоғамдастық 27 маусымда Қырғызстанда бол­ған референдум нәтижелеріне, сондай-ақ қазіргі кезде талқы­ла­нып жатқан Қырғызстанға по­ли­цияның жедел топтарын жібе­ру туралы ЕҚЫҰ-ның бастама­сына ниеттестігін білдірді. Көр­ші елдегі жағдайды реттеу жө­ніндегі шаралар аясында ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретіндегі Қазақстанның күш-жігері атап өтілді. Одан басқа ЕҚЫҰ ПА Тұ­рақты комитеті Ассамблеяның іс басындағы Бас хатшысы Оливер Спенсерді (АҚШ) кезекті 5 жыл мерзімге көпшілік дауыспен қайта сайлады.