Әуелгі көздеген мақсатымыз – жұмыс бабы. Көптен бері жол түспей жүрген ауданды өз көзімізбен көру, екіншіден, газетіміздің жылдық жазылым жайында бұл ауданның көрсеткіші төмен-тұғын, соның жайын да ұғысып қайту болса, үшінші ой – жаңа жылда сондағы ағайын-туыстың арасында болсақ дегенбіз. Сөйтіп, ақар-шаһар Астана емес, бүгінде қайта серпілген Семей де емес, таныс та бейтаныс Камышенка ауылында күнтізбедегі 2026 жылды отбасымызбен осы ауылда қарсы алудың сәті түскен еді.
Ел орынға отырған шақта: «жаңа ашылған клубта жаңа жыл кеші болады екен» дегенді естіп, ауыл жұртымен бірге біз де сонда бардық. Ауыл тайлы-таяғы қалмай клубқа жиылыпты. Мәдениет ошағының іші лық толды.
Содан 10–15 күн бұрын облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына барған жұмыс сапары аясында, дәл осы Камышенка ауылына арнайы ат басын бұрған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынған ауылдық мәдени клубтың ашылу салтанатына қатысып, жаңа нысанның маңызы туралы айтқаны есімізде.
– Бұл ауылда соңғы рет 1985 жылы жаңа ғимарат ретінде мектеп салынған екен. Содан бері бой көтерген тұңғыш ғимарат осы. Осы жерде жақсы іс-шаралар, концерт, кездесулер ұйымдастырылады деп ойлаймын. Ғимарат құрылысы сапалы, жақсы жүргізілген екен. Құтты болсын, – деген аймақ басшысы.
Расында 40 жылдан кейін көрген жаңа ғимараттың қандай қуаныш сыйлағанын сол ауылдағы ағайынан артық ешкім де сезіне алмас. Ал оны көзбен көрудің жөні бір бөлек. Бірлігі бекем жарасқан әртүрлі ұлт өкілдері қара жорға билеп, қазақша ән айтып жатты. Жыл кіргенге дейін не түрлі ойын өткізілді. Бәрі де шынайы, ауыл жұртының қызығы да бөлек, эмоция айқын. Жалпы, халықтың көңіл күйі ерекше, қуаныштарында шек жоқ. Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, әлеуметтік жағдай дегеннің өзі әуелі халықтың мерекелік көңіл күйінің көтеріңкі болуынан басталады екен. Адамдарды сөзге тарттық. 40 жыл бойы жаңа ғимарат салынбаған ауыл жұрты бұл клубтың шын мәнінде, қажет нысан екенін айтып, ризалықтарын білдірді.
– Расын айтқанда, дәл мұндай жаңа жыл кеші ауылымызда алғаш рет өтіп отыр. Көріп тұрғаныңыздай, ауылдастардың қуаныштарында шек жоқ. Бәрі де билеп, ән айтып мәре-сәре мерекелеп жатыр. Клуб құрылысын уақытында аяқтап, ел игілігіне дер кезінде бергізген облыс әкімінің табанды еңбегіне алғысымыз зор. Ауыл – көркейе берсін, – дейді ауыл тұрғыны Сағынған Ержанқызы.
Камышенка ауылы – Подборный ауылдық округінің орталығы. Ауылдағы үлкендердің айтуына қарағанда, елді мекен іргесінде тұрған үлкен баздарда бұрын «талпақ танау» өсіріліпті. Сөйтіп, ауыл іргесі 1954 жылы А.С.Пушкин атындағы шошқа кеңшарын ұйымдастыруға байланысты қаланады. 1997 жылы кеңшар негізінде «Камышное» «Құрылысшы» және «Подборное» ЖШС-тері, 4 шаруа қожалығы, машина-трактор жөндеу шеберханасы ұйымдасыпты. Ауыл жұртының бір бөлігі қалаға қатынап нәпақасын айырса, біразы ауылдың дәл іргесіндегі «Семей орманы» ұлттық резерватында жұмыс істейтін көрінеді. Ауыл – Семей-Рубцовск (Ресей) халықаралық автожолдың бойында екен. Ал тағы 18 шақырым жүрсеңіз – аудан орталығы тиіп тұр. Ресми дерекке сәйкес, ауылда қазір 957 адам тұрады. Ауыл үлкендерінің айтуынша, ауыл атауы бұрын – Төрттал болған көрінеді. Кейін жер жайына қарай, Қамысты, яғни Камышенка аталып кетіпті.
Ауыл әкімі Алмас Шалғынбаевтың айтуына қарағанда, жаңа нысан әлі әкімдіктің меншігіне өтпеген. Сол себепті де клубқа жұмысшы ала алмай отырғанын айтып қалды.
– Мәдениет ошағының құрылысы алдыңғы жылы басталып, қаражат мәселесіне байланысты тоқтап қалған еді. Сөйтіп, 2025 жылы мамырда ғимараттың құрылысы қайта басталды да, желтоқсан айында пайдалануға берілді. Жаңа клуб ауыл тұрғындары үшін маңызды мәдени-әлеуметтік орталыққа айналмақ. Клубта балалар мен жасөспірімдерге арналған шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері және музыкалық үйірмелер ашамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді ауыл әкімі.
Жаңа клуб ауыл үшін қашан да маңызды мәдени-әлеуметтік орталық. Камышенка тұрғындары үшін бұл – жаңа жыл кешінің шаттығы ғана емес, алдағы күндерде де ауыл жұртының мерекелік көңіл күйін көтеріп, әрдайым халықты біріктіретін орынға айнала бермек.
Абай облысы,
Бородулиха ауданы