09 Шілде, 2010

ТҮРКІ ӘЛЕМІН БІРІКТІРУШІ ТҰЛҒА

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Джонатан Айткеннің Н.Назарбаев туралы кітабы түрік тілінде шықты Аталған іс-шараға кітаптың авторы Дж.Айткен, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Б.Әміреев, Түркияның белгілі қоғамдық ұйымдары “Түрік ошақтары” бас хатшысы О.Кавунджу мен “Диа­лог–Еуразия” тұғырнамасының бас үйлестірушісі Х.Токак, белгілі саяси қайраткер, Халықаралық Қо­жа Ахмет Ясауи қорының пре­зи­денті Н.К.Зейбек, Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетінің өкілетті төрағасы О.Хората, бұрын­ғы Мемлекеттік министр А.Анди­жан, ірі түрік іскер адамдары: “Ча­лык Холдинг” төрағасы А.Чалык пен “Кибар Холдинг” төрағасы А.Кибар және басқа белгілі сая­саткерлер, қоғам қайраткерлері, дипломаттар, журналистер, кітап сарапшылары қатысты. Тұсаукесерде елші Б.Әміреев кі­таптың авторына туындының басты кейіпкері Н.Назарбаевтың жас Қазақстан мемлекетінің қалыпта­суын­дағы, жаңарып қайта құры­луы­ндағы, дамып, табыстарға же­туін­дегі рөлін толық ашып жазғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басты жетістіктері мен бастамалары туралы, атап айтқанда, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығының құ­ры­луы, Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартуы, та­рихта тұңғыш рет Азияда ынтымақ­тастық пен қауіпсіздік тетігі – АӨСШК құрылуы, сыртқы шека­ра­лардың табысты демаркациялануы өркениеттер үнқатысуын дамытуға қосқан үлесі, түркі әлемінің бірі­гуін­дегі маңызды рөлі туралы әңгі­ме­леді. Б.Әміреев: “Әлемдік дең­гей­дегі белгілі саясатшы Н.На­зар­баев туралы көптеген кітаптар жа­зылған. Бұл кітаптың ерекше құн­дылығы сонда, оны батыс жазу­шы­сының батыс оқырманына және Қазақстан мен оның көшбас­шы­сы­на батыстық көзқарас тұрғысынан жазғанында болып отыр. Түркияда Президент Н.Назарбаев өте жақсы танымал. Дегенмен, Түркия батыс әлемінің де бір бөлігі болып табы­ла­ды және Джонатан Айткен мыр­заның кітабы түрік оқырмандарына Н.Назарбаевты және Қазақстанды басқа бір маңызды жағынан – ба­тыс­тық қырынан көруге көмек­теседі”, – деп атап өтті. Кітаптың авторы Дж.Айткен кі­таптың түрік тіліне аударылғанына қуанышын жеткізе отырып, Н.На­зарбаев туралы кітапты қолына алуының басты себептеріне қыс­қа­ша тоқталды. “Біріншіден, мені Н.Назарбаевтың таңқалдырарлық өмір жолы өте қызықтырғанын ай­туыма болады. Бұл – кішкене ауылдан басталып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы Н.Назарбаевтың бүгінгі орнына дейін әкелетін жол. Екіншіден, Қазақстан басшысының дипломатиялық өнері мен шебер­лігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары барлық көршілерімен шекарасы бекітілмеген мемлекет еді. Бір мемлекеттің ешбір қақты­ғыс­сыз шекарасын бекітуі оңай нәр­се емес, дегенмен, Қазақстан өзі секілді жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген көрші елдермен қа­тар, Ресей, Қытай секілді ірі мемлекеттермен де шекарасын нық бекітіп, халықаралық сахнада өзінің орнын таба білді. Үшіншіден, Н.Назарбаевтың саяси карьерасы. Сонау Дж.Кеннеди мен Н.Хру­щев­тің кезінен бастау алған әлемдегі бір­ден-бір саясаткер десем жазбай­тын шығармын. Дәл сол кезде енді ғана комсомолға кіріп, саясатқа қадам басқан жас жігіт Н.Назарбаев саясаткер ретінде қалыптасып, сая­си карьерасы бүгінгі күнге дейін жал­ғасып келе жатыр. Бұл оқи­ға­лардың қызықтыратыны сөзсіз”, – деді Дж.Айткен. Түркияның белгілі “Түрік ошақ­тары” қоғамдық ұйымы бас хат­шысы О.Кавунджу аталған ұйым тарапынан Н.Назарбаевқа “Түркі әлеміне қызмет” марапаты беріліп, осы ұйым журналында Қазақстан мен Президент Н.Назарбаевқа арналған 9 мақала жарық көргенін, сон­дай-ақ Н.Назарбаев ескерт­кі­ші­нің Анкараның байырғы да көркем “Жастар” саябағына орнатылғанын атап өтті. Қазақстан Президентіне осындай құрмет, біріншіден, түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз бай­ланыстыру жолындағы еңбегіне бай­ланысты болса, екіншіден, Н.На­зарбаевты Қазақстанды біртұ­тас мемлекет ретінде қалыптас­ты­рып, елдің келешегін келісті ету жо­лындағы маңызды істері үшін құрметтейтіндіктерін білдірді. О.Кавунджу: “Түркия Президенті А.Гүлдің сөздерімен айтқанда, Пре­зидент Н.Назарбаев “түркітілдес халықтардың көшбасшысы” және көп этносты Қазақстанда этностық қақтығыстарға жол бермеген көшбасшының жетістігі үшін барлық адамзат атынан оған алғыс білдіру қажет”, – деді. “Диалог–Еуразия” тұғырнама­сы­ның бас үйлестірушісі Х.Токак Қазақстан Президенті байсалды сая­сат жүргізуінің арқасында Орта­лық Азия мен бүкіл әлемдегі үлгілі көшбасшыға айналғанына назар аударды. Ол өз сөзінде: “Қа­зақ­стан­дағы көпұлтты халық­тың – 130 ұлт өкілдерінің мәде­ниетін бірлік, достық, бауыр­машылық арқылы қосып отырған Н.Назарбаев баршамыз үшін көшбасшылықтың үлгісі”, – деп атап көрсетті. Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи қорының президенті Н.К.Зей­бек қазақтардың түркітілдес халықтардың бір бөлігі екендігін және түркі әлемінің Орталық Азия­да пайда болғанын, қазақ дала­сын­да еркіндік пен тәуелсіздіктің әр­дайым құпталғанын, қазақтың өр­кендеуі барлық түркітілдес халық­тардың өркендеуі екендігін атап өтіп, “Қазақстан Елбасы туралы қолына қалам алып, оны жарыққа шығарған Дж.Айткенге үлкен алғы­сымызды білдіреміз”, – деді. Сон­дай-ақ, Қазақстан басшысының әлемдік деңгейдегі осы заманғы көшбасшы екеніне тоқталып, “Н.Назарбаев заманымыздың Ататүркі” деп мәлімдеді. Белгілі саясаткер, ғылым адамы және бұрынғы Мемлекеттік ми­нистр А.Андижан “Әлемдік көш­бас­шы ұғымы – қоғамның тарихи бағасы мен саясаткерге деген алғы­сының жемісі. Менің көзқарасым бойынша, түркі әлемінде Н.Назар­баевтың саясат сахнасында жоғары көтерілуі тарих беттерінде ізін қалдырады” деген ой тастады. Кітаптың тұсаукесерінің соңын­да Дж.Айткен қолтаңбасын тара­тып, түрік тілшілеріне сұхбат берді.