Сыйлыққа өтінімді қалай ұсынуға болатыны туралы ақпарат Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Сонымен қатар сайтта сыйлыққа ұсынудың талаптары мен қажетті құжаттар тізімі де көрсетілген. Талап бойынша жұмыс Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсынылады. Бұрын сыйлыққа ие болған жұмыстар конкурсқа жіберілмейді.
Сондай-ақ бір автор немесе авторлар ұжымы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа қатарынан екі рет ұсыныла алмайды. Авторлар ұжымы сыйлыққа ұсынылған жағдайда үміткерлер саны 5 адамнан аспауға тиіс. Сыйлыққа жұмыстарды мемлекеттік органдардың алқалары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар ұсынады. Сыйлыққа қатыстырылатын шығарма бес жылдан аспайтын уақытта және кемінде бір жыл бұрын көптің ықыласына бөленген туынды болуы керек. Өтінімдер мен жұмыстар 2026 жылдың 1 наурызына дейін қабылданады.
Айта кетейік, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық екі жыл сайын беріліп келеді. 2024 жылы мемлекеттік сыйлыққа әдебиет бойынша «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы үшін ақын Светқали Нұржан мен «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы үшін жазушы Құлбек Ергөбек ие болды. Ал өнер саласы бойынша «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанова (авторлық ұжым), «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы үшін суретші Жанұзақ Мүсәпір иеленді.