Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:15

Есірткі қылмысын еңсеретін жоспар

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай бастамалары аясында бірқатар маңызды тұжырымдамалық құжат әзірленді. Соның бірі – өткен жыл­дың аяғында Үкімет қаулысымен бекітілген Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026–2028 жылдар­ға арналған кешенді жоспар. Бұған дейінгі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жалғасы ретінде өмірге келген жаңа құжатта есірткіге қарсы күрес саласындағы кейінгі пайда болған сын-қатерлерді еңсерудің нақты қадамдары көрініс тапқан.

Есірткі қылмысын еңсеретін жоспар

Құжаттың кіріспесінде қазіргі уақытта елімізде қалыптасып отырған есірткі қылмысы ахуалына сипаттама беріледі. Атап айтқанда, есірткі өндірісі мен таралуының өсуі, трансұлттық есірткі желілерінің, жаңа жеткізу маршруттарының жан­­дануы, өлім-жітім мен психикалық бұзылушылықтардың көбеюі, әлеуметтік тұрақсыздық пен қылмыстың күшеюі, жастардың цифрлық арналар мен есірт­кі мәде­ниеті арқылы тартылуы секілді көптеген фактор осы кешенді жоспардың өмірге келуіне негіз болған.

«Жаңа кезеңдегі жаһандық тұрақсыздық есірткіге қарсы іс-қимыл саласында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді қалыптастырып отыр. Бұл қыл­мыстық топтардың мақсат­­тарын, құрылымы мен қызметін жан-жақты талдауды талап етеді. Сонымен қатар әлем бойынша күшейіп келе жатқан әлеу­меттік-экономикалық осалдық есірткіге қатысты ахуалдың күр­де­лене түсуіне ықпал етіп, ха­лықтың анағұрлым осал топ­тарын қорғау үшін тереңдетіл­ген ведомствоаралық және мем­лекетаралық ынтымақтастық­тың қажеттігін негіздейді. Бұл рет­те қоғамдық денсаулық сақ­тау есірткі тұтынумен, азаматтар­дың психикалық денсаулығының жай-күйіне байланысты ұлғая түсетін тәуекелдерге тап болып отыр», делінген құжатта.

Сонымен қатар есірткі қылмыс­та­ры­ның киберкеңістікке өтуі, крип­товалюталарды қолдану және құ­рамы мен әсері жағынан барған сайын күрделене түскен пси­хи­каға белсенді әсер ететін заттар­дың пайда болуы мемлекеттік орган­дардың ортақ күш-жігерін шоғыр­ландыруды талап етіп отырғаны алға тартылады. Бұған қоса қазіргі таңда тұтынылатын есірткінің негізгі түрлеріне синтетикалар, оның ішін­де амфетамин туындылары мен ал­мастырылған катинондар; кан­н­абис және оның туындылары (гашиш, марихуана, т.б.); апиынды есірт­кілер, оның ішінде героин; құра­мында кодеин, фенобарбитал және өзге де тыйым салынған заттар бар психикаға белсенді әсер ететін дәрілік препараттар жататыны көрсетілген.

Құжатта жазылғандай, жыл са­йын еліміз аумағында 20–25 тонна есірткі заттары тәркіленеді. Оның шамамен 90 пайызы – каннабис тобындағы есірткілер.

Биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттар мен прекурсор­лардың заңсыз айналымы үшін қыл­мыстық жауапкершілікті көздей­тін жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді. Осыған байланысты уәкілетті органдардың өзара іс-қи­мыл тәрті­бін, құқық қолдану тәжіри­бесінің алгоритмдерін және жедел-іздестіру іс-шараларын нормативтік жағы­нан қамтамасыз ету, сондай-ақ аталған нормалардың іске асырылуын қамтамасыз ету үшін кешенді жос­пар әзірленіп отыр.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Данияр Мейір­ханның айтуынша, бұл құжат Мем­лекет басшысының 2025 жылдың наурыз айында өткен Ұлттық құ­рыл­тайдың төртінші отырысында бер­ген тапсырмаларын орындау шеңберінде ІІМ тарапынан дайындалған.

«Кешенді жоспарды әзірлеу барысында бұған дейінгі жоспар­ды іске асыру нәтижелері де ескеріл­ді. Өткен үш жылдың ішінде ведом­ствоаралық және халықаралық ынты­мақтастық күшейтіліп, есірткі қылмысына қарсы күрес белсенді сипатқа ие болды. Негізінен құқық бұзушылықтардың алдын алуға назар аударылды. Былтыр барлық құ­қық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың күшімен 4 мыңнан аса есірткі қылмысының, оның ішінде 2 700 өткізу фактісінің жолы кесілді. Әсіресе синтетикалық есірткілерді тәркілеу нәтижесі едәуір өсіп, жалпы көлемі 1,5 тоннаны құрады», деді ол.

ІІМ өкілінің айтуынша, заңна­маға енгізілген өзгерістердің арқа­сында есірткі қылмысын жаса­ған­дар­ға берілетін жаза барынша қатаңдатылып, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Соның нәтижесінде ел ішінде синтетикалық есірткі заттарының өндірісі төмендеген. 2025 жылдың наурыз айынан бастап есірткіні медициналық пайдаланудан басқа мақсатта тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік, қыр­күйек айынан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

«Тұңғыш рет ІІМ жанынан Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Оның мүшелерінің бірі Бостандыққа шыққан есірткі қылмысын жасаған­дарды қоғамға қайта әлеумет­тенді­ру бағдарламасын ұсынып, әкім­діктердің қолдауымен оны ел кө­лемінде таратып жатыр. Бағдарлама мақсаты – сотталғандарды сұранысқа ие кәсіптерге оқыту, мекеме ішінде, кейін бостандыққа шыққаннан соң жұмысқа орналастыру. Бұл іске бұрынғы есірткі жасырып кетумен айналысқандар да тартылып жатыр. Абақтыдан шыққан жүзге тарта адам ерікті ретінде жұмысқа алынды», дейді Д.Мейірхан.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева өз сөзінде алдыңғы кешенді жоспарды жүзеге асыру ба­рысында салалық ведомство қол жет­кізген бірқатар нәтижеге тоқтал­ды. Атап айтқанда, жасырын есірткі қолдану жағдайлары төмен­деп, синтетикалық заттарды қолданумен байланысты диагноздармен алғашқы рет динамикалық бақылауға қойылған адамдар саны 20 пайызға артқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ұзақмерзімді ремиссиядан кейін динамикалық бақылаудан шығарылған балалар мен жасөспірімдердің қатары 25 пайызға көбейген. Бұл емдік және оңалту шараларының тиім­ді­лігін көрсетеді. Үшіншіден, меди­циналық-әлеуметтік оңалту жүйесі дамып келеді. Өткен үшжылдық жоспар нәтижесінде ерікті түрде емделген пациенттердің 30 пайызы медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасымен қамтылған.

«Былтыр Оқу-ағарту министр­лігімен бірлесіп ESPAD халықаралық моделі бойынша жастар арасында психикалық белсенді заттарды тұтынудың таралу деңгейін зерделеу мен алдын алу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға арналған эпидемиялық зерттеу жүр­гізілді. Оған еліміздің әр аймағынан 13 пен 18 жас аралығындағы 9,5 мың мектеп оқушысы қатысты. Қазір алынған мәліметтерге талдау жүргізіліп жатыр. Ол осы жылдың алғашқы тоқсанында жарияланады», деді ол.

Г.Сәрсенбаева жаңа кешенді жос­парда көрсетілген 33 іс-шараның 8-інде Денсаулық сақтау министрлігі негізгі орындаушы екенін айта келе, ерікті түрде емделіп, медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасымен қамтылғандардың қатарын биыл – 31%, келесі жылы – 33%, үшінші жылы 35%-ға жеткізу көзделіп отырға­­нын жеткізді. Оның ай­туын­ша, жос­­пар аясында алдын алу жүйесін же­тілдірудің, наша­қорлықтан ем­деу мен оңалту жүйесін дамыту­дың озық халықаралық тәжі­рибе­лері зерделенбек.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студенттер арасындағы нашақорлықтың алдын алу жұмыс­тарына қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, құқық қорғау орган­дарының қатысуымен студенттерге әлеуметтік желі мен мессенд­жерлерде есірткі туралы тыйым салынған контентті жария­лау мен тарату үшін көзделген қыл­­мыстық жауапкершілік түсінді­ріліп келеді. Сондай-ақ ІІМ және «Есірткісіз болашақ» («ЕсБол») қоғамдық қорымен бірлесіп жастар арасындағы есірткіге тәуелділіктің алдын алуға бағытталған студенттік ұяшықтарды құру жобасы іске асырылып жатыр.

«Қазір осындай ұяшықтар елі­міздің 8 аймағында жұмыс істей­ді, оларға 2 мыңнан аса студент тар­тылған. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірін қамту көзделіп отыр», дейді ол.

Сонымен қатар А.Абылайхан бұл құқық бұзушылықтың қандай ауыр әрі азапты іс екенін шынайы түрде көрсету мақсатында ЖОО базасында сот отырыстарын өткізу тәжірибесі жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, былтыр 25 мамырда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ірі көлем­де есірткі заттарын өткізумен айналысқан азаматқа қатысты сот отырысы өткен. 2023 жылы да А.Байтұрсынұлы атындағы Қос­танай аймақтық университеті базасында осындай сот отырысы болғанын еске салды.

Айта кетсек, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында бірінші кезекте атқарылатын шаралар анықталған. Оның қатарында есірткі жарнамасымен және оны таратумен байланысты интернет-контентті мониторингілеу үшін ЖИ қолдану, есірткі плантация­­ла­­рын, жасырын есірткі зертханала­­рын және прекурсорлар жасырыл­­ған орындарды анықтау, Интерпол­мен және ҰҚШҰ елдерімен халық­аралық ынтымақтастықты жандандыру, әр өңірде есірткіге қатыс­ты құқық бұзушылықтар профи­лактикасының пәрменді жүйесін белсенділерді, блогерлерді, ҮЕҰ мен білім беру ұйымдарының өкіл­дерін осы жұмысқа тарта оты­рып қалыптастыру, есірткі қылмыс­тары туралы ерікті түрде хабарла­ған немесе олардың жолын кесуге жәр­демдескен азаматтарды қаржылай көтермелеу секілді бірқа­тар шара бар.

Жалпы, кешенді жоспар іс-ша­ра­ларын ұйымдастыруға бюджет­тен 18,2 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. 

Соңғы жаңалықтар