Журнал жылына бір рет жарық көреді
Жылына бір рет қазақ және орыс тілінде жарық көретін Turning Points Qazaqstan басылымының биылғы – 2026 жылға арналған санында Томас Фридман, Джонатан Хайдт, Николас Кристоф, Джек Торн сияқты ой көшбасшыларының 2026 жылға арналған эксклюзивті эсселері және Мағзұм Мырзағалиев, Саясат Нұрбек, Қуат Акижанов, Досым Сәтбаев, Арман Евниев, Жан Мұқанов, Алмаз Шарман, Раиса Сайран сынды бірқатар отандық авторлардың пайымдары мен болжамдары жарияланған.
Тақырыптар түрлі саланы қамтиды
Аталған авторлардың көтерген тақырыптары саясат пен экономикадан бастап, өнер мен мәдениетке, жасанды интелектіге дейінгі салаларды қамтыған. Мысалы, Джонатан Хайд гаждеттер мен интернеттің мектеп жасындағы балаларға зиянды әсері туралы зерттеулерге тоқталса, Джек Торн жасөспірімдер арасында белең алған ызақорлық пен қатыгездіктің түпкі себептеріне үңілген. Ал, Қазақстан авторлары өз салаларында 2026 жылы болуы мүмкін трендтер мен сын-қатерлерге қатысты пайымдары мен болжамдарын ұсынған.
Журналдың таныстырылуы өтеді
KAZMEDIA HOLDING компаниясының хабарлауынша, журналдың бас редакторы – белгілі журналист Айбын Шағалақ.
«Журналдың алғашқы санын қаңтардың 28-і күні Астанадағы The St. Regis Astana қонақүйінде өтетін Qazaqstan NEXT 2026 форумында ресми таныстыру жоспарланып отыр», делінген аталған компания таратқан хабарламада.
Бір айта кететіні, журналдың электронды нұсқасы The New York Times Licensing сайтында да қолжетімді болады.