Әскер • 29 Желтоқсан, 2025

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы сарбаздардың бес арманын орындады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы үміт пен ізгі ниетке толы ерекше кезең Жаңа жылда сарбаздардың ғажайыпқа деген сенімін оятып, шынайы тілектерін орындады, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы сарбаздардың бес арманын орындады

Фото: Ұлттық ұлан

Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздардың бес арманының орындалуына себепші болды.

Әскер қатарында арнайы сауалнама жүргізіліп, сарбаздар өз тілектерін бүкпесіз, ашық жеткізген еді. Алайда, олар оның іс жүзінде орындалатынын күтпесе керек. Мәселен, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Александр Мирошин бұрын-соңды ұшаққа мініп көрмегенін айтып, көкке көтерілуді армандайтынын жазған. Оның бұл тілегі орындалды. Ұшудың алғашқы сәттерінен-ақ сарбаздың қуанышы мен толқуы айқын байқалды. Шынайы бақыт, қуаныш сезімі оны бүкіл сапар бойы жетелеп отырды.
Жаңа жылдық қуаныш мұнымен аяқталған жоқ. Қонған сәттен кейін Александрды тағы бір тосын сый күтті, ол анасымен қауышты.
Сарбаздың анасы Наталья Мирошина бұл күні тек ұлының ғана емес, өзінің де арманы орындалғанын жеткізді. Себебі әскердегі баласымен жүздесу – жаңа жылда көп отбасылар аңсайтын ең қымбат сый.

аа

Ал Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Райымбек Бақытбек шоколад өнімдерінің қалай дайындалатынын көргісі келетінін жеткізген. Бас қолбасшының жаңа жылдық тартуы ретінде оған еліміздегі танымал «Рахат» кондитерлік фабрикасына экскурсия ұйымдастырылды. Сарбаз тәтті өнімдердің өндіріс технологиясымен танысып, елдің танымал брендіне айналған фабриканың жұмысын көзімен көрді.

Сондай-ақ Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде қызмет ететін Дастан Нұрлан жаңа жыл қарсаңында бүкіл ротасына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, тілеуі бір жәшік мандарин деп көрсеткен. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысынан келген сәлемдемені ол қарулас достарымен бөлісіп, бөлімшеге ортақ қуаныш сыйлады.

Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Элербек Сұлтанқұлов сурет салуға деген қызығушылығын қайта жандандырғысы келетінін айтқан. Оның тілегі күтпеген әрі әсерлі сәтте орындалды. Шығармашылыққа арналған құрал-жабдықтар кешкі тексеріс кезінде табысталды. Бұл сарбаз үшін ерекше есте қаларлық сәт болды.

Осы әскери бөлімде қызмет ететін қатардағы жауынгер Жүніс Қарабаевтың тілегі де көпшіліктің жүрегін елжіретті. Ол отбасының суреті бейнеленген шыныаяқ армандаған. Генерал-майор Аңсаған Балтабеков табыстаған бұл сый сарбаз үшін туған үйін, жақындарын алыста жүріп сезілетін жылулықты еске салатын қымбат белгіге айналды.

вв

Айта кетсек, Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметшілер материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етілмейді. Олардың моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір сарбазға деген қамқорлық – қызметтің маңызды құрамдас бөлігі. Ал жаңа жыл қарсаңында орындалған тілектер сарбаздарға әскердегі кезеңдердің жарқын әрі жылы естелігіне айналатыны сөзсіз. Осындай сәттерде қолбасшылық тарапынан көрсетілген қолдау мен жанашырлықтың маңызы арта түсіп, әскери қызметшілерге деген қамқорлықтың әрдайым басты назарда екенін айқын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар