12 Тамыз, 2015

Халықаралық сауда-саттық жасау мүмкіндігі

3563 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ВТО-22015 жылдың 28 шілдесі күні Швейцарияның астанасы – Женева қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас кеңесінің отырысында Қазақстан Респуб­ликасы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып ресми түрде қабылданды. Бұл шын мәнінде тәуелсіз мемлекетіміз үшін тарихи оқиға болды. Барлық қазақстандықтарды бүгінгі таңдағы айтулы да маңызды оқиғамен шын жүректен құт­тықтаймын! Енді егеменді еліміз әлемнің 161 мемлекетімен еркін халықаралық сауда-саттық жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазақстан Республикасы 1996 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ниет білдірген еді. Содан бері міне, 19 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде Қазақстан 50-ден астам жаңа заңдар және Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылдаған 10-нан астам халықаралық келісімдерге өзгерістер енгізді. 1995 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жұмыс істей бастаған Дүние­жүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) – халық­­аралық сауда ережелерін либерализм қағидаттарына сүйене оты­рып реттейтін халықаралық эко­но­микалық ұйым болып табылады. Алғашқы кезеңде ДСҰ-ға 77 мемлекет мүше болып кірсе, қазір Қазақстан осы ұйымның 162-ші мүшесі болып қабылданды. ДСҰ-ның басты міндеті – әлемдегі мемлекеттер арасында тоқтаусыз және іркіліссіз халықаралық сауда-саттық жасауға мүмкіндік ашу. Қуандықов ҚалдарбекДүниежүзінің дамыған мем­лекеттерінің бастамасымен құ­рылған аталған ұйым кедергісіз халықаралық сауда-саттық жасау арқылы мемлекеттердің эконо­микасының өркендеуіне және адамдардың тұрмыс-тіршілігін көтеруге ықпал етеді. ДСҰ-ның басты міндеттері халықаралық жүйеде мемлекеттер арасында сау­да жөніндегі келісімшарттарды белгілеу және оны қадағалау, мемлекеттер арасында дау-дамайларды шешуде көмегін тигізу және сауда-саттық қарым-қатынастарды ұйымдастыру болып табылады. Осы қызметтер негізінде ДСҰ-ның халықаралық сауда саясатын реттейтін 60-тан астам келісім­шарттары қарастырылған. Мұндай келісімшарттардың қағи­даттарына халықаралық саудада қысым­шылықтың жоқтығы, еркін сауда шарттары, бәсекелестікті кеңейту және дамушы елдерге қосымша жағдайлар жасау жатады. Бүгінгі таңда әлемдік сауда жүйесі негізгі 5 ұстанымға сәйкес келуі тиіс: 1) Саудада еш кемсітушіліктің болмау шарты, яғни бірде-бір мемлекет қайсыбір мемлекетке экспорт пен импортқа шектеушілік қоюға құқығы болмайды; 2) сауда кедергілерін азайту немесе қайсыбір елдің нарығына шетелдік тауарлардың келуіне кедергі келтіретін факторларды жою, оларға бірінші кезекте кеден­дік алымдар мен импорттық квоталар жатады, басқаша ай­тқанда, импортқа қойылатын шектеулерді жою; 3) тұрақтылық пен сауда шар­­тының алдын-ала болжам­ды­лығы, бұл шетелдік компания­лар, инвесторлар мен үкіметтер қол­даныстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгерілмейтініне кепілдік береді; 4) халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, яғни түрлі елдер фирмаларының тең құ­қықты бәсекелестігі үшін «әділетсіз» тәсілдерді жою; 5) жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасау. Нақ осы ұстаным жоғарыда көрсетілген ұстанымдарға кереғар келеді, алайда, ол әлемдік сауда нарығына нашар дамыған елдерді тарту үшін қажет болды. Бұл елдер алғашқы кезеңде дамыған мемлекеттермен бәсекелесе алмайтыны айдан анық, сондықтан да нашар дамыған елдерге ерекше жеңілдіктер қарастыру «әділетті» болар деп есептеледі. Әлемдік экономика мен дүние­жүзілік сауданың даму тенденция­лары бір ортақ ғаламдық еркін нарық болуын талап етеді. Әрине, бұл бағыттағы Дүниежүзілік сауда ұйымының әрекеті ең маңызды болып табылады. ДСҰ-ға кіру Қазақстан үшін несімен жағымды болады? Біріншіден, басты қазақстандық өндірушілердің әлемдік нарық­тардың кеңеюіне байланысты болашақтағы өсу перспективалары күшейе түседі. Екіншіден, еліміздің тауар өндірушілерінің әлемдік нарыққа кіруін жеңілдетіп, ДСҰ мүшелерінің халықаралық сауда-саттықта артықшылықтарын қолдану мүмкіндігіне ие болады. Қазақстанның тауар өндірушілері өз қызметтері мен тауарларын экспорттауға мүмкіндік алады. Қазақстанда шығарылған тауар­лардың сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болуына ықпал етеді. Қазақстан үшін қандай мүм­кін­шіліктер береді? Біріншіден, жоғары деңгейде ірі дамыған мемлекеттермен өз тауарларын сату арқылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туады. Екіншіден, экономикамыз шикі­заттық бағыттан қайта өңдеу бағытына ауысуға мүмкіндік алады. Үшіншіден, біздің еліміз шетел мемлекеттерімен сауда-саттық саласында тәжірибе алмасады, кадрлар дайындау саласында мол мүмкіндіктерге жол ашылады. Төртіншіден, мемлекетіміздің экономикасына жаңа техника мен технологиялар алу мүмкіндіктері пайда болады. Бесіншіден, егемен еліміз әлем­дік нарықта нақты бағалық саясат жүргізе алады. Алтыншыдан, тәуелсіз мемле­ке­тіміздің экономикасына жаңадан шетел инвестицияларын тартуға мол мүмкіндіктер ашылады. Аталған мүмкіндіктерді жү­зеге асыруда Қазақстанның ба­сым­дығы қандай? Біріншіден, елімізде шикізат толық қамтылған. Екіншіден, мемлекетіміз Еу­ропа мен Азия аралығында қолай­лы орналасқан. Үшіншіден, ел экономикасының өте жоғары қарқынмен дамуы. Төртіншіден, мемлекетіміздегі тұрақты саяси жағдай. Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі төмендегі мақсаттардан туындайды: - мемлекеттің экономикалық қауіп­сіздігі мен мүдделерін қамта­масыз ету; - кедендік шекара арқылы тауар айналымын жеделдетуге жәрдемдесетін жағдайлар жасау; - халықаралық ұйымдармен сауда-саттық саласындағы ын­тымақтастықты одан әрі дамыту; - іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндіктер жасау. ДСО Қазіргі кезде бүкіл өркениетті мемлекеттер басқа елдермен екіжақты және көпжақты эко­номи­­калық, сауда, кеден ісі сала­­­сындағы ынтымақтастықты қарқынды түрде дамыта бастады. Оның бірден-бір себебі, бір­қатар жаһандық проблемаларды бірлескен күштермен шешудің қажеттілігі, әлемдегі табиғи ресурс­тарды және инфрақұрылымның бірлескен нысандарын тиімді пайдаланудың қажеттілігі болып табылады. Бұл қажеттілік мемлекеттер, кәсіпорындар және заңды тұлғалар деңгейінде де әлемдік интеграцияның барлық нысандарын жүзеге асырумен өрнектеледі. Әлемдік қауымдастықтың мате­риалдық және рухани сұра­ныстарының мейлінше толық қанағаттандырылуына барынша ықпал ету осындай бірлестіруші күштердің нәтижесі болып табылады. Жаңа ғасыр әлемнің барлық мемлекеттерін халықаралық ынты­мақтастық арқылы экономикалық өсуді жан-жақты тиімді қамтамасыз ететін және халықтың әл-ауқатын жақсартатын ауқымды әлемдік нарық құруға жетелейді. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі айтулы тарихи оқиға болып табылады. Бұл айтулы оқиға –Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Бұл тарихи оқиға – бірлігі жарасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлт­ты қазақстандықтардың жемісі! Қалдарбек ҚУАНДЫҚОВ, Т.Рысқұлов атындағы Жаңа Экономикалық Университетінің «Кеден ісі» оқу бағдарламасы­ның директоры, заң ғылымда­рының кандидаты, доцент.