Сурет: instagram.com/senate_kz
Сенат депутаты Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысының Жамбыл ауданында болып, әлеуметтік және инвестициялық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Әли ауылында жасөспірімдерге арналған аудандық кітапхана мен мұрағатты және бос уақыт кешенін аралап көрді. Бұл нысандар бюджет қаржысы есебінен пайдалануға берілген және мәдени ортаны дамытуға, жастарды қолдауға, жұмыс орындарын ашуға бағдарланып отыр. Депутат сонымен қатар тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар мен отбасылардың әлеуметтік осал топтары үшін 120 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Сенаторлар Амангелді Есбай мен Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысының Панфилов ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды бақылап, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысын көзбен көріп қайтты. Жұмыс сапары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында белгіленген міндеттер аясында өтті. Онда өңірлердің теңгерімді дамуы, әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктерді қысқарту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ билік органдарының азаматтардың нақты сұраныстарын шешуге бағытталуын күшейту мәселелері қамтылды.
Ал сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, Красный Яр ауылында денсаулық сақтау және спорт мекемелерінің қызметімен танысты. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жұмыс істеу сапасын бақылау, сондай-ақ тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу сапардың басты мақсаты болды. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына, сондай-ақ Көкшетау көпсалалы ауруханасының паллиативтік бөлімшесінде болып, медицина қызметкерлерімен кездесу барысында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі, кадр әлеуеті және еңбек жағдайлары мәселелері талқыланды.
Сенат депутаттары Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Қызылқоға ауданына ат басын бұрып, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының өкілдері және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Депутаттар Сенаттың былтырғы жұмысы туралы хабардар етіп, қабылданған заңдар, сондай-ақ парламенттік қызметтің негізгі бағыттары туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтқан тұжырымдарға ерекше назар аударылды. Президент ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыру, мал шаруашылығы саласындағы жұмысты күшейту, сондай-ақ кооперацияны одан әрі дамыту қажеттігін атап өткені айтылды.
Сенаторлар Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарына барып, халықпен кездесулер өткізіп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық нысанның қызметімен танысты. Өңірдегі жұмыс Мемлекет басшысының сұхбатында белгіленген тәсілдерді ескере отырып құрылды. Президент айтқандай, өңірлік дамудың мазмұндылығы және іске асырылып жатқан жобалардың – инвестициялық бастамалардан бастап, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етуге тиіс әлеуметтік бағдарламаларға дейінгі практикалық қайтарымдылығының маңызы сөз болды. Осыған байланысты сенаторлар ірі инвестициялық жобаларға да, халықтың күнделікті қажеттіліктеріне тікелей қатысты базалық инфрақұрылым мен әлеуметтік сала мәселелеріне де назар аударды.
Сондай-ақ олар Мақтаарал ауданының елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйімен танысты. Тұрғындардың орталықтандырылған ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз етілуіне қарамастан, бірқатар ауылда тозған желілерді жаңарту қажеттілігі сақталып отыр. Ақжол ауылында сенаторлар су құбыры инфрақұрылымын қайта құру барысын тексеріп, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртудың қадамдарын талқылады.
Депутаттар Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына барды. Сапар барысында олар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен танысып, ауылдық аумақтарды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Қоныс ауылындағы 60 орындық жалпы білім беретін мектепке ат басын бұрып, кейінгі жылдары ауданда білім беру инфрақұрылымын жаңарту шаралары дәйекті түрде іске асырылып жатқаны атап өтілді. Төрт жыл ішінде бес жаңа мектеп пайдалануға берілген. Сенаторлар оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, ауылдық жерлердегі білім беру жүйесін одан әрі дамыту келешегін талқылады.
Бұған қоса сенатор Сұлтан Дүйсембинов Жетісу облысындағы Сарқант ауданында, Советбек Медебаев Ұлытау облысында, Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Ақтау қаласында болып, инфрақұрылымдық және ғылыми-экологиялық жобаларды іске асыру барысымен танысты.
Маңғыстау облысына барған депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Каспий ғылыми зерттеу институтының басшылығымен кездесті. Жүздесу барысында институттың материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ Каспий теңізі деңгейін мониторинг жасау, өңірдің экологиялық жағдайы және теңіз ресурстарын ұтымды пайдалану саласындағы ғылыми жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Жабдықтарды жаңғырту және ғылыми инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді.