Кеше Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев пен “Қазагромаркетинг” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Мұхамеджановтың қатысуымен Қазақстан агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің “Қараөткел 2010” жәрмеңкесі және І халықаралық мал шаруашылығы форумының жұмысын түсіндіру мақсатында баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда аталған жәрмеңке 2010 жылғы 31 шілдеден 1 тамызға дейін “МЕТРО” көтерме сауда орталығының маңында өтетіндігі белгілі болды.
Жыл сайын жәрмеңкенің қатысушылар саны көбеюде. Мәселен, 2006 жылы олардың саны 100-ге ғана жетсе, ал 2008 жылы 200 компания қатысқан еді. Биыл аталмыш жәрмеңкеге 300 компания қатысуға тілек білдіріпті.
Сондай-ақ, биыл “Қараөткел 2010” жәрмеңкесі аясында алғаш рет 30 шілдеде “RІXOS Presіdent Astana” қонақүйінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Еуропа және Канада елдерінің жетекші ет және сүт өнімдері өндірушілерінің қатысуымен “KazMeat&Mіlk 2010” атты І халықаралық мал шаруашылығы форумы өтеді.
Жәрмеңке қатысушылары арасында өз секторының ең үздігін табу мақсатында байқау ұйымдастырылуда. Байқауда ұтқандар халықаралық көрмелерде қазақстандық делегацияның құрамында елімізді таныстыруға мүмкіндік алады.
Жәрмеңкеде жүзден жүйрік шыққан ең үздіктер “Қараөткел 2010” атты алтын медалдармен марапатталады. Сонымен бірге, жәрмеңкеге қатысушыларға өз өнімінің көп бөлігін сақтауы үшін мұздатқыш жабдықтар тапсырылады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.