Суреті түсірген – автор
Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған стационар жағдайындағы мемлекеттік орталық саны – екеу. Олар – «Павлодар облысының жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ (268 төсектік орын) мен «Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі Ақсу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ (241).
«Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын 497 адам паналап отыр. Олардың 323-і ер, өзгесі әйел адамдар. Павлодар қаласында орналасқан қарттар үйіне 4 адам кезекте тұр. Ақсудағы мекемеде керісінше 12 орын бос тұр. Сол тұрғыда өңірде қарттар үйлеріне тапшылық байқалмайды», дейді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рахымова.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде былтырдан бастап елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді лицензиялау, жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу сияқты елеулі өзгерістер енгізілген. Әлеуметтік кодекске сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін субъектілер – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия негізінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалар.
«Павлодар облысында бүгінде стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін лицензияланған жеке субъектілер жоқ. Бірақ аумағымызда тұрақты күтімге мұқтаж егде жастағы адамдарға тұрмыстық күтім көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын 5 жекеменшік пансионат жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың қызметі халықты әлеуметтік қорғау жүйесін реттеу, ведомстволық бақылау саласынан тыс орналасқан. Себебі ондағы күтіліп жатқан қариялардың еңбекке қабілетті балалары бар. Сондай-ақ аталған пансионаттардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензиясы жоқ, арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсынбайтындықтан, әлеуметтік қызметтерді жеткізушілер тізіліміне енгізілмеген. Соған орай оларға бюджеттен қаржы бөлінбейді», деп қосты басқарма өкілі.
Бұдан бөлек, аймақта үйде күтім жасау жағдайындағы қызметті 18 ұйым, оның ішінде 13 мемлекеттік, 5 мемлекеттік емес субъекті жүзеге асырып отыр.
Былтыр прокурорлар Ақсу қаласындағы пансионатта қарт адамдарды сырт киімсіз далада ұстап, азаптау деректерін анықтаған еді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпарынша, қазір аталған орталық жұмыс істемейді. Сот кінәлі тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан.
Атап өтерлігі, биыл қарттар үйлеріне бюджеттен 1 млрд 667,2 млн теңге бөлінген.
Павлодар облысы