Өтпелі кезең 2026 жылғы 1 қаңтардан 28 ақпанға дейін белгіленген.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимдерінің үш түрі қарастырылған: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді жеке кәсіпкер болып тіркелмеген, жалдамалы қызметкер ұстамайтын және Үкімет бекіткен қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке тұлғалар қолдана алады. 2025 жылы патент немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер бұл режимге көшу үшін 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығуы қажет. Белгіленген мерзімде тіркеуден шықпаған немесе режимді өзгерту туралы хабарлама тапсырмаған тұлғалар 1 наурызда салық органдары тарапынан есептен шығарылады. Бұл жағдайда есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып саналады.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне 2025 жылы тіркелген шегерімді немесе бөлшек салықты қолданғандарды қоса алғанда, талаптарға сай келетін барлық салық төлеушілер өте алады. Ол үшін 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында салық салу режимі туралы хабарлама тапсыру қажет.
Комитеттің мәліметінше, 2025 жылы жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданған, соның ішінде арнайы салық режиміне сәйкессіздікке байланысты осы тәртіпке ауысқан салық төлеушілер де аталған мерзімде оңайлатылған декларацияға көшуге құқылы.
Егер 2025 жылы оңайлатылған декларацияны тіркелген шегерім немесе бөлшек салықпен қолданған салық төлеушілер хабарлама тапсырмаса, олар 2026 жылғы 1 наурыздан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады. Бұл тәртіпті қолдану күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге өз қызметіне сәйкес келетін салық режимін алдын ала таңдауға кеңес берді.