Көпшілік көптен күткен Оқушылар сарайы жөнінде облыс әкімі жуырда Астанада өткен брифингте, одан кейін облыстық Білім басқармасының басшысы, ғалым Бауыржан Ердембеков те сөз қозғап, «биыл пайдалануға беріледі» деген еді. «Апырай, қалай үлгерер екен?» деген күмән болған. Бірақ айтылған уәде орындалды. Нысанның ашылуы Семей жұртшылығын ерекше қуанышқа бөледі. «Адамның бір қызығы бала деген» деп хакім Абай айтқандай, бала қуанса – ата-ананың да көңілі тебіренбей тұрмайды.
Оқушылар сарайының ашылу салтанаты да айрықша өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова, «BI Group» компаниясының негізін қалаушы Бауыржан Исабаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғалия Дәулетова және қала жұртшылығы қатысты. Ашылу рәсімінде аймақ басшысы бұл нысан өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», деп айрықша атап өткен болатын. Бұл нысан спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүмкіндіктері бар даму бағдарын беретін бірегей орталық болары сөзсіз. Оқушылар сарайы өңіріміздегі қосымша білім беру ұйымдары үшін әдістемелік орталыққа айналып, педагогтер мен оқушыларға арналған түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Мемлекет басшысы арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы Абай облысы құрылғаннан бергі салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан болып отыр. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-министрдің 2024–2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылыс тоқтап қалған болатын. Биыл Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге қаражатты бөлдіріп, құрылысы қайта жанданды. Бүгін міне еліміздегі оныншы Оқушылар сарайының ашылуына жиналып отырмыз. Оқушылар сарайының орналасқан жеріне байланысты, балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлы кіріп-шығуы үшін арнайы жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Қазір аталған көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Осы игі іске үлес қосқан барлық әріптеске, серіктеске алғыс айтамын!», деді облыс әкімі.
Осылайша, облыс әкімі әсем ғимараттың қалай салынғанын, оның қандай маңызы барын айтып берді. Сонымен бірге салтанатты жиында Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова жаңа нысанның өңір оқушыларына берері мол екенін жеткізді.
Білім басқармасының мәліметінше, ғимараттың құрылысы 2023 жылы басталған. Нысанның жалпы ауданы – 9 800 шаршы метр. Сарай 500 балаға арналған, ауысыммен 1 500 оқушыға дейін қабылдай алады.
Заманауи үлгіде салынған ғимараттың сыртқы көрінісі де көз тартады. Ал ішінің салтанатын санап тауыса алмайсыз, балаға керектінің бәрі осы жерден табылады. Мәселен, екі бассейн, хореография, шығыс жекпе-жегі, фитнес, үстел теннисі залдары, үстел ойындары, вокал және аспаптық музыка, дыбыс жазу, мүсін және ART студиялары, хореография, актерлік шеберлік, сәулет өнері, сондай-ақ VR технологияларын қолданатын ойын түріндегі имитациялық оқыту кабинеттері жұмыс істеп тұр. Ғылыми-техникалық бағыт аясында авиамодельдеу, жаңартылатын энергия көздері, аквапоника және гидропоника, нейрозертхана және нейророботтехника, 3D-басып шығару және модельдеу (M-TECH), бағдарламалау, видеография және кино, жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар, сондай-ақ астрономиялық обсерваториясы бар. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында психологиялық қолдау бағытында сенсорлық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті ашылған. Сонымен қатар тарихи-өлкетану бағытында коворкинг аймағы бар интерактивті кітапхана мен өлкетану клубы қызмет көрсетеді.
Абай облысы