Аймақтар • Кеше

Қарағанды – Қытай арасын жалғайтын көпір

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы үшін Қытай бағыты тағы бір маңызды белеске көтерілді. Қытайдың Үрімжі қаласында Қарағанды облысының өңірлік өкілдігі ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты әрі маңызды қадам.

Қарағанды – Қытай арасын жалғайтын көпір

Жаңа өкілдік «Сары­арқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығының қатысуымен құрылды. Оның басты мақсаты – Қытай Халық Республикасынан келетін инвесторларды жан-жақты сүйе­мелдеу, Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне Қытай нарығына шығуға қолдау көрсету, отан­дық өнімді ілгерілету, сондай-ақ іскерлік байланыстарды ны­ғайтуға арналған B2B-келіссөздер мен кездесулер ұйымдастыру.

Бұл кеңсенің ашылуы бір­лескен жобаларды жү­зеге асыру барысында жиі кезде­­сетін әкімшілік және комму­никациялық кедергілерді азайтып, бизнес үшін қолайлы әрі ашық орта қалыптастырады деп күтіліп жатыр.

– Басты мақсатымыз – Қа­рағанды облысының кәсіп­кер­леріне Қытай нарығына шығуға нақты көмек көрсету және шетелдік инвесторларды тарту. Жаңа кеңседе біздің тұрақты өкіліміз жұмыс істейді, ол туындайтын барлық мәселені жедел шешумен айналысады. Толық ақпаратты Инвесторларға қызмет көрсету орталығынан
+7-702-007-66-61 телефоны арқылы алуға болады, – деді облыстық өнер­­кәсіп және кәсіпкерлік бас­қар­ма­сының басшысы Асқар Ғазалиев.

Үрімжі қаласындағы өкіл­діктің ашылуы Қарағанды облысы делегациясының Қытайға жасаған жұмыс сапарының ма­ңызды қорытындысы болды. Сапар аясында өңір басшылығы мен бизнес өкілдері Бейжіңде, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімжі қаласында, сондай-ақ Цзинань (Шаньдун провинциясы) және Таншань (Хэбэй провинциясы) қалаларында болып, ірі индустриялық және логис­тикалық нысандарды аралады. Сонымен қатар Қытайдың бизнес қауымдастығы мен мем­лекеттік құрылымдарының өкіл­дерімен мазмұнды кездесулер өткізілді.

Келіссөздер нәтижесінде энергетика, машина жасау, металлургия, логистика, авиация және экологиялық технологиялар салаларында бірқатар нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Соның ішінде Үрімжі қаласында Шахтинск қаласында жаңа жылу электр орталығын салу жөніндегі энергетикалық жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тараптар Қарағанды мен Үрімжі арасында тікелей әуе қатынасын – жолаушылар және жүк рейстерін іске қосу мүмкіндігін талқылады. Қазір бұл бастама белсенді пысықтау сатысында. Сонымен қатар Қарағанды әуежайының карго-терминалын экспорттық-логистикалық бағытты дамыту мақсатында тиім­ді пайдалану жолдары қарас­тырылды.

Өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін тағы бір маңызды құжат Цзинань қаласында жасалды. Мұнда Sinotruk компаниясы, «Qaztehna» және «Saran Machinery» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында Қарағанды облысында автокомпоненттер өндіру желісін іске қосу, сервистік орталық пен өңірлік қосалқы бөлшектер қоймасын құру жөніндегі ниет туралы келісімге қол қойылды.

Ал Таншань қаласында «Qaragandy Metallurgia Zauyty» ЖШС мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында кабель зауытын салу туралы ме­морандумға қол қойылды. Бұл жоба өңірдегі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік бастамаларды сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сапар барысында Қарағанды мен Таншань қалалары арасында бауырластық туралы мемо­рандумға қол қойылуы да ерекше мәнге ие. Бұл құжат алдағы уақытта экономикалық серік­тестікпен қатар білім беру, мәдени және гуманитарлық алмасуларға кең жол ашады.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше