Фото: parlam.kz
«Ұлтымызда «Жол азабын жүрген біледі» деген терең мағыналы мәтел бар. Бүгінде бұл сөздің шынайы мәнін күн сайын жолға шыққан қарапайым азамат та, жүк тасымалдап жүрген кәсіпкер де, ауыл мен қала арасында жүрген халық та айқын сезініп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, көлік инфрақұрылымының жай-күйі тек салалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың көрсеткіші.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – уақыт талабы екенін нақты атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, жаңа жолдар салынып, ескі бағыттар кеңейтіліп жатыр.
Алайда, өңірлердегі нақты жағдайды сараптай келе, жол саласы жүйелі мәселелерден әлі де арыла алмай отырғанын атап өтуге мәжбүрміз», деді Жанарбек Әшімжан.
Депутаттың пікірінше, кейбір республикалық маңызы бар бағыттарда жолдардың тарлығы, қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет қозғалысы, қозғалыс қарқынының шамадан тыс жоғары болуы, жол инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай келмеуі жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тікелей себеп болып отыр.
Ж.Әшімжан өз сөзінде, статистикалық мәліметтерді тілге тиек етті: Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, 2025 жылы республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Полиция қызметкерлері 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анықтаған. Оның ішінде жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері басым.
Сонымен қатар, полиция органдары 41 мыңнан астам жол тексеруін жүргізіп, 90 мыңға жуық жол кемшілігін анықтаған. Жол жамылғысын тиісті деңгейде жөндеп ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған.
«Бұл деректер жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, ал кей жағдайларда мердігерлер мен жауапты органдардың формалды жауапкершілікпен шектеліп отырғанын көрсетеді», деді Ж.Садықанұлы.
Сондай-ақ депутат оң нәтиже берген нақты шараны атап өтті.
«Оң нәтиже берген нақты шаралардың бірі – республикалық маңызы бар автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу. Бұл жүйе жұмыс істейтін бағыттарда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны айтарлықтай азайған. Аталған тәжірибе жол қауіпсіздігін арттыруда инженерлік және цифрлық шешімдердің шешуші рөл атқаратынын дәлелдеп отыр.
Мемлекет басшысы ерекше атап өткен Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған, Бейнеу – Сексеуіл, Құлсары – Ақтөбе – Хромтау, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі, сондай-ақ Сарыағаш маңындағы айналма жол секілді жобалар – жай ғана жол құрылысы емес, елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін стратегиялық нысандар. Алайда бұл жобалар сапасыз салынса, мерзімінде аяқталмаса немесе тиімді пайдаланылмаса – бюджет қаражатының ысырап болуына және азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне әкеледі», деді депутат.
Жанарбек Садықанұлы осыған байланысты, Үкімет тарапынан жол құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына қатысты бақылауды түбегейлі күшейту, жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың нақты әрі дербес жауапкершілігін бекіту аса өзекті деп санайтынын айта келе, аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін Үкіметтен мынадай шараларды жедел түрде қолға алуды сұрады:
- Жол сапасын мемлекеттік бақылауды күшейту: құрылыс материалдарының сапасы, жоба-сметалық құжаттаманың сақталуы және құрылыс нормалары бойынша тұрақты әрі нақты мониторинг жүргізу.
- Тәуелсіз халықаралық сараптама институтын енгізу: ірі жобаларға және пайдалануға берілген жолдарға тәуелсіз аудит жүргізу.
- Мерзімге қатаң бақылау тетігін енгізу: әр жоба кезеңі бойынша нақты кесте бекітіп, кешігу үшін жеке жауапкершілік белгілеу.
- Құрылыс барысын онлайн бақылау жүйесін құру: халыққа ашық цифрлық платформа арқылы әр жоба бойынша жұмыс барысын көрсету.
- Мерзім мен сапа талаптары бұзылған жағдайда қатаң санкциялар қолдану: айыппұл салу, мемлекеттік тапсырыстан шеттету, лицензиялық шектеулер енгізу.
- Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету: әр жоба бойынша шығындардың ашық есебін жүргізу, артық шығындарды анықтау.
- Құрылыс тендерлерінің ашықтығын қамтамасыз ету: фаворитизм мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау.
- Жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын күшейту: жол белгілері, жарықтандыру, жаяу жүргінші өткелдері, авариялық аймақтарды халықаралық стандарттарға сай жабдықтау.
«Бұл шаралар азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші көлік-логистика хабына айналдыруға нақты серпін береді деп сенеміз», деп түйіндеді сөзін Жанарбек Әшімжан.
Көптен күткен жаңалық: Қызылорда – Жезқазған автожолы ашылды