Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол отандық тауар экспортына қатысты мәселелер жөнінде айтты.
Қазіргі кезеңде әлемдегі қайбір елдер тауар экспортынан айтарлықтай қиындық көріп отырғаны мәлім. Бұл мәселе біздің елден де тысқары емес екені белгілі. Оның бір айқын мысалын үстіміздегі жылдың 4 айында Қазақстанда тауар айналымы 37 пайызға төмендегенінен көреміз. «Баршамызға белгілі, бүгінде әлем экономикалық дамудың тұрақсыз күйін бастап кешiріп жатыр. Осы кезеңде көптеген елдерде экономикалық даму өсiмi баяулап, бәсекелестiк ұлғайып, ал тұтыну азайып, нарық кiшiрейіп келеді. Бұл факторлар, өкiнішке қарай, Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Ағымдағы жылдың соңғы 4 айына талдау жасағанда еліміздегі тауар айналымы бiртiндеп төмендеп жатыр деген ойға тоқтадық. Атап айтқанда, осы кезге дейін тауар айналымы 37 пайызға төмендедi. Оның iшiнде импорт 17, экспорт 46 пайызға дейін азайған», дедi төраға орынбасары.
Мамандардың пайымына салсақ, экспорттың төмендеуiне ең алдымен сыртқы нарықтардағы жағдай тiкелей әсер еткен. «Экспорттың төмендеуiне, негiзiнен шикiзат тауарлары экспортының азаюы ықпал етiп отыр. Қазiргi уақытта шикiзат тауарларының бағасы әлдеқайда төмен және өткен жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда көп айырмашылық бар. Бұған қоса, көптеген халықаралық сарапшылар Қытай экономикасына батпақтап қалған деген баға беріп отыр. Бұл Қазақстан экономикасының құрылымына да әсер етiп, елiмiздегi металлургия өнiмдерiнiң экспорты 40 пайызға төмендедi. Ел экспортының төмендеуiне әсер етуші үшiншi факторы ретiнде Ресей нарығын атауға болады. Бұл – ресейлiк рубльге қатысты орын алған экономикалық жағдайлар. Нақты мәліметке жүгінер болсақ, соңғы төрт айдың қорытындысы бойынша біздің ел мен Ресей арасындағы тауар айналымы 18 пайызға кеміген. Мұны ақшаға шағып айтар болсақ, 1 млрд. доллардан асады. Сондай-ақ, Ресей мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 30 пайызға азайғанын да айтып өту ләзім. Төртiншi фактор – Орталық Азия елдерi. Себебі, елдегі өңделген тауарлардың 11 пайызы Орталық Азия елдерiнiң үлесiнде. Ал соңғы жарты жылда мұндағы елдердің барлығы ұлттық валюта бағамына түзетулер жүргiзгені белгілі. Нәтижесiнде, Қазақстан тауарлары бұл нарықтарда шамамен 20 пайызға қымбаттап, бәсекелестігі әлсірей түсті. Осының салдарынан, бұл елдерге экспорт та азайды», дедi «KAZNEX INVEST» өкiлi.
Баспасөз мәслихатында жағымды жаңалықтар да айтылды. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасының экспорттағы үлесi 14 пайызға жетіп қалыпты. «Жалпы, нарықтар тарылып, сұраныс төмендеген, негiзгi экспорттық тауарлардың бағасы құлдырап, бәсекелестiк күшейген қазiргi уақытта экспортты жүзеге асыру оңай емес екенiн айтқым келедi. Осы орайда, Қазақтанда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде шикiзаттық емес экспортты дамыту дер кезінде қолға алынып, индустрияландыру картасы аясындағы жаңа өндiрiстердiң экспорттағы үлесi 14 пайызды құрағанын еске саламын. Демек, егер бұл шаралар жүзеге асырылмаған болса, онда елдегi экспорт көрсеткiшi тағы 14 пайызға төмендеген болар едi. Жалпы, сыртқы нарықта еліміз тұрақты орынға жайғасқаны анық. Қазақстан әлемнiң iрi 50 экспорттаушыларының қатарына кiрiп, 43-орында тұр. Бұған қоса, бiздiң елiмiз әлемге сары фосфор мен уранның нөмiрi бiрiншi жабдықтаушысы ретiнде танылды және ұн экспорты бойынша Түркиядан кейiнгi екiншi орында екенін ұмытпайық», дедi М.Майкенов.
Жыл соңына қарай Қазақстанның экспорттық көрсеткіштері артатын көрінеді. «Әр жылдың алғашқы төрт айы компаниялардың келісімшарттары жаңартылатын немесе қайта жасалатын кезі болып табылады. Сол себептен, барлығында іскерлік белсенділік төмендейді. Алайда, қазіргі кезде азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының көптеген кәсіпорындарының өздерінің өнімдерін Орталық Азия елдеріне жеткізу бойынша ұзақ мерзімді шарттарды бекіту тұрғысында жоспарлары бар. Сондықтан жыл соңына қарай ахуал тұрақтайтын болады. Өйткені, бізде экспорттық шарттарды арттырып, өнімді жеткізу жұмыстары басталады. Осы орайда, жыл соңына қарай оңтайлы статистика қалыптасады. Десек те, орын алып отырған қиындықтарды ескере келіп, экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындарды қолдау маңызды екенін айтқалы отырмын. Бұл тұрғыда әрбір экспорттаушыға атаулы қолдау бойынша Үкіметтен тиісті көмек сұрауды жөн деп таптық», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».