Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Ел мүддесіне сай жаңа көші-қон саясаты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет өткен жылдың аяғында еліміздің 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдады. Оның негізінде адам капиталы дамып, мигранттарды сапалы іріктеуге негізделген қауіпсіз әрі басқарылатын көші-қон жүйесі қалыптаспақ.

Ел мүддесіне сай жаңа көші-қон саясаты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген еліміздің 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасының негізгі ережелерін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, қазір көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы, сондай-ақ әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан көптеген ел өз көші-қон саясатын қайта қарап жатыр. Еліміз де бұл бағытта нақты қадамдар жасап, көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып келеді. Ол ашық әрі айқын болып, ең бастысы мемлекет пен азаматтардың мүддесіне қызмет етуге тиіс.

«Үкімет қабылдаған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжы­рымдама­сын­да экономика­ның қажетті­лігі, азаматтардың мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік мәсе­­лелері жан-жақты қарас­ты­рыл­ған. Ең алдымен, біз Қазақ­стан азамат­тарының мүддесін басшы­лық­қа аламыз. Шетелдік жұмыс күші тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартылады. Көші-қон бағыт-бағдары өңір­лер мен нақты жобалардың сұра­ны­сына сай қалыптасады», деді ол.

Бұл ретте «Заң және Тәртіп» қағидатының сақталуына басты назар аударылады.

«Заң бәріне ортақ. Сондық­тан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен сырт айналып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолда­нылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі»,  деп атап өтті министр.

Жаңа тәртіп осы жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этностық қазақтар алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама,  уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді.

Вице-премьердің айтуынша, мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымызға арнайы тәртіп бар. Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңір­лік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспана мен жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады», деп түсіндірді А.Балаева.

Сонымен қатар балама жол да бар. Яғни мемлекеттік қолдау­сыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алуға мүмкіндік бар. Бұл жағдайда өңірді азамат өз қалауынша таңдай алады.

Министрдің айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-ке­зеңімен енгізіледі. Қоғам­ның, бизнестің, сондай-ақ өңірлер­дің пікірі ескеріледі. Заңды құр­меттейтін, адал азамат­тарға әрдайым басымдық беріледі. Циф­рлық құралдар заңсыз әре­кеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.

«Көші-қон мәселесі заңды, қауіпсіз әрі бақылауда болу­ға тиіс. Тек сонда ғана ол мем­лекетіміз бен азамат­тары­мыздың мүддесіне сай келеді», деп сөзін түйіндеді А.Балаева.

Соңғы жаңалықтар