Грекияда ақша таусылуға жақын
Егер Грекия оған қарыз беру жөніндегі келісім мерзімін ұзартуға қол жеткізе алмаса, онда бұл елдегі жағдай ушыға ма деген қауіп бар. Өйткені, қазынаның ақшасы таусылатын уақыты жақын. Осының алдында елдің қаржы министрлігіне сілтеме жасай отырып жарияланған мәліметтерге қарағанда қазынадағы қаржы 25 ақпанда таусылады деген деректер бар. Мұның өзі Афинаның бұдан былайғы уақыттары бюджет қызметкерлерінің жалақылары мен зейнеткерлер зейнетақысын төлей алмайтындығын білдіреді. Әрине, мемлекеттік мекемелердің қорларын жұмсау арқылы мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Бірақ та бұл да тым қысқа мерзімдік ықпалы бар шара. Ең әрі кеткенде бір ай ғана жан сақтауға болар. Ал наурыздың соңына таман Грекияға Халықаралық валюта қорының берешегін өтеу үшін 1,5 млрд. еуро қажет болады. Онан кейін 4,5 млрд. еуроның қазыналық вексельдерінің мерзімін ұзарту міндеті тағы тұр. Сарапшылардың пікірлерінше, басқа да шығындарды өтеу үшін үкіметке 4,3 млрд. еуроның қосымша қаржысы тағы қажет. Елдегі қаржы жүйесінің жағдайы да уақыт өткен сайын күрделене түсуде. Грек банкілерінің клиенттері соңғы айлардың өзінде есеп шоттарынан 20 млрд. еуроның қаржысын алып кеткен. «Грек банктері өте қиын жағдайға душар болуда. Оларды тіпті, соңғы демінің үстінде тұр деп айтуға болады. Олар әзірге Еуропалық орталық банктің арқасында ғана өмір сүруде. Еуропалық орталық банк бұларға ауық-ауық операцияларды жүзеге асыру үшін қаржы тастайды. Банктер солардың арқасында өмір сүріп келеді», дейді бір сарапшы. Оның айтуынша, Грекия қазынасындағы қаржының да шеті көрінді. Өйткені, парламентке сайлау науқаны басталған кезден бастап адамдар салық төлеуді доғарған. Яғни, кіріс көзі жоқ. Ал шығын болса, барған сайын ұлғайып келеді. Ақшаның банктерден қашуын тоқтату үшін шектеу шараларына бару қажет секілді. Бірақ бұл да қиындықтан шығар жол емес. Сөйтіп, Грекияның жаңа үкіметі үшін ақшаға деген мұқтаждық күн өткен сайын күшейе түсуде.Жаңа несиелерді алу да қорқынышты
Грекия үкіметі өзінің қазіргі жағдайында от пен судың ортасында тұрғандай. Оларға қарыз берушілердің алдында мойынсынып, жаңа қарыздарды алу да оңай емес. Ал келісім жасасудан бас тарту тіптен қиын. Осы жағдай қоғамдағы көңіл күйді тіптен қоюландырып барады. Мұны жергілікті баспасөздегі тақырыптарға қарап аңғаруға болады. «ЕО мен Афина: сөздер соғысы», «Брюссельмен тілге келу қиындығы», «Еуропалық орталық банктің беті жылыр емес», «Енді не болмақ?». Міне, грекиялық басылымдардың беттерінде бүгінгі күндері осы мәндес тақырыптар өріп жүр. Сондай мақалалардың бірінде Афина тұрғыны Грекия үкіметінің Еуропалық одақпен несие шартын одан әрі ұзарту жөніндегі өтініші жөніндегі пікірін білдірген. «Мен үрейге әбден беріліп алдым. Біздің әріптестеріміз бұдан әрі біздің тағдырымыз туралы қандай шешім қабылдамақ? Өзіме осындай сұрақ қойсам, қорқыныштан бойым қалтырайды. Қазіргі жағдайлардың барысы еуропалық әріптестердің Грекияға көмектесуге құлықты емес екендігін көрсетіп отыр. Әрине, кемшілік біздің жағымыздан да бар. Біз өз тағдырымыз туралы тым жеңіл ойланатын секілдіміз. Қазіргі уақытта ащы айғайдың бізге пайдасы жоқ. Әрине, біз Еуропалық одақтағылар үшін ешбір жамандық істеп отырғанымыз жоқ. Біз тек өз жағдайымызды айтып отырмыз. Осыны олар ұқса екен», дейді бір тұрғын. «Мен ақыр аяғында бір шешімге келетіндігімізге күмәнданбаймын. Бірақ та шешімдер еш уақытта әлсіздердің пайдасына орай қабылданбайтындығын тағы білем. Бірақ, енді тоқтаудың қажеті жоқ. Осы бағытымыз бойынша жүре беруіміз керек. Бәлкім сонда ғана бізге несие шарттарын жеңілдететін болар», дейді екінші бір тұрғын. Грекия қарызы қазіргі уақытта 3201 млрд. еуроны құрап отыр. Бұл – елдің ішкі жалпы өнімінің 180 пайызы. Грекияға қарыз берушілер 2012 жылы сол қарыздардың біраз бөлігіне кешірім жасаған болатын. Бірақ қалғанының өзін төлеуге Грекия экономикасының шамасы жетпей отыр.Реформа тізімін ұсынды
Қолымызға кешегі күні келіп түскен соңғы деректерге қарағанда, Грекия үкіметі осының алдындағы отырыста қарыз беруші үштік (Еуропалық комиссия, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орталық банк) тарапынан ұсынылған бірқатар ұсыныстарға мойынсынып, солардың ескертпесіне сәйкес ел ішінде жүргізілетін реформасының тізімін әзірлеуге кіріскен. Ол тізімде салық төлеуден жалтарушыларға қарсы күресті күшейту, мемлекеттік аппаратты қысқарту секілді шаралар бар көрінеді. Немістің Bild газетінің жасырын көздерге сілтеме жасай отырып жазған хабарына қарағанда, бұл шарада Грекия тек салық төлеуден жалтарушылармен күресті күшейту шарасының өзінен ғана 7,3 миллиард еуро жинауды көздеп отырған секілді. Өткен аптаның жұма күні Грекия үкіметінің өкілдері Еуропалық комиссия және Халықаралық валюта қорының басшылығымен кездесіп, осының алдындағы бұрынғы үкімет тұсында жасалынған несиелендіру бағдарламасының мерзімін ұзартуды өтінген болатын. Сол кезде Грекияға ел ішінде жүргізетін реформасының тізімін тапсыру талабы қойылған болатын. Грекия үкіметі осы талапты орындауға кірісіп отыр. Осы тізімге сәйкес ендігі реформаның ауыр салмағы Грекиядағы байлардың мойнына түсе бастаған секілді. Өйткені, Грекия үкіметі осындай азаматтарға салынатын салық көлемін арттыру арқылы қосымша 2,5 миллиард еуроның қаржысын жинауды көздеп отыр. Дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».