Іс-шараға ауылдың қадірлі ақсақалдары мен тұрғындары, кент әкімі, медицина саласының қызметкерлері қатысты. Көрермендер назарына академиктің ұлы А.Шарманов ұсынған бейнесюжет көрсетілді.
Көрме ғалымның өмірі мен қызметін кезең-кезеңімен таныстырып, халық денсаулығына қосқан зор үлесін паш етті.
Төрегелді Шарманов Ұлытау ауданының ауыл дәрігерінен бастап Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі мен Қазақстанның Парламент депутатына дейін еңбек жолынан өтті. Қазақ тамақтану академиясының басшысы болды. 2022 жылы Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағы берілді.
Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Нұрсұлу Балтабайқызы көрермендерді ғалымның жеке заттарымен таныстырды. Төрегелді Шармановтың құнды жәдігерлері ғалымның тұлғалық болмысын, еңбектегі ізденісін, ғылыми жолын баяндайды.
Академиктің Алматыдағы Тағамтану институтындағы жеке кабинетінен әкелінген жиһазы – кресло мен жазу үстелі бірден көзге түседі. Ғалым осы креслода ғылыми еңбектер жазып, халықаралық кездесулерге дайындалып, Тағамтану ғылымының даму бағытын айқындайтын шешімдер қабылдаған.
Кабинет еденіне төселген, қазақы өрнегі мол қолдан тоқылған кілемнен туған еліне деген сүйіспеншілік сезіледі. Шетелдік әріптестердің бірі сыйға тартқан аю терісінен жасалған кәдесый – төсеніш. Бұл сыйлық академиктің халықаралық беделін, шетелдік ғылыми қауымдастықпен тығыз байланысын көрсетеді.
Академиктің мантиясы мен шапаны – ғылымдағы биік мәртебесі мен абыройлы еңбегінің айғағы. Өз уақытында отандық және халықаралық деңгейдегі жиындарға осы киіммен қатысып, қазақ ғылымының абыройын асқақтатқан. Көрмеде Төрегелді Шармановтың майлы бояумен салынған портреті, ұстаған портфелі мен көзілдірігі де бар.
Ұсынылған фото суреттері, марапаттары, құжаттары – ғалымның өмір жолынан, мемлекет пен халыққа және ғылымға сіңірген қызметінен сыр шертеді. Тағамтану ғылымындағы жаңа бағыттарды қалыптастырған, ұлт саулығын нығайтуға арналған іргелі зерттеулердің жемісіндей – кітаптары мен еңбектері де ізденген оқырманға ой салады. Сыйға тартылған түрлі сувенирлер әлемдік ғылыми ортадағы беделін көрсеткендей әсер қалдырады.
«Академик дүниеден өткен соң ұлы Алмаз Төрегелдіұлы әке мұрасын ардақтап, Тағамтану институтындағы кабинетіндегі жеке қолданған жиһаздары мен кітаптарын, еңбектері мен марапаттарын, сондай-ақ құттықтау хаттары мен құнды заттарын түгелдей Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына табыстады. Осы игі ісінің арқасында музейде арнайы «Академик Төрегелді Шарманов кабинеті» жасақталып, жұртшылыққа есігін айқара ашты. Көрме 14-19 қаңтар аралығында көпшілік назарына ұсынылды» дейді Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Нұрсұлу Балтабайқызы.
Жездідегі жергілікті ақсақалдар Т.Шармановтың өмірі мен еңбегі туралы естеліктер айтты. Ғалымның ұлт саулығы жолындағы сіңірген еңбегі туралы мағлұматтар ұсынылды. Көрменің ашылуымен құттықтаған кент әкімі М.Жұмабек ұлтқа қызмет еткен тұлғаны ұлықтаған Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғыс хат табыстады.
«Бақыт – бұл денсаулық. Бақыттың негізі – денсаулық. Егер мен халыққа қандай да бір жолмен көмектесе алсам, оны сау етсем, мен бақыттымын», деген ұлт саулығына жанашыр болған Төрегелді абыздың есімі ұмытылған жоқ. Мұрасы туған жерінің төсінде тұр!
Ұлытау облысы
Ұлытауда «Академик Төрегелді Шармановқа тағзым» атты облыстық көрме ашылды