«Қаламызда спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасалып, заманауи алаңдар салынып жатыр. Жыл басынан бері қала спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда 417 медаль, оның 111-і алтын, 113-і күміс және 193-і қола жеңіп алды. Бұл жетістіктер – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі ғана емес, жаттықтырушылар мен отбасы мүшелері қолдауының нәтижесі», деді шаһар басшысы.
Бұл күні әкімнің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық 80-нен астам спортшыға табысталды. Оның ішінде панкратионшылар, шахматшылар, күресшілер, пара қол күресінен жеңімпаздар, боксшылар, футболшылар, желкенді қайықпен айналысатындар бар.

Биылғы жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаланың 15 аумағында күнделікті дене шынықтыруға арналған воркаут алаңдары салынды. Одан бөлек, былтыр «Кроссфит» алаңы қолданысқа берілді. Сондай-ақ осы жылы жағажай спортына арналған алаң жөндеуден өтіп, жаңа келбетке енді. Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді. Түрлі ақылы үйірмелерге де қатысуға мүмкіндіктер ашылғанын айрықша атау маңызды.