Пікір • Кеше

Сыр – Алаштың анасы

30 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұйырса, тарихи Қызылорда осы жылдың атаулы күнпарағын Ұлттық құрылтайдан бастағалы тұр. Қасиетті де киелі өңірдегі елдік жиын береке-бірлігімізді арттырып, келелі ой-пікірді ортаға салады деп сенемін.

Сыр – Алаштың анасы

Осындайда ықылым заманнан бері «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз еске түседі. Осы сөздің астарында бір халықтың әлсіреп барып толысқан, жіңішкеріп барып үзілмеген тарихи тағдыры жатыр. Басына күн түскен қиын-қыстау күндердің бәрінде исі қазақ Сырға келіп паналаған. Сырдың нулы қамысы, қом суы, жазира белі мен құйқалы алқабы жанға сая, малға талшық болды. Осы жерден ес жиып, етек қымтаған жұрт қоңыраулы найзасын қайыра қолға алған. Қиғыр қылыштың мұқалған жүзі жарқырап, қыл тамақ найзаның ұшы жауға кезелген. Осылайша, күллі далаға қайта тарап отырған. Жығылғанда сүйеу, жылағанда жұбаныш болған қасиетті Сыр бойын Алаш баласы анасына балапты.

Қазақ тарихында қаралы кезең саналатын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында босқынға түскен халық Сыр бойына келіп, өзінің Әз анасының бауырынан табылды. Осы жерде күш топтап, жасанған жауына қарсы аттанды. Бірте-бірте атақонысын жау қолынан азат қылып, босатып алды. Бірақ жұрт жаны жаралы күнде Сыр суының шипа болғанын ешқашан ұмытқан емес.

Әрісін айтпағанда өткен ғасырдың басындағы нәубетке толы алапат ашар­шылық тұсында да өзегі талған жұрт Сыр мен Әмуге қарай ағылды. Олардың да жадында осы қос өзеннің алабы пана болды деген ата-бабасынан қалған берік ұғым, терең түйсік бар еді. Осылайша, Сыр-Ана кемеліне келіп, кенересінен асып тұрған шақта алты Алашқа қорған болды. Дәл осы мысыр шәріде, алтын бесікте кіндік қанымыз төгіліп, тамырымыз байланғанын Құдайдың берген бағы деп білеміз.

Қадым заманнан қос өзеннің арасы Ұлы өркениеттердің ошағы болған. Мысалы, Месопотомия өркениеті – Тигр мен Евфрат өзендері бойында, ежелгі Мысыр өркениеті – Ніл өзенінің бойында, Үнді өркениеті – Үнді және Ганг өзендерінің бойында, Қытай өркениеті – Хуанхэ және Янцзы өзендерінің жағасында, Анд өркениеті – Амазонка және басқа да өзендердің бойында қалыптасқанын, сонда салтанат құрғаны тарихтан мәлім.

Ал Ұлы Мәуренахр даласы Әму мен Сыр дарияларының арасы көшпелілердің оты маздаған орталығы болды. Осы жерде от жалындаған өркениет дамып, әлемдік мәдениетке, адамзат баласының алға жылжуына теңдесіз үлес қосты. Құрлық арасын өнермен, білім-ғылыммен, сауда-саттықпен жалғады. Тарих алдындағы миссиясын артығымен орындады. Ендігі таңда осы алтын жүлгені бүгінгі Сыр бойы, Қызылорда өңірі лайықты жалғастырса, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей түспек.

Кеше ғана іргесіне Қыдыр қонып, ырысы шайқалмаған Қызылорда қала­сының ел астанасы атанғанына 100 жыл толды. Сол уақытта қазақ республикасы астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіріп еді. Осы тұста ұлтымыздың «қазақ» деген тарихи атауы ресми заңдас­ты­рылып, қалпына келтірілгенін де жақсы білеміз. Уақыт үшін қас-қағым, ал адам баласы үшін тым ұзақ көрінетін бір ғасырда Қызылорданың басына не келіп, не кетпеді? Бұл құтты Қорқыт Ата топырағында Алаштың не бір марғасқа ұлдары, жақсы-жайсаңдары алшаң басып жүрді. Ел тағдарына тағдыршешті өзгеріс әкелетін берік байламдар жасады.

Қысқасы, егемендіктің іргесі осы жерде бекіп, елдің алтын арқауы ширай түсті. Қызылорда небәрі төрт жыл астана атанса да егемендік жолындағы күрестің жылнамасы жазылып, өшпес бедері қалыпты. Ақыры алдымыздан Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, жарқыраған нұрлы күн туды. Бабалардың арманы ақиқатқа, өткеннің ауыр наласы бүгінгінің көл-көсір қуанышына айналды. Сіз бен бізге егемен елдің ұланы болу шексіз бақыты жазылды. Кезінде Әбіш Кекілбайұлы «Бодандықтың қанша өкініші көп болса, Тәуелсіздіктегі жауапкершілік одан да көп» деген еді.

Осындайда, әрине, әрбір азамат туған еліне, жеріне жасару-жаңару жолында үлесін қосуға атсалысуы – әрі міндет, әрі парыз. Кезінде облыс әкімі болып қызмет атқарғанымда әріптестеріммен бірге Қызылорданың іргесін кеңейту жайын көп ойлайтынбыз. Желкілдеп жас өркен өсіп келе жатыр. Олар бір жерге тығылмай емін-еркін жүруге тиіс. Осы ойдың жетегінде жүргенде аузы қисық біреудің «Ақмешіт – Қоқан салған қала» деген сөзін естідім. Жігеріңді жанып, намысыңды қамшылайтын сөз. Сонда Сырдың бойына сәулетті қалалар салған неше мыңжылдық тарихымыз қайда қалды?

Әрине, ол тарихтан мысал келтіріп сөз қағыстырудың қажеті болмас. Ақиқатты дәлелдеп керегі не? Бірақ ойланып қалдым. Қызылордаға да тәуелсіздіктің сыйлығы өз қолтаңбасы, бүгінгі қазақтың салған жаңа қаласы болуға тиіс. Сол жаңа қалада жас ұрпақ жаңа өмір бастауы керек. Ал оны қайда салған ләзім? Қаланың сәні мен салтанаты, ырысы мен несібесі – Сыр өзені. Жоғарыда атап өткенімдей әлемдегі ең көрікті қалалар соның ішінде Астанамыз да өзеннің қос қанатына қоныс тепкен. Бізге де неге соны жасамасқа?

Оның үстіне «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы Сырдың сол жағалауын басып өтіп жатыр. Осылайша, қазіргі оң жағалау мен сол жағалауды жалғаған көпірді салдыра бастадым. Әу баста қолдағанынан гөрі артқа тартқандар, қолпаштағандардан гөрі мысқылдағандар көп болғаны да рас. Тіпті Үкіметте «Көшербаев ешқайда апармайтын көпір салып жатыр» деген сынның астында қалдым. Бірақ биік мақсат жолындағы іс бөгесінді бұзып шығатыны анық. Бірте-бірте көздеген мұратымызға да жақындай бердік. Көпірдің құрылысы аяқталып, сол жағалаудан алғашқы шағын аудан түсті. Сол кезде де қу дала көріп, бола­ша­ғына көп адам сенімсіздік танытып еді. Қазір қаланың қанаты солай қарай жайылып, тынысы кеңіп барады. Осыны көргенде көңілімді қуаныш кернеп, тәубе деймін. Одан кейін де аймақта көп шаруа атқарылды. Ел тұтқасын ұстаған жаңа буын азаматтарымыз аймақ игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Шүкір!

Осы сәтте жалпы еліміздегі ай­мақ­тар­ды, қалаларды, елді мекендерді қайта жаңғыртуға байланысты көзқара­сымды айтуды да жөн көріп отырмын. Ғасырлар бойы аңсаған егемендік бізге кезінде Еділден айырылған қазақты Есілден де айырмау үшін елордамыз Астананы ғана сыйлаған жоқ. Табаны суалып, тамыры қуарған қаншама елді мекендердің тіршілігіне қан жүгірді. Рухани астанамыз, түбі бір түркі әлемінің темірқазығы Түркістан қаласы қайта түлеуде. Рухты жаншып, кеудені басқан кер заманда көзден жырақ, көңілден алыс қалып еді. Қазіргі дамуына қарап сүйсінеміз. Былтырғы наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Руханиятымыздың көкжиегі кеңіп, рухымыздың биіктей түскені – елдігіміз үшін қымбат.

Сондай-ақ Ұлытау мен Семейдің өз алдына жеке облыс болғаны оңтайлы шешім болды. Бұл – «Ұлт ұясы» атанған киелі Ұлытау өңірі мен ұлылар мекені, Алаш қаласы Семей үшін ғана емес, тарихқа тағзым, өткенге құрмет деген сөз.

Тарихымыздың таңбасы тасқа түскен, ата-бабамыздың сүйегі жатқан қасиетті жерлерді түлете алмасақ, ел рухын қалай серпілтеміз? Бір өңірді дамыту арқылы тарихымыздағы бір дәуірді тірілітеміз. Ұлытау десе айбынды Ұлық Ұлыс – Алтын Орда, жарты әлемге салтанат құрған Жошы ұлысы еске түседі. Түркістаннан бас­тап күллі Сыр бойындағы қалалар қазақ хандығының ғана емес, байтақ Еуразияның күретамырына айналды. Семей де қазақ рухының жанартауы аталып, Алаш қайраткерлері «Күншығыстағы ақ алтын сызыққа» жеткісі келді.

Кең көсілген сағымды Сарыарқа шалқар өрісіміз болды. Түбі бір түркі­лердің алтын бесігі асқақ Алтайдан тартып бүгінгі ерке Есілдің бойына дейінгі жылнамада халқымыздың бүкіл кешуі, ғұмырнамасы жатыр.

Дегенмен де елімізді көркейтіп, өткеннің олқылылығын толтырып жатқан тұста әлі бас бұра алмай жатқан құтты қоныстар, құйқалы алаптар аз емес. Соның бірі – киелі Сығанақ қаласы. Біз тарихымыздың түпқазығының бірі болған Сығанақ қаласын ұлықтауды әзірше ұмыт қалдырдық. Қазақ хандығының ең бір еңсесін көтеріп, шұбар ала жалауын жаза желбіреткен жері еді. Бұл шаҺар уақыттың қилы өткелдерінде мемлекетке астана, елге пана, рухани ошақ болғанын зиялы қауым жақсы біледі. Ортағасырлық араб саяхатшысы Ибн Баттутаның жазбаларында «Сығанақ базарларында тек кәуап пісіру үшін күніне 500 түйе сойылатын» деп көрсетілген. Бұл дерек арқылы аталған шаҺардың қандай алып қала болғанынан хабар берсе керек. Дешті-қыпшақ мемлекетінен тарап, Ақ Орда мен қазақ хандығының тұсында саяси әрі мәдени орталық болды. Мың жылдан астам тарихында ержүрек қазақ халқымен бірге уақыт өткелдерінен өтті. Талай қиямет жылды, ауыр шайқасты бастан өткерді. Сығанақ қаласын Жаңқорғандағы Белқор үстіртінде жатқан, жал-жал болып үйілген қара топырақ деп қарамауымыз керек. Ендігі міндетіміз Сығанақ қала­сының тарихи орынын қалпына кел­тіру болуы керек. Оның үстіне тарихта тоғыз жолдың торабында айналған бұл жердің ашық аспан астындағы туристік әлеуеті де жоғары. Бір бүйірінде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы жатыр. Сондықтан осы қаланы жандандыра алсақ, ұлы мемлекеттеріміздің тарихи сабақтастығы жаңғыра түсер еді. Ол кезде біз қирандыға айналып, жерге шөккен ескі қаланы ғана емес еркін, азат елдің асқақ рухын тірілтіп, өр намысын оята түсер едік.

Ұстазым, абыз Әбіш аға Кекілбайұлы айтатын «рухани сахилық» біз секілді жас мемлекетке, дүркіреп өсіп келе жатқан елге аса қажет. Осы маңызды іске бастама ретінде белгілі тарихшы Бүркіт Аяғанмен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Сығанақ қаласы туралы кітапты баспаға дайындап жатырмыз. Бұл Сыр бойында өтетін Ұлттық құрылтайға деген біздің сыйымыз болсын деп жоспарлағанбыз.

Осы ретте ел газеті «Егемен» арқылы құрылтай мүшелеріне туған топырағым – Сыр елі туралы ақпарат беріп, «Қош келдіңіздер қасиетті де киелі өлкемізге!» деген ізгі ниетімді жолдауды қаладым.

Иә, данышпан қазақ айтқандай, «Табалдырықтан биік тау жоқ». Алапа асқан, мейманасы тасқан мықтының бәрі осы тауға келіп тірелген. Өмірдің басы да, аяғы да – осы табалдырық. Елдің үкілі үмітін ақтап, сеніміне ие болып жүрген замандастарыма айтарым: қазақтың киелі топырағы мен ғазиз елімізге басымызды иіп, құлдық етейік, барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден айырылмай, тәуекелден айнымай, Тәуелсіздік тасын өрге қарай дөңгелете берейік, ағайын!

 

Қырымбек Көшербаев,

мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану докторы, профессор 

Астана 

Соңғы жаңалықтар