«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті нарық қатысушыларын сыра мен сыра өнімдерін цифрлық таңбалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркеу рәсімдерінің іске қосылуы жөнінде хабардар етеді. «Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында сыра мен сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Өндірушілер мен импорттаушылар жүйенің жұмысымен және Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне (ТТҚ АЖ) тіркелу мүмкіндіктерімен қазірдің өзінде https://tanba.markirovka.kz/ мекенжайындағы өндірістік стенд арқылы таныса алады.
Аталған жүйе өнім туралы мәліметтерді көрсетуге, сондай-ақ өндіріс пен логистикада Data Matrix кодтарын қолдануға байланысты үдерістерді қолдауға арналған.
Цифрлық таңбалауды енгізу мына мерзімдерде жүзеге асырылады:
-
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап – бөшкелердегі (кег) және бөтелкелердегі өнімдер үшін;
-
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – қаңылтыр банкілердегі өнімдер үшін.
Аталған мерзімдерден кейін шығарылатын өнімдер айналымға енгізу кезінде Data Matrix кодтарын пайдалана отырып, ТТҚ АЖ-да тіркелетін болады.
Еске салайық, 2025 жылғы қарашада Қазақстанда міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтілгені хабарланған еді. Тізімге төрт жаңа тауар тобы енгізілді:
- сыра өнімдері,
- мотор майлары,
- жеңіл өнеркәсіп тауарлары
- сайғақ дериваттары.
Қазіргі уақытта міндетті цифрлық таңбалауға үш тауар тобы жатады:
- темекі өнімдері,
- аяқ киім
- дәрілік заттар.
Осы уақытқа дейін 7 млрд-тан астам тауар бірлігі таңбаланған. Зергерлік бұйымдар бойынша пилоттық жоба аяқталған. Сондай-ақ биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ), тұрмыстық химияны, газ баллондарын, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майын және ағаш материалдарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр.