Кеше Омбыда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жетінші отырысы болды. Комиссия жұмысына Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Отырысты қазақстандық тараптан комиссияның тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов және комиссияның ресейлік тараптан тең төрағасы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов ашты.
Отырысты аша келіп, Қ.Ищанов Ресей Федерациясының іргелес аймақтары мен Қазақстан облыстарының шекара маңындағы ынтымақтастығы орнықты экономикалық өсімді, халықтың әл-ауқатының жақсаруын, инвестицияның тартылуын, жұмыс орындарының ашылуын, әлеуметтік және мәдени дамуды қамтамасыз етуде маңызды стратегиялық бағыт болып табылатынын атап өтті. «Осындай жан-жақты дамуға парламентаралық іс-қимыл оң ықпал етеді», – деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары.
Комиссия отырысы барысында Біртұтас экономикалық кеңістік аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара маңындағы аймақтарын өркендету, Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы субъектілерінде қазақ және орыс тілдерін дамыту, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясында «Инжиниринг қызметі және инжиниринг туралы», сондай-ақ, «Инженерлік іс туралы» үлгі заңнамалық актілерін әзірлеу, 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге арналған шараларға Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің қатысуы туралы мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына сенаторлар С.Плотников, Ж.Нұрғалиев, М.Алтынбаев, С.Біләлов, С.Жақсыбеков, С.Ершов және М.Көбенов қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша айтылған пікірлерді есепке ала отырып, Комиссия Хаттама қабылдайтын болады. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия Екі елдің заң шығару органдарының жоғарғы палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім аясында қызмет етеді.
Комиссияның кезекті сегізінші отырысын Қазақстанда өткізу жоспарланды.