– Сіздің, АҚШ-қа қадам басуыңызға не түрткі болды?
– Бала кезден ширақ болдым, жаңаны көрмекке, үйренуге асықпын. Ата-анам жұмысбасты, көбіне ата-әжемнің тәрбиесін көрдім. Олар ерекше темірдей тәртіп пен жауапкершілікке берік жандар-етін. Білімге құштарлығымды ашқан да – сол кісілер. Содан болар, көп дүниеге қызығушылығым басым. Ойлаған істі аяғына дейін жеткізбей қоймайтын қайсарлық, табандылық деген қасиеттер де етене шақтан бойыма әбден сіңді. Қарап отырсам, әр таңдауыма негіз болған да, өмірдің әр кезеңінде жаңа ортаға тез бейімделуге, белгісіздіктен қорықпауға, өз мүмкіндігіңді кең ауқымда сынауға жетелеген осы дүниелер екен.
Қазақстанда халықаралық қатынастар және қаржы мамандығын оқыдым. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Манчестер университетінің магистратурасын да сәтті аяқтадым. Елге оралған соң, Алматыдағы таныстарыммен бірлесе университеттерге Wi-Fi инфрақұрылымы мен интернет шешімдерін құратын стартап ашуды жөн санадық. Бұл жобаны бес жыл бойы үздіксіз дамытып, нарыққа бейімдедік. Компанияға инвестор тартылып, жоба толық сатылған сәтте мен үшін бұл жобаның аяқталуы ғана емес, кәсіби және жеке өсуімнің жаңа кезеңі басталатынының белгісі еді. Әлемдік деңгейдегі, әсіресе аналитика мен технологиядағы ең алдыңғы қатарлы орталарда тәжірибе жинағым келді. Сөйтіп, Америкаға 2016 жылы көшіп келдім. Бірден мамандығымды түбегейлі өзгерткен жоқпын, бірақ кәсіби бағытым айтарлықтай нақтыланды десем, болады. Негізгі кәсіби қалыптасуыма INTO University Partnerships компаниясындағы еңбек еткен жылдарым себеп болды. Бұл ұйым университеттермен серіктестік орнатып, жаһандық деңгейде үлкен жобаларды іске асырып жатты, дәл осы кезеңде талдаушы ретінде командаға қосылдым. Мұнда студенттік қабылдауды болжау, қаржылық модельдер құру және әр серіктестіктің ұзақмерзімді табысына әсер ететін факторларды бағалау жұмыстарымен айналыстым. Осылайша, шетелдің мен-мен деген университеттерінен аяқтанғандармен иық тіресе еңбек етіп, салада алған білімімді, статистикалық білігімді және аналитикалық қабілетімді жаңа деңгейге көтердім. Бұл қадам мен үшін тек географиялық тұрғыда орын ауыстыру емес, ішкі ерік-жігерімді шыңдаған, кәсіби даму жолымда маңызды белес болды деп айта аламын.
– «Bloomberg» корпорациясына қалай келдіңіз?
– «Bloomberg» компаниясына шақырылуыма INTO-дағы ірі жобалармен айналысуым, ұлттық деңгейдегі конференцияларда жасаған баяндамаларым, жарияланған зерттеулерім мен әріптестерімнің кәсіби ұсыныстары әсер етті. Бұл компанияға мен бар-жоғы бір-ақ рет өтініш бердім. Іріктеу үдерісі оңай болған жоқ: сұхбат шамамен бес айға созылды. Әрбір кезеңде үміткердің аналитикалық ойлау қабілеті, өнімді терең түсінуі, мәселені шешу логикасы, коммуникациялық дағдылары мен стратегиялық көзқарасы жан-жақты бағаланды. Бұл тек техникалық білімді емес, кең ауқымды ойлай алуды талап ететін үдеріс болды. Меніңше, осы кезеңдерде менің аналитикалық икемділігім мен күрделі мәселелерді жүйелі түрде талдай алу қабілетім «Bloomberg» командасының назарын аударды. Бүгінде «Bloomberg»-те еңбек етіп жүрген қазақ қыздарының бірі болу – мен үшін тек кәсіби жетістік емес, сонымен қатар ел намысын халықаралық деңгейде танытудың бір жолы. Әрине, жауапкершілік бар, соның өзінде ерекше мақтаныш сезімі басым.
– Қазіргі атқарып жүрген қызметіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Қазіргі таңда «Bloomberg Law» бөлімінде Senior Data Analytics Manager қызметін атқарамын. Негізгі міндетім – заң саласындағы тұтынушылардың мінез-құлқын терең талдау. Атап айтқанда, пайдаланушылардың платформаны қалай қолданатынын, өнім ішінде қандай кедергілерге тап болатынын, қай тұста тоқтайтынын, нені іздеп, қандай функциялармен жұмыс істегісі келетінін зерттеймін. Бұл зерттеулер өнімді жетілдіруге және клиент тәжірибесін жақсартуға тікелей әсер етеді.
Бұл компанияда бір команданың ішінде заңгерлер, инженерлер, дата-ғалымдар мен UX зерттеушілер сияқты түрлі саланың мамандарымен бірге жұмыс істеймін. Әрқайсының ойлау жүйесі мен мәселеге көзқарасы бөлек. Осындай ортада өз орныңды табу мен үшін үлкен мектеп болды. Бұл тәжірибе кәсіби көкжиегімді кеңейтіп қана қоймай, адамдармен қарым-қатынас құру қаншалықты терең әрі маңызды қабілет екенін түсінуге жол ашты.
Негізінен, дата аналитика саласына бет бұрған уақытта шамамен 3–5 айды онлайн платформалар арқылы SQL, Python, Power BI, логтау жүйелері, A/B testing сияқты негізгі құралдарды меңгердім. Бірақ «Bloomberg»-те жұмыс істеген жылдары деректермен жұмыс істеудің ең күрделі деңгейлерін тәжірибе жүзінде тереңірек игердім.
– Алдағы 5–10 жылда жас мамандар үшін ең маңызды дағды қандай болады? Қай мамандықтарға қазірден бастап ерекше мән берген жөн?
– Ең маңызды дағды – үйрене білу мен тез бейімделу қабілеті. Технологиялар өте жылдам өзгеріп жатыр: бүгін өзекті құралдар бірнеше жылдан кейін ескіріп қалуы мүмкін. Сондықтан нақты бір бағдарламалау тілін ғана меңгеру жеткіліксіз, ең бастысы – деректердің қалай жұмыс істейтінін, модельдердің қалай құрылатынын, талдаудың сапасын қалай бағалау керектігін түсіну.
Екінші маңызды қабілет – нақты бағыт бойынша мамандық таңдау. Технология мен бизнесті, деректер мен дизайнды, жасанды интеллект пен этиканы байланыстыра алатын мамандар ең жоғары сұранысқа ие болады.
Үшінші дағды – коммуникация. Қаншалықты мықты техникалық маман болсаң да, өз ойыңды түсіндіре, қорғай, нәтижені ұсына алмасаң, ықпалың шектеулі болады. Дәл қазіргі трендпен кеңес беретін мамандықтар қатарында – Data Science пен AI/ML, Product Management, UX Research, Cybersecurity, AI Ethics пен Governance. Ең бастысы – трендтің соңынан соқыр еру емес, шын мәнінде қызықтыратын бағытты таңдау. Себебі қызығушылық болмаса, өзгеріс қарқынына төтеп беру қиын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»