Үстіміздегі жылдың наурыз айында Еуропа төріндегі Кельн қаласынан екі дөңгелекті шайтан арбамен сапарға шыққан Кастан Лип деген неміс жиһангезі жуырда Семейге келіп жетті. Жолай бірқатар Еуропа елдерін көктей өтіп, біздің елімізге атбасын тіреген ол енді Азия құрлығын шиырлап шықпақ.
Жасы жиырмадан енді асқан жас жігіт бұл сапарға екі жыл дайындалыпты. Оның ұзаққа созылатын осы жорығы қараша айында аяқталмақ.
Сапар барысында ол ешқандай күй талғамай, көше бойында кезіккен көгалға шатырын тігіп жата кетеді екен. Оны сондай жағдайда кезіктірген Жомарт Уәлиев деген жерлесіміз алыстан келе жатқан жиһангезді қоярда қоймай қолқалап, үйіне қонаққа алып кетеді. Жомарт мұнымен де шектелмей, өз үйінде жиһангездің жергілікті журналистермен кездесуіне мүмкіндік жасайды.
Еуропа аумағында орналасқан ТМД елдерінің бірінде мені әлдекімдер тонап кетіп еді, ал Орталық Азияда мейлінше қонақжайлықты сезіне бастадым, дейді Кастан Лип. Жиһангездердің халқымыздың қонақжайлығына сүйсініп, жақсы лебіз білдіргені бір бұл емес қой. Қалай болғанда да, өзгеге құрмет – өзіңе де құрмет екенін ұмытпағанымыз ләзім. Ал оның ар жағында сен арқылы халқыңа оңды баға беріліп жататыны және бар.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.
АСТАНАДА БОЛЫП ҚАЙТТЫ
Астана күніне орай жуырда Семейдегі Шәкәрім атындағы №5 және №16 мектептің бір топ оқушы-ұстаздары Арқа төсіндегі ару қалада болып қайтты. Үш күнге созылған бұл сапарда олар еліміздің Тұңғыш Президентінің мұражайында, республика Парламенті үйінде болып, Астананың басқа да көрікті жерлерін аралады.
Олардың барлық жол шығынын республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, есімі елімізге мәлім меценат Нұртай Сабильянов көтеріп алды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.