Әлем • 06 Қаңтар, 2026

Венесуэлада уақытша президент ант қабылдады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венесуэлада билік транзиті аясында елдің вице-президенті Делси Родригес уақытша мемлекет басшысы ретінде ант қабылдады. Оның тағайындалуын елдің Жоғарғы Соты мақұлдады, деп жазады Egemen.kz.

Венесуэлада уақытша президент ант қабылдады

Фото: AVN

Ант беру кезінде Родригес ел халқының басынан өткен ауыр кезеңді атап өтіп, мемлекеттегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге бар күшін салатынын айтты. Оның сөзінше, ұлттық бірлік пен ұйымдасқан халықтың қуаты елдің егемендігін сақтаудың басты кепілі.

Делси Родригес Венесуэла тарихында атқарушы билікті басқарған алғашқы әйел атанды. Ол қазіргі ахуалды ел тұрақтылығына төнген сын-қатермен байланыстырып, бейбіт өмірді қамтамасыз етпейінше бір сәтке де тоқтамайтынын мәлімдеді.

Сол күні парламент отырысында оның ағасы Хорхе Родригес Ұлттық ассамблея төрағасы қызметіне бекітілді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты қысымды күшейтіп, Делси Родригестің елдегі өтпелі кезеңге жауапты болатынын мәлімдеген.

Өз кезегінде уақытша президент АҚШ-пен өзара ынтымақтастыққа дайын екенін айтып, Венесуэланың бейбіт өмір сүруі мен егемендігіне құқығы бар екенін атап өтті.

Делси Родригес чавизм бағытындағы ықпалды саяси тұлғалардың бірі саналады. Заңгер мамандығын алған ол боливарлық жобаны қолдайды. Бұған дейін сыртқы істер министрі және атқарушы вице-президент қызметтерін атқарып, үкіметтің стратегиялық салаларында саяси салмағын күшейтті.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, ол уақытша президент міндетін қазіргі мемлекет басшысы Николас Мадуро америкалық әскери құрылымдар тарапынан ұсталғаннан кейін қабылдаған. Мадуро мен жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктегі федералды сот алдында есірткі терроризміне қатысты айыптармен жауап беріп жатыр. Екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамай, 17 наурызға белгіленген қайта тыңдауға шақырылған.

Бұған дейін Эдмундо Гонсалес өзін Венесуэла президенті деп жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар