pavon.kz
Баянауылдағы Торайғыр көлі қысқы серуенді ұнататындар үшін ашық аспан астындағы мұз айдыны ретінде таптырмас орынға айналды. Су бетіндегі мұз біркелкі қатқаны соншалық, оған барып коньки тебуден ләззат алғандар өздерінің әсерлері туралы әлеуметтік желіде жарыса жариялап жатыр. Мұндағы мұз өте берік әрі мөлдір.
Торайғыр көлі – Жасыбай демалыс аймағына жақын жерде, әйгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі жанында орналасқан. Жазда көл суы биік құзды шыңдардың түбінен толқындана жарыса шығып, жағаға соғылады. Түстік жиегінде үшкір басты биік шың Найзатас тұр. Ақтар қазаққа қысымшылық көрсеткен таршылық заманда бұл шыңның қатпар тастары арасына Сәкен Сейфуллин жасырынып, аман қалған. Көлдің бір шетінде ашық беті суға қараған Үңгіртас үңірейеді.
Торайғырда еліміздің Қызыл кітабына енген қызылағаш өседі. Ертеде ата-бабамыз қандыағаш таласа өскен тау баурайларында бұлақ барын білген. Негізі Қазақстанда қандыағаш Баянауыл мен Қарқаралының таулы-орманды алқаптарында, Ерейментау тауларында, Елек өзені жағалауында, сондай-ақ Қостанай облысындағы Құсмұрын маңында кездеседі, дейді жер жағдайын жақсы білетіндер. Баянауыл тауларындағы бұл ағаштың түрі қанды қандыағаш типіне жатады. Қандыағашты парк қызметкерлері ғылыми индикатор ретінде пайдаланады. Жазғытұрым төменнен жоғары қарай гүлдесе, жаздың сулы, жаңбырлы болатынын білдіреді. Ал керісінше, жоғарыдан төмен қарай көктесе, алдағы жазда қуаңшылық күтіп тұрғанын болжай беруге болады.
Павлодар облысы