Саясат • 06 Қаңтар, 2026

Жұртшылықпен орайлы кездесу бастады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүрге сай Мәжіліс депутаттары кеше кезекті мәр­те өңірлерге шығып, сай­лау­шылармен кез­десу өткізуге кіріс­ті. Мәжілісмендер депу­таттық сапарларын Астана қаласы, Алма­ты, Ақтөбе, Жам­был және Шығыс Қазақ­стан облыстарынан бас­тады.

Жұртшылықпен орайлы кездесу бастады

Астана қаласында Мә­жілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь ұжымымен кездесті. Сенатор Геннадий Шиповских және мәжілісмендер Павел Казанцев, Самат Нұртаза, Ма­рат Башимов, Дәулет Тұр­­лыханов ондаған жыл бойы Ұлы Отан соғысының арда­гер­леріне, тыл еңбеккер­леріне және оларға теңесті­ріл­­ген аза­маттарға мамандан­ды­рыл­ған көмек көрсететін госпи­тальдың жұмысымен танысты.

Жиында геронтология мен гериатрияны дербес медици­налық бағыт ретінде дамыту, кешенді гериатриялық баға­лау мен пәнаралық тәсілді енгізу­дің маңыздылығы айтылды. «Amanat» партиясы фрак­циясы басшысының орын­басары Павел Казанцев ха­лықтың қартаюы жағдайын­да егде жас­тағы азамат­тар­ға қолжетімді әрі сапалы ме­дици­налық көмек көрсете­тін жүйелі заңнамалық шешім­дердің маңызын атап өтті. Кездесуде медицина қыз­­меткерлерін қорғауға бағыт­талған заңнамалық бастамалар да сөз болды.

Сондай-ақ Мәжіліс депу­тат­тары Шығыс Қазақ­стан облысының Алтай қала­сын­дағы су желілерінің жаң­ғыр­тылуын тексерді. Бүгін­де Ал­тай қаласында су құбы­ры желілерін жаңғыр­ту жұ­мыс­ы 95 пайызға аяқталған. Жоба іске қосыл­ғанда 9 420 тұтынушы сапалы ауызсумен қамтылады. Алайда нысанды толық пайдалануға беруге 60 жыл бұрын салынған то­зы­ғы жеткен қалаішілік құ­быр­лар­дың тозығы қолбай­лау болып отыр екен. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Заңғар Шаухиннің айтуынша, ескі шойын құбырлардың жекелеген бөліктерін ауыстыру үшін шамамен 2 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет. Су же­лілерін жаңғыр­ту жұмысы «Amanat» партия­сының сайлауалды бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Бұл қаражатқа 110,5 шақырым су құбыры желісін тарту көзделген.

Облысқа жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутат­тары Ерлан Саиров пен Ұлық­бек Тұмашинов жобаны то­л­ық аяқтау үшін бюджет қара­жатын тиімді жоспарлау мен жұмыстардың сапасына қа­таң бақылау қажеттігін атап өтті. «Мыңдаған отбасы таза ауызсумен қамты­лады. Сондықтан бұл жоба­ның сапалы әрі уақтылы аяқта­луы маңызды. Бөлінген қаражат­тың мақсатты жұмсалуына депутаттық бақылау күшей­тіледі», деді Е.Саиров.

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясы­ның мүшесі Асхат Рақымжа­нов Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Жақаевпен кездесті. Кездесуде «Қапшағай – Алтын Алма» тұтынушылық бақша кооперативіне қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мүлік дауы талқыланды. Тұрғындардың айтуынша, ұзындығы шамамен 3,6 шақырым су құбыры желісі олардың өз қаражаты есебінен салынғанына қара­мас­тан, кейіннен күмәнді рәсім­дер арқылы үшінші тұл­ға­­лардың меншігіне өтіп кет­кен. А.Рақымжанов мүлік­ті ресім­деу кезінде заң талап­тарының сақталуына қатыс­ты күмәнді мәселелер бар еке­нін атап өтті. Кездесу қоры­­тындысында Қонаев қаласы­ның прокуратурасы істі бақы­лау­ға алып, барлық мән-жай­ды қайта зерделейтінін мәлімдеді.

Таразда Мәжіліс депутаттары жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Тараз қаласында Мәжіліс депутаттары Гүлдара Нұрым, Мұқаш Ескендіров және Әбутәліп Мүтәлі Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектептің жаңа оқу корпусының құры­лыс барысын көрді. Жоба «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 600 оқушыға арналған үшқабатты жаңа корпус құрылысы бүгінде 40 пайызға орындалған. Қазір шатыр жабу, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Құрылыс кесте бойынша осы жылдың қараша айында аяқталуға тиіс. Дегенмен мердігер нысанды межелі мерзімге жеткізбей, жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беруге да­йын екенін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым білім саласындағы мемлекеттік саясаттың бас­ты өзегі – оқушы мен мұғалімге қамқорлық екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі жыл­дары қабылданған «Педа­гог мәртебесі туралы» заң нақ­ты нәтижелер беріп отыр: мұға­лімдердің орташа жала­қысы едәуір өсіп, жүкте­месі азайған, еңбегіне деген қоғамның құрметі артқан.

Нысанның жай-күйін көр­ген депутаттар мектеп инфрақұрылымын дамы­ту мемлекет үшін басым мін­дет­тердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, өңірдегі оқушылар санының өсуі білім мекемелерін де тездетіп салуды қажет етеді.

Президент тапсырмасы­ның орындалу барысымен таны­су мақсатында Мәжіліс депу­таты, «Ауыл» партиясының төраға­сы Серік Егізбаев Ақтөбе облысына барып, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмысты көрді. Іссапар аясын­да С.Егізбаев Қарғалы ауда­нындағы «Степное» ЖШС қыз­метімен танысты. Мал және егін шаруашылығын қатар дамы­тып отырған кәсіп­орын ауыл тұрғындарын тұ­рақ­ты жұмыспен қамтып, жергі­лікті жердің әлеуметтік-эконо­микалық жағдайын жақсарту­ға елеулі үлес қосып келеді. Серіктестік – 2002 жылдан бас­тап элиталықтұқым өндіретін шаруашылық. 250 адамды жұмыспен қамтыған ЖШС 52 мың гектар жерді игеріп отыр.

Серіктестік басшысы, «Ауыл» партиясының мүшесі Аман­ғос Төлеуов – былтыр Мем­лекет басшысының Жар­лы­ғымен «Қазақстанның Ең­бек ері» атағына ие болған тәжі­­рибелі шаруашылық жетек­­шісі. Кездесу барысында оның аграрлық сала мен пар­тия жұмысына қосқан үлесі ба­ғаланып, «Ауыл» партиясы­ның 25 жылдық мерейтойлық медалі салтанатты түрде табыс­талды. Мұндай қадамдар ауыл шаруашылығында адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, саланың дамуына деген сенім мен ынтаны күшейте түседі. 

Соңғы жаңалықтар