Өткен жылы қараша айының аяқ кезінде Бөрлі ауданындағы Березовка ауылында балалар мен жасөспірімдердің улану көріністері кездесті. Бұл арада басын бірден ашып айтатын мәселе, Березовка Қарашығанақ кен орнына жақын орналасқан. Атап айтқанда, газды кешенді өңдеу жөніндегі екінші қондырғы аталған ауылға өте таяу. Бұл арадан санитарлық қорғау аумағы небәрі екі жүз метр жерде орналасқан. Сондықтан да жергілікті тұрғындар балалардың улануына осы арада көмірсутегі шикізатын өндіріп жатқан шетелдік КПО бв компаниясының экологиялық тепе-теңдік пен қауіпсіздіктің сақталмауынан болған өндірістік үдерістердің әсері бар деп санайды.
Орын алған жағдайға орай Березовкада жергілікті атқарушы орган жетекшілері, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, бұдан кейін биылғы қаңтар айында Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Карабалин болып, оқиғаның пайда болуы мен өрістеуі мәселелерімен танысты. Әрі тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ түрді. Айтайын дегеніміз, Үкімет басшысының орынбасары аталған ауылда болып, кеткеннен кейін республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, олар бұл құбылыстың түп-төркінін анықтауға ден қойды.
Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық зерттеулер жөніндегі комитетте жасалған талдаулар мен зерттеулер КПО бв компаниясы тарапынан 2014 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында жергілікті тұрғындар қауіп еткен жайттар ұшырасқанын жоққа шығармайды. Алайда, шетелдік альянс бұл бұзушылығы үшін 2 миллиард 300 миллион теңге көлемінде әкімшілік айып төлеген. Осындай көріністің балалардың улануына тікелей қатысы бар ма, жоқ па? Бұл сауалдың жауабы алдағы күндердің еншісінде қалып отырғандай көрінеді. Сөз жоқ, халықаралық өндірістік қарым-қатынастарда айып тағу тәртібі орныққан. Бұл арада басты мәселе оның көлемінің үлкен-кішісінде емес, белгілі бір өндірістік үдерістердің салдарынан тұрғындар денсаулығына зиян келуінде ғой. Тек оның бетін әрі қылсын деңіз.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметті ұйымдастыру департаменті мен Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары да оқыс оқиға орын алғаннан кейінгі аралықта қарап қалмағанын, шұғыл көмекке келгенін айтпай кету шындыққа қиянат. Олар ведомствоаралық жұмыс тобының құрамында Березовка ауылы тұрғындарының жай-күйін зерделеуге ден қойды. Әрі уланған кейбір балаларға бұған дейін қойылған диагноздарды дәл айқындау үшін оған қажетті шараларды белгіледі.
Ал мәселенің мәнісіне тұтастай үңіле келгенде Қарашығанақ кеніші түбіндегі Березовка ауылы тұрғындарын толғандыратын басты мәселе – олардың өзге жаққа көшірілуі десек шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Бұл қадам бүгінгі қалыптасқан жағдайға қаншалықты сәйкес келеді. Әрине, көшірілу көзді ашып жұмғандай уақытта бола қоятын оп-оңай іс емес. Оны жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе тағы да қиын-ақ. Бұл орайда ауыл тұрғындарымен болған кездесуде Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұ.Қарабалин келтірген пікірдің қисыны бар секілді көрінеді.
Оның пікірінше, белгілі бір елді мекенде тұратын адамдарды өзге жаққа көшіру мемлекет тарапынан тек екі түрлі жағдайда жүзеге асырылады. Мұның біріншісі – сол аймақта аса төтенше экологиялық жағдай қалыптасқан кезде. Екіншісі – елді мекен тұрғындары экологиялық апатқа тап болғанда. Березовка ауылында дәл осындай экологиялық апат пен төтенше жағдай орын алды ма? Балалардың улану көріністері ауылды осындай өте қиын жағдайға әкеліп тірей ала ма? Бұл әлі де көп болып кеңесіп шешетін мәселе деп ойлаймыз.
Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу қызметімен айналысатын білікті мамандармен пікірлесу сәтінде экологиялық ахуал ширыққан аумақтағы адамдарды көшірудің тағы бір қажеттілігі бар екенін түйсіндік. Мысалы, еліміздегі мұнай-газ саласына жетекшілік жасайтын мемлекеттік органдар жетекшілері соңғы екі-үш жыл аралығында Қарашығанақтағы мердігер ұйымдармен кеніш аумағын одан әрі ұлғайту жөніндегі мәселені ойластырып талқылап жүреді екен. Соның ішінде, біз әңгімелеп отырған Березовка ауылы тұсындағы газды кешенді түрде өңдеу жөніндегі екінші қондырғыға қатысты да алдын ала ойластырылған бағдарлама бар болып шықты.
Тіпті, Энергетика министрлігі бұл жөнінде биылғы жылдың бірінші жартысының өзінде аталған мәселені барлық мердігерлермен келісе отырып шешуді ұйғарыпты. Мұндағы мақсат көмірсутегі шикізатын өндіру көлемін одан әрі өсіру болмақ. Мұндай жағдайда ең бірінші кезекте санитарлық қорғау аумағының жаңа тетіктері мен есептері жасалмақ. Бұған дейінгі ойластырылған талдауларға қарағанда, кен орнының ауқымы мен қуаты келешекте одан әрі ұлғая түсетіні айқын деп тұжырымдауға да негіз бар. Бұл болуы мүмкін үдеріс санитарлық қорғау аумағының ұлғаюына да әсерін тигізбек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мұндай кезде аталған аумақ Березовка ауылын дәл үстінен басып түспек. Егер шынында да мұндай жұмыстар жүргізілетін болса, санитарлық қорғау аумағының жаңа есептері барлық мемлекеттік органдармен келісіліп бекітілмек. Дәл осы кезде тұрғындарды көшіру мәселесін қоюға болады дейді министрлік мамандары.
Қарашығанақ кенішіне таяу орналасқан Березовка ауылы тұрғындарын көшіру жөніндегі мәселенің қозғалып жүргені балалардың улану көрінісінен де көп уақыт бұрын басталғаны бізге мәлім. Әрине, оны айтып жүргендер бірінші кезекте осы аталған ауылдың тұрғындары. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, тұрғындарды ұзақ уақыттан бері толғандырып жүрген мәселе оң тұрғыда шешілетініне сенгіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөрлі ауданы,
Березовка ауылы.