Зарета ФАТАЛИЕВА, «Ақ-Нек» ЖШС директоры, кәсіпкер:
– Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі – Қазақстанның халықаралық аренаға танымалдығын арттыра түседі. Ал сауда, өнім өндіру жағынан қандай міндеттерді алға тартады?
– Бұл бірнеше жылдардан бері айтылып жүрген мәселе болғанымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тиянақты жүргізіп отырған саясаты, берік ұстанымы нәтижесінде қазір ғана мүмкін болып отыр. Сәуір айындағы инаугурацияда Елбасы «100 нақты қадам» бағдарламасын ұсынып, алдымызға 5 асқаралы міндетті жауапкершілікпен жүктеді. Енді, міне, әлемдік деңгейдегі айтулы ұйымға мүше болып отырмыз. Расында, тәуелсіз Қазақстан үшін бұл қуанарлық әрі құптарлық жағдай. Бір жағынан, өзіңіз айтқан, Қазақстанды әлемге таныта түсудің жолы болса, екінші жағынан экономикалық әлеуетті арттыра түседі. Ірі ұйымға мүше болу тек қағаз жүзінде қалатын нәрсе емес, сондықтан бізге оның талаптарына сай болу міндеті тұр.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу Қазақстанның отандық өнімдеріне қалай әсер етуі мүмкін?
– Бұл – Қазақстан үшін дүниежүзілік деңгейде сауда-саттық көкжиегі ашылды деген сөз. Отандық өнім өндірушілер өз өнімдерін шетке де шығара алады, сонымен қатар, қазақстандықтар өзге елдердің дүниелерінің тұтынушысына да айнала алады. Бұл жақсы, ал мұның қиындығы да бар. Қиындығы негізінен өнім өндірушілерге, яғни кәсіпкерлерге қатысты. Талғам өскен, тауар көп алаңда біздің кәсіпкерлер өз тұтынушыларынан айырылып қалмай, тиісті биіктігін ұстап тұруы қажет. Ол үшін ең басты қажеттілік – тауардың сапасы мен қолжетімділігі. Сондықтан, отандық кәсіпкерлер сапалы өнім өндіру арқылы ғана әлемдік бәсекелестікке төтеп беруге дайын болуы керек. Қорқудың, тайсақтаудың қажеті жоқ. Күні-бүгінге дейін өз аяғынан тұрып, өз өнімдеріне тұтынушыларды қалыптастырып, тіпті өнімдерін шетелге экспорттап жүрген қазақстандық өнім өндірушілер жоқ емес. Біз аталмыш ұйымға мүше болуға дайындықсыз емеспіз деп ойлаймын.
– Ақтауда өзіңіз басқарып отырған «Ақ-Нек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің сүт өнімдері кең танымал. Аталмыш ұйымға енуге жеке кәсіпкер ретіне дайынсыз ба? Бәсекелестік ауқымы үлкейіп, тұтынушылар қатары сирей түсуі мүмкін деп қорықпайсыз ба?
– Жоқ. Мен кәсіпкерлік саласына кездейсоқ келген адам емеспін. Жоғары білімді технолог әрі заңгер ретінде нарықтық экономикаға көшкен кезден бастап іске кірістім. Қазіргі таңда кәсібімнің ауқымын үлкейтіп, «Ақ-Нан Маңғыстау» нан зауытын, «Берекет-Ф» қоғамдық тамақтандыру желісін басқарамын. Сондай-ақ, «Ақ-Нек Маңғыстау» атты кәсіпорнымызда сүт, ірімшік, айран, құрт, жемістен дайындалған айран сынды бірнеше сүт өнімдерін өндірумен айналысамыз. Нан зауыты қала тұрғындарын нан өнімдерімен толық қамтамасыз етуде. Сүт зауытынан жылына 500 тонна, нан зауытынан 400 тоннаға жуық өнім тұтынушыға жол тартады. Ал тамақтандыру қызметінде, кондитерлік және сүт өнімдерін шығаруда «Сәйкестік сертификатына» ие «Берекет-Ф» қызметкерлері бәсекеден қорықпайды, керісінше оны тәжірибе шыңдаудың тетігі ретінде қабылдайды. Толықтай отандық өндіріс тауарларын, жергілікті еңбек ресурстарын пайдаланатындықтан, отандық қызметтерді ұсынушы ретінде де өз орнымыз бар.
Он жылдан астам уақыттан бері Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласы мекемелерін емдік тағамдармен қамтамасыз етіп келеміз. Сондай-ақ, Ақтау қаласындағы ІІМ училищесінің тыңдаушыларын, Маңғыстау облысы ІІД бөлімшелерін, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ете бастағандарына тура он жыл толыпты. Сонымен қатар, 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасы ІІМ-ге қарасты 6656-әскери бөлімі жеке құрамын, Ақтаудағы Әскери-теңіз институты курсанттарын және еліміздің Қорғаныс министрлігінің Батыс аймағы бойынша әскери бөлімдері жеке құрамдарына ыстық тамақ ұйымдастыруды да өз міндетімізге алғанбыз. Бүгінгі таңда 500-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар. Алдымызда жоспарлап отырған ірі жобаларымыз бар. Мұның бәрі біздің жұмысымыздың сапасы мен қуатын арттырып, Дүниежүзілік сауда ұйымына еліміздің белді мүше болып енуіне өз үлесімізді қосуға септігін тигізетін болады.
– Рахмет. Іске сәт, Зарета ханым!
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.