Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Кәсіпорын тарихы 1993 жылы анестезиолог-дәрігер Кеңес Қазбағарұлы Құсайыновтың тағдырлы шешімінен бастау алды. Жалпы хирургия, онкология жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман стерильді пластикалық катетер, дренаж түтіктері, қысқыштардың түгелдей шетелден тасымалданатынына қынжылатын. Сол кезеңдегі өтпелі уақыттың қиындығына қарамастан, ол шикізатты сырттан алдырса да, дайын өнімді өзімізде жасауға бел буды. Шикізат дайындау мәселесін болашақтың еншісіне қалдырды.
Өкінішке қарай, компанияның басы-қасында жүрген азамат Кеңес Құсайынов 1997 жылы өмірден озды. Бастаған ісін жары, серіктестіктің қазіргі директоры Бағлан Баққұлова жалғастырып әкетті. Ол алғашқы жылдары бірнеше термопласт-автомат сатып алып, ескі гараждарды күрделі жөндеуден өткізіп, бұйымдардың алғашқы үлгілерін шығарғанын тебірене еске алады. Уақыт өте келе қараусыз ғимарат 1 150 шаршы метрлік үлкен цехқа айналды. Бағлан Досжанқызы бастаған ұжым халықаралық көрмелерде жабдықтарды, озық технологияларды зерттеп, әлемдік зауыттардың тәжірибесін өндіріске енгізді. «Даму» қорының субсидиялау, кепілдік беру құралдары арқылы 566 млн теңге несие, 32 млн теңге кепілдік рәсімделіп, заманауи жабдықтар алынды, айналым қаражаты толықтырылды.
Компанияның атқарушы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Руслан Ахметовтің айтуынша, зауыт – республикада медициналық экструзияға маманданған, посткеңестік кеңістікте толық циклді өндіріс жолға қойылған санаулы кәсіпорынның бірі. Қазіргі таңда 7 мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешенде өндірістік желілер, зертханалар, қойма үй-жайлары орын тепкен. Мұнда катетер, дренаждық түтіктерден бастап, кіндік қысқыштары, эндоскопияға арналған құрғатқыштарға дейін 150 түрлі бұйым шығарылады. Жылдық қуаттылығы – шамамен 4,5 млн дана өнім. Бұл көлем елдегі медициналық мекемелер қажеттілігінің 99%-ын өтеуге қауқарлы.
Руслан Ахметов бұл материалдарсыз бірде-бір хирургиялық операция өтпейтінін алға тартады. Бұрын импорттық катетерлер нарықта 60-120 еуро тұрса, қазір отандық өнім бағасы 200 бен 2 000 теңге аралығында ғана. Аппаратуралық жабдықталуы жағынан зауыт АҚШ, ЕО елдері, Оңтүстік-Шығыс Азияда жұмыс істейтін балама өндіріс орындарынан кем түспейді.
Технологиялық үдерістің барлық кезеңі: медициналық экструзия, қысыммен құю, фрезерлеу, жинау, қаптау, стерильдеу жұмыстары Н14 сыныбының аса таза жағдайында жүргізіледі. Өндіріс орнындағы тазалық бірден назар аудартады. Ауаның бір текше метріндегі микробөлшектер саны 43 мыңнан аспайды. Бұл көрсеткіш ауруханадағы операциялық бөлменің тазалығы деңгейінен де бірнеше есе жоғары. Стерильдікті қамтамасыз ететін қондырғылар орасан зор электр энергиясын тұтынады. Ауа тәулігіне 24 сағат таза болуға тиіс болғандықтан, коммуналдық төлем құны да жоғары. Сол себепті кәсіпорын толығымен автономды кешен ретінде жабдықталған. Оның барлық технологиялық желінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жеке трансформаторлық қосалқы стансасы, компрессорлық, қазандық жүйесі бар. Осынау күрделі жүйеге небәрі төрт инженер қызмет көрсетеді.
Өнімнің бүкіл желісі ISO 13 485 халықаралық сапа стандартына сәйкес сертификатталған. Кәсіпорынның жыл сайын халықаралық аудиттен өтетін жеке зертханасы, сапаны бақылау бөлімі жұмыс істейді. Пневматикалық жүйелер материал-пластификаторды тікелей термопласт-автоматтарға, экструзиялық желілерге береді. Дайын бұйымдар стерильдеу, орау, бақылау сатыларынан өтеді.
Қазірде шикізат шетелден сатып алынады. Оның құрамында фталат жоқ, адам ағзасы үшін толығымен қауіпсіз, өйткені өнімдер ішкі органдармен тікелей байланысқа түседі. Дегенмен компания ортамерзімді перспективада шикізатты отандық мұнай өңдеу зауыттарынан алу мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ пациенттердің жарақат алу қаупін төмендету үшін жаңа өнім – тұнбасыз катетерлер дайындау қолға алынды. Сарапшылардың пікірінше, 30 тәулікке дейін пайдалануға жарамды бұл инновация ересектерге де, нәрестелерге де қолайлы болады.
Әрине, өндірісшілерді толғандыратын түйткілдер де жоқ емес. Р.Ахметовтің айтуынша, бюрократия, рәсімдеудің ұзақтығы бизнеске қолбайлау болып отыр. Кейінгі жылдары дәрілік заттар, медициналық бұйымдарды сатып алудың шекті бағалары, тізімдері бар бұйрықтарды бекітудің кешіктірілуінен, қоймалар контрабандалық өнімдерге толып кету қаупі бар.
Зауыт өкілдері өнім сұрыпталымын ұлғайту үшін Денсаулық сақтау министрлігінің жетекшілік ететін департаментімен тығыз ынтымақтастыққа үмітті. Жоғары технология, инженерлік ойлылық, сирек кездесетін дербестік деңгейін үйлестірген бұл кәсіпорын – отандық өнеркәсіптің маңызды бөлшегі.
АЛМАТЫ