Polisia.kz-тің жазуынша 17 қаңтар күні сағат 07:33-те Екібастұз қаласындағы су қоймасында Mitsubishi Delica маркалы автокөліктің мұз ойылып, суға батып кеткені туралы хабарлама түскен. Аталған көлікте балық аулауға шыққан төрт азамат болған.
Оқиға орнына жедел түрде учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов жетіп, автокөлік пен балықшылардың орнын анықтаған. Кейін ол координаттарды жедел-тергеу тобына және төтенше жағдайлар қызметіне жеткізген.
Ақмола облысында 45 жастағы балықшы суға батып көз жұмды
– Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде төрт ер адам да құтқарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Құтқару кезінде олар қатты тоңған. Суға түскен киімдері мұз болып қатып қалғандықтан, бірден көлікке отыра алмады. Шалбарларын қайшымен кесуге тура келді. Балықшылардың ешқайсысы жарақат алған жоқ, барлығы үсіп қалу белгілерімен ауруханаға жеткізілді, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Ведомство мәліметінше, ер адамдар ескертулерге және қатты аязға қарамастан балық аулауға шыққан. Мұз үстіне шығып, құрал-жабдықтарын түсіргеннен кейін автокөлік мұз астына кетіп, оны шығару мүмкін болмаған.
Полиция азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін атап өтіп, тұрғындарды қатты аяз кезінде алыс жолға шықпауға және сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.