09 Шілде, 2010

БАБЫ КЕЛІССЕ, ТАБИҒАТ ТҰНЫП ТҰРАР ЕДІ

708 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Әмудария мен Сырдария өзендерінің төменгі ағысында суармалы алқаптар күрт ұлғайтылды. Осының салдарынан Арал теңізіне бұған дейін құйылып тұрған өзен суының көлемі алты есе кеміді. Кеңестік ашкөздіктің асқынғаны соншалық, өзен арналарының ағыстары Аралға жетпей қалған жылдар да болды. Сол уақыттардан бері теңіз өз айдынының жартысынан астамын, көлемінің 75 пайызын жоғалтты, кейбір тұстарда өз жағалауынан 100 – 150 шақырым кейін шегініп кетті. Теңіздің тартылуынан сол өңірдегі күллі жан -жануар, тіршілік, табиғат, адам қатты зардап шекті. Экологиялық жүйе бұзылды. Іс жүзінде балық шаруашылығы жойылды. Төрттен үш бөлігі құрғап қалған теңіз түбінен көтерілген тұзды шаң сонау алыстағы Скандинавия елдеріне дейін жетті. Сорланған топырақтың құнары кеміді, дақылдардың өнімділігі төмендеді. Ауыз судың сапасы мүлдем нашарлап кетті. Осының салдарынан адамның, әсіресе, әйелдер мен нәрестелердің денсаулығы күрт нашарлады. Бұл бірнеше елдің, халықаралық институт­тардың күш-жігерін біріктірмесе бой бермейтін, ондаған елді қамтыған, ХХ ғасырдағы теңдесі жоқ табиғат апатына айналды. 1993 жылдың 26 науры­зында Қызылорда қаласында Орталық Азия мем­ле­кеттерінің, атап айтқанда, Қазақ­стан­ның, Қыр­ғызстанның, Тәжікстанның, Түрк­і­менстан мен Өзбекстанның басшылары осы орай­дағы ынты­мақтастыққа сындарлы қадам жасап, Арал айма­ғын экологиялық сауықтыру және оның әлеу­мет­тік-экономикалық дамуын қам­тамасыз ету жө­ніндегі іс-қимылдарды бір­лес­тіру туралы келісімге қол қойды, сәл кейін Нөкіс кездесуінде нақты іс-қимылдар бағдарламасы (АТАБ) қабылданды. Міне, Арал теңізі атырабындағы су шаруа­шы­лығындық, басқаша сөзбен айтқанда, эколо­гиялық ахуалды жақсарту жөніндегі күрделі, кей реттерде қайшылығы да мол мәселелердің бір­тін­деп шешім табуына осылайша негіз салынған болатын. Жылдан жылға аймақтың ажарланып, теңіздің түлегенін көрген өңір тұрғындары: Аралдың айбынын асырып, теңізін толтыратын жалғыз жоба – ол “Ғасырдың ғаламат жобасы” атанып, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген кіші Аралды сақтап қалудың бірегей үлгісі – “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау” жобасы, ол – Елбасының Қызылорда халқына деген ерекше қамқорлығы”, – деп өздерінің шексіз ризашылықтарын білдіруде. Енді осы “САРАТС” жобасы туралы әңгіме қозғасақ, бүгінде оның 1-кезеңі бойынша Көкарал су тоспасы, Айтек құрылыс кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынып, Қазалы және Қызылорда су тораптары, Шардара мен Арнасай су тоспаларын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары толығымен іске асырылып, Ақлақ су торабының құрылысы аяқталды. Көпшілік келешегінен күдер үзе бастаған Арал өңірі осы жобаның арқасында аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерді. Нәтижелерге қысқаша тоқтала кетсем, Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті секундына 300-350-ден 650-700 текше метрге немесе екі есеге ұлғайып, Солтүстік Арал теңізінің деңгейі көтерілді. Мұндағы су көлемі 27 текше шақырымға жетті. Теңіз ұлтанының үштен бір бөлігі сумен жабылды. Теңіз қалаға 40 шақырымға жақындады. Суы кеуіп, сорға айналған 70-ке жуық көлдің 30-дан астамы қалпына келіп, сулы-шалғынды алқаптар қалыптасты. Сирек кездесетін құстар мен аңдар көбейді, бұрын болған 38 балық түрінен жоғалып кеткен 21-інің 14-і су айдындарына қайта орал­ды. Аймақта жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артты. Өңірден қоныс аударған бес мыңнан астам адам туған топы­раққа қайта оралды. Аймақтың экологиялық, санитарлық ахуалы да жақсарды. Соңғы 3 жылда Арал аумағында жиі кездесетін вирусты гепатит дертінің деңгейі 3 еседей төмендеді. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы, әсі­ресе, мал шаруашылығына қолайлы жағдай туып, өңірде жылқы – 40, қой 55 пайызға, ірі қара 2 есеге өссе, түйе малының 81 пайызы Арал, Қазалы аудандарында шоғырлана бастады. Ал, енді осы САРАТС жобасының 2-кезеңі жүзеге асырылғанда Аралдың солтүстік бөлігіндегі 59 мың гектар құрғаған теңіз Арал қаласына 10 шақырымға дейін жақындайды, теңіздің климаты жақсарып, демалыс орны ретінде маңыздылығы арта түседі. Экологиялық таза электр энергиясын өндіру мен шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндіктер туады, Арал қаласы мен теңіз жағалауында орналасқан ондаған елді мекенге қатынас (асфальтжол, кеме) жолдары шешіледі. Шардара су тоспасының су тастау қабілеті арттырылып, балық шаруа­шы­лығын тұрақты дамытуға мүмкіндіктер туады. Сай­ып келгенде, осы жобадағы күрделі өзге­рістерге тіршілік көзі – су мәселелерінің бірте-бірте шешілуі арқылы қол жеткізіледі. Су демекші, өткен жылы елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 170,0 шақырымдай 27 канал, сондай-ақ су дең­гейін реттеп отыру үшін 9 гидроқұрылыс жөн­де­ліп, жер асты су деңгейін төмендету үшін ұзын­дығы 7,0 шақырым 6 су қашыртқысы таза­ланды. Өздігінше су шықпайтын елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 7 электрлі, 13 дизельді сорғы қондырғылары алынып, нәтижесінде облыс бойынша 39 елді мекен аяқ сумен толық қамтамасыз етілсе, 19 мыңдай қожалықтың 2715 гектар үй іргелік жерлеріне аяқсу жеткізілді. Сонымен қатар, 21284 гектар шабындықтар мен жайылымдықтар суланды­ры­лып, су айдыны 570 гектарды құрайтын көлдерге су құйылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда. Дегенмен, басқармаға жүктелген міндеттерді толық атқаруға біршама көмектердің қажеттілігі де туындауда. Мысалы, су ресурстарын пайдалану саласында, оның ішінде коммуналдық меншіктегі магистралдық каналдар мен су тоспаларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазіргі жағдайда барлық аудандық еншілес кәсіпорындарда қажетті техникалар жоқ. Вегетация кезінде барынша суды үнемді пайдалану мақсатында және жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу үшін бұл кә­сіпорындарға қосымша техника мен механизмдер қажет-ақ. Мысалы, “Қызылордасушаруа­шы­лығы” кәсіпорны жанынан ауданаралық жылжы­малы жөндеу мекемесін ашу мақсатында қажетті техника алуға және су тапшылығына байланысты атқарылатын іс-шаралар құжаттары бойынша 450,0 млн. теңге қаржы қажеттілігі туындады. Облысымыз суармалы егіске бейімделген аграр­лық өлке болғандықтан, еліміздің заң­на­маларына сәйкес “Қызылордасушаруашылығы” облыстық коммуналдық кәсіпорны өнім өндірушілердің егістік алқаптарына су жеткізіп беруге міндетті. Бірақ бұл қызмет тарифінің өзгертілмей, тұтынушыларға арзан бағамен ұсынылуынан олардың шығындары көбейіп, банкроттық жағдайға жеткен. Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда, біздің облыста ауыз су сияқты егістік судың да тарифі бірнеше есе төмен болып отыр. Республика бойынша ауыз судың 1 текше метрі 290 теңге болса, біздің облыста 44 теңге немесе 6,5 есеге төмен. Ал аяқ су республика бойынша 0,87 теңге болса, бізде 0,07 теңге, немесе 11 есеге төмен. Соның салдарынан су жүйелерінің қазіргі күйі ойдағыдай емес. Жыл сайын ағымдағы және күрде­лі жөндеуге қажетті қаржы бөлінбей, 50 мың гектар суармалы жерлер егіс айналымынан шығып қалып, жіберілген судың 10-15 пайызы босқа ысырап болуда. Осыған орай, Үкімет жариялаған мора­то­рийді осы салаға байланысты банкротқа немесе тарау алдында тұрған кәсіпорындарға қолданбай, қайта ауыл шаруашылығына қызмет ететін су ша­руашылығы саласының қалыпты жағдайда жұмыс істеуіне, әртүрлі себептермен өзгертілмеген тариф­тің қайта қаралып көтерілуіне рұқсат етілсе, халық суды үнемді жұмсауға көшер еді деген пікірдеміз. Ең бастысы – қайтқан теңіз келе жатыр. Де­мек, байлық көзі – балық шаруашылығын да­мы­туға да бірте-бірте мүмкіндік туады деген сөз. Жалпы, кезінде облыс аймағында балықтың 38 түрі, оның ішінде бірнеше “Қызыл кітапқа” енген бекіренің – тасбауыр бекіре, шортан тек­т­ес ақмарқа, арал албырты сияқты 3 түрі, қаяз­дың – арал, түркістан қаязы сияқты 2 түрі, сон­дай-ақ сазан, доңмаңдай, жайын, тісті, т.б. балық түрлері өсіп, 1960-1965 жылдары 160 мың гектар жерді алып жатқан Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай – Қуаңдария, Ақбай – Ақирек, Қараөзек, Те­лі­көл, Қандыарал, Нәнсай – Ханқожа жүйе­ле­ріне кіретін 400-ден аса көлдерден және Қы­зыл­орда, Қазалы тоған-балық шаруашылық­та­ры­нан ондаған мың тонна балық өндіріліп, өңделген. Бірақ, Арал теңізінің тартылып, қалған бө­лігінің тұздануы, 245 көлдің құрғауы, балық түр­лерінің азаюы салдарынан облыста балық өндіру 100 есеге дейін кеміп, Үкімет тарапынан бері­летін қаржының тоқтатылуынан 1990 жылдардың ортасында тоған балық шаруашылықтарымен бірге Бөген, Қуаңдария, Қазалы, Қызылорда балық зауыттары да жабылған. Дегенмен, “Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру” жобасының бірінші кезеңін іске асыру, Үкіметтің қомақты қаржы бөліп Қамыстыбас балық тұқым базасының сақталып қалуы, Кіші Арал кеңейіп Ақшатау, Қараөзек, Қамбаш, Ақсай-Қуаңдария, т.б. бірнеше көлдер жүйесінің пайда болуы нәтижесінде балық шаруашылығының да бойына қан жүгіре бастады. Өткен жылы 2320 тонна балық ауланды, немесе соңғы 5 жылда ауланған балықтың көлемі 5 есеге жуық өсіп, 100-ге тарта серіктестіктер мен кәсіпкерлерге, мыңға тарта балықшыларға жұмыс табылып, ол табыс көзіне айнала бастады. Ондаған шағын балық цехтары пайда болып, жаңа технологиямен 6 мың тонна балық өңдейтін зауыт іске қосылды. Бұған қоса “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұрын болған тоған балық шаруашылығын жандандыруға мүдделілік танытуда. Бұл ретте құрылысы басталған Көксарай су реттегіші Қы­зылорда облысы үшін баға жетпес нысан болып саналады. Осы жоба шеңберінде Қызылорда облысы қыс айларында су тасқынынан құтылып, қосымша жиналған су көлемін алып, Кіші Арал мен көлдерді толтыруға мүмкіндік алғалы отыр. Осылар ескеріліп, облыс көлемінде су айдындарының жағдайы зерттеліп, одан 17 көл таңдалып алынып, солардың негізінде тоғанды балық шаруашылықтарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар басталуда. Басқарма басшылығы Ресейдегі балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен кездесіп, Астрахань, Карелия өлкелеріндегі осы саланы ұйымдастыру тәжірибелерімен танысып қайтты. Қазір солармен бірлесіп тоғанды балық шаруашылығын ұйымдастырудың техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстарына кірістік. Бұдан басқа да, күріш егістіктерінде қалып қойған бағалы балық шабақтарын құтқару, Қызылорда қаласы мен барлық аудан орталықтарында балық сақтайтын, сататын сауда орталықтарын ашу арқылы балық өнімдерінің бағасын арзандату іс-шаралары да межеленуде. Осы мәселеге байланысты өз шешімін таба­­­тын мәселенің бірі – қазіргі кезде балық ша­руашылық маңызы бар су айдындарын пай­далану еліміздің Балық аулау ережесіне сәйкес Арал-­Сырдария облысаралық балық шаруа­шы­лығы бассейндік инспекциясына міндеттелуі. Бұл жағдай және басқарма қызметкерлері санының аздығы, материалдық-техникалық жағдайдың төмендігі, жер көлемінің ауқымдылығы балық қорын қорғау, ауланған балықтың нақты көле­мін, түрлілік құрамын анықтау жұмыстарын то­лық жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Сондық­тан Балық аулау ережесіне өзгерістер енгізіп, қазіргі инспекцияға балық қорын қорғау және көлдерге мемлекеттік бақылау жұмыстарын қал­ды­рып, балық шаруашылығы маңызы бар көл­дерге ихтиологиялық, гидрохимиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, табиғат пайдаланушыларға көлдерді бекіту, бекітілген лимит шегінде балық аулауға рұқсат беру, квота бөлу, оның орын­далуын қадағалау, балық шаруашылығы көлдерін балықтандыру, мелиорациялық жұмыстарды және тауарлы көл балық шаруашылығын ұйымдастыру сияқты міндеттерді жергілікті атқару органдарына беру керек деп есептейміз. Бұл – Үкіметтің назарына ұсынылған мәселе. Бұдан басқа, басқарманың ерекше назар аударып отырған мәселелерінің бірі 226 мың шаршы шақырым жері бар біздің облыста орман қоры көлемін молайту болып табылса, осы орай­да ойға “Орман патшадан да бай” деген мақал оралады. Демек, ол – адамға да, төрт түлікке де азық. Бұл тұрғыдан қарағанда, соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстары жандана түсті. “Жасыл ел” ұлттық бағдарламасы аясында облыстың аудандары мен Қызылорда қаласында 2008-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспа­ры жаса­лып, осыған сәйкес былтыр орман шаруашы­лығы мекемелерінің күшімен мемле­кеттік орман қоры жерлерінде 625 гектар ағаш, оның ішінде 600 гектар сексеуіл, 25 гектар саялы ағаштардың түрлері егілді. Аудан орталықтарына кіре беріс жолдардың бойына 21 гектар қорғанышты жасыл белдеулер, 13,0 гектар жерге ағаш көшеттерін өсіретін тұқымбақтар жасалды, оның ішінде облыс аумағында сирек пайдаланылып келген теректің қаратерек (осокр), ақтерек, бальзам терегі, тұран талы (ива плакучая), биші талдың (танцующяя ива) 20,0 мыңнан аса қаламшалары (көктемде мұның көшеттері егу стандартына дейін жеткізілетін болады) Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы тұқымбақтардан әкелінді. Орманшылар отбасын арзан көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 60 гектар жерге бақша дақылдары егілді. Бұл істерге “Жасыл ел” еңбек жасақтары тартылып, бюджеттен 7,75 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл шараға аудандарда жұмыссыз жүрген 420 жас, оқу орындарының 330 студенті қамтылды. Орманды жерлерді молайту бағытында құр­ғаған Арал теңізінің ұлтанына фитомелиоративті, оның ішінде сексеуіл егу жұмыстары кеңінен өріс алды. Соңғы 10-15 жылда жергілікті бюд­жет­тен және басқа көздерден тартылған қаржыға 80,0 мың гектардан аса жерге сексеуіл егілді, бүгінгі күні алғашқы егілген екпелер табиғи өсу дәрежесіне жетіп, көбеюде. Былтыр 4200 гектар (оның 2600 гектары – Арал теңізінің құрғаған ұлтанына, 1600 гектары – мемлекеттік орман қоры жерлеріне) жерге сексеуіл егілді. Бұған қоса, Арал теңізінің құрғаған ұлтанынан ұшқан тұзды құмға тосқауыл қою үшін халықаралық ұй­ым­дардың қаржысы тартылуда. Соның бірі – Дү­ниежүзілік даму банкі мен ҚР Үкіметі ара­сын­дағы “Республика ормандарын сақтау және орманды жерлерін көбейту” бірлескен жобасы бойынша 2008 жылы теңіз ұлтанына 500 гектар, 2009 жылы 5000 гектар сексеуіл көшеттері егілді. Ерекше атап өтетін үлкен іс-шара – ол Қызылорда қаласының орталығында 2007 жылы басталған Тұңғыш Президент саябағын ұйымдастыру жұмысы одан әрі жалғастырылуда. Аталған саябаққа өткен жылы 100,0 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Дегенмен де, басқарма бойынша бұл салаға орай шешімін талап етіп отырған кейбір мәсе­ле­лер де бар. Атап айтсақ, орман және жануар­лар дүниесін қорғау мекемелерінің материалдық- техникалық базалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 19.04.2004 жылғы №53 қаулысымен бекітілген нормативке сәйкес қамтамасыз етілуі 30 пайызды құрайды. Сол себепті аталған ме­кемелер Дүниежүзілік даму банкі мен республика Үкіметінің бірлескен “Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту” жобасы ұйымдастырған 2009 жылғы конкурс­тарға қатыса алмады. Орман мекемелері орман орналастыру жобасы бойынша толық жұмыс атқаруға және басқа да жобаларға қатысу үшін бірінші кезекте 180,0 млн. теңгелік қажетті техникамен қамтамасыз етілуі керек. Соңғы жылдары сексеуіл ағаштарының ауруға шалдығуынан оның тұқымын жинауда да біршама қиындықтар туындады. Әйтсе де, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, зиянкестер мен ауруға шалдыққан 1800 га сексеуіл алқап­тарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақытқа дейін күзгі сексеуіл егу жұмыс­та­рын атқару мезгілі күннің суып, жауын-шашын­ды уақытқа тура келуіне орай орманшылардың тұрмыстық жағдайларына қиындықтар туғызып келген-тін. Осыған орай жылжымалы вагон бөлу жөніндегі басқарма ұсынысы қолдау тауып, биылғы жылы 8 жылжымалы вагон, 8 шағын-электрстанса алуға қаржы бөлінді. Өз ретінде бұл мәселелердің шешілуі орман байлығын молай­тудың алғышарттары болмақ. Жоғарыда айтқандарым, біздің басқарманың көпсалалы жұмыстарының кейбір қырлары ғана. Бұдан басқа да су ресурстарын үнемді пайдалану, қоршаған ортаны қорғаудың іс-шараларын қар­жыландыру, облыстың шаруашылық субъектілері арқылы тапсырылған құжаттамаларға мемле­кет­тік экологиялық сараптама жасау, өткен жылдың басынан бері басқармаға берілген жаңа функция­ларға орай 6,0 мыңнан астам кәсіпорын, кә­сіп­керлер мен мекемелердің бюджетке экологиялық төлемақы есептерін куәландырып, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсат беру жұмыстары да жүзеге асырылуда. Дегенмен, бүгінгі экологиялық саясат күн тәртібіне осыдан 37 жыл бұрын енгізілгенімен, әлем­дік бірлестікте түсіністікпен шешетін проб­лемалар әлі де аз емес. Залалданған табиғат, ластанған су мен жер ауаның, қоршаған ортаның қалыпты ырғағын бұзып отырғаны ащы да болса шындық. Оларды бір күнде, немесе бірнеше жылда толық жүзеге асыру мүмкін де емес. Әйтсе де, қазіргі кезде өңір жұртшылығы табиғат райының едәуір жұмсарып қалғанын сезініп, егер күш-жігерді еселеп жұмсаса, яғни “бабын келістірсе, табиғат тұнып тұрар еді” деп ғұлама ғалымдар айтқандай, байсалды болжам жасап, істің түбі қайырлы боларына көз жеткізуде. Осыған орай Елбасы, Үкімет, жергілікті атқарушы органдардың облыс өңірінің табиғатын сауықтыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келе жатқанын айтып өткен орынды. Оның айғағы Арал мәселесін көтерген келелі жиындар мен басқосулар. 2008 жылдың 25 тамызында құрылтайшы мемлекеттер басшыларының шешімдеріне сәйкес Қазақстан алдағы 3 жылға Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) төрағасы болып сайланған-ды. Іле-шала желтоқсан айында аса бір елеулі оқиға – ХАҚҚ-ға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассемблеясындағы бақылаушы мәртебесін беру туралы қарар қабылданды. Өткен жылдың сәуір айында Алматыда құ­рыл­тайшы мемлекеттер басшыларының кезекті сам­миті болып, Ашғабадта БҰҰ-ның Орталық Азия­дағы превентивті дипломатия жөніндегі Ай­мақтық орталығында өзара әріптестікті кеңейту жөніндегі халықаралық шара – үйлестіру кездесуі өтті. Ашғабадтағы кездесуден кейін Алматыға атбасын бұрған БҰҰ Бас хатшысының ор­ын­басары, әрі БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының хатшысы Ян Кубиш, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық Комиссиясының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Аймақтық кеңесшісі Бо Либерт қор тарапынан қолдау тапқан бағдарламалар мен бекітілген жобаларға барынша көмек қолын созатындарын мәлім өтті. Бұлар Арал проблемасын әлемдік айдынға шығаруда маңызды тетіктер болып, алдағы уа­қытта Сыр өңірі халқының тұрмысын, әлеуметтік өмірін нәрлендіруге, экологиялық жағдайын сау­ық­тыруға игі ықпалын тигізетін болады. Ал об­лыстың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметкерлері Сыр өңірінің тауқымет түйіндерін тарқатып шешу жолындағы сан қырлы жұмыстарын белсенді түрде жалғастыра бермек. Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы. Қызылорда облысы.