Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АӨК комитеті хатшылығының хатшысы Мырзахмет Өксікбаев пен палатаның АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэр брифинг өткізді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін толық өңдеуге қатысты берген тапсырмалары жөнінде әңгімелеген спикерлер, кейбір бағдарламалардың орындалу барысы көңіл көншітпей тұрғанын да жасырмады. Әйткенмен, негізгі жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, қазір Мәжіліс қарауында жатқан заң жетілдіріліп, әбден пысықталыпты. Нәтижесінде, 5 бірдей заң бір арнада түйістіріліп, шаруашылықтардың еркін жұмыс істеуіне қолайлы етіліпті.
Жеке шаруашылықтар кооперациясын жүргiзудi ең алдымен өңдеушi өнеркәсiп саласынан бастау қажет екен. «Мәжілiсте кооперациялар туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бүгiнгi күнi кооперациялар жұмысын реттейтiн 5 заң бар. Сол заңдардың барлығы біріктіріліп 1 ғана заң болады. Оның үстiне қазiр жеке кәсiпкерлер салығы да өсу үстінде. Комитетке оған қатысты да сұрақтар көп келiп жатыр. Өзге де мәселелер бар. Хатшылық пен комитет бiрлесе отырып, салыққа қатысты өз ұсыныстарын жолдады. Ал, шағын жеке шаруашылықтар кооперациясын жүргiзудi ең алдымен өңдеушi өнеркәсiп саласында қолға алған дұрыс деп ойлаймын», деді М.Өксікбаев. Оның сөзіне сенсек, әлемде ауылшаруашылық өнімін өндіріп, оны нарыққа шығаруда басқа жол жоқ көрінеді.
Ондай жақсы тәжірибе өз елімізде де бар екен. «Қарағанды облысында сүт өңдеушiлер шағын кәсiпкерлерге өздерi барып, мал басын көбейтiп, жем-шөбiн жеткізіп берiп, соның арқасында сүт алып жатыр. Ол да кооперацияның бiр түрi деп ойлаймын», деді хатшы. Ал, «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға бірқатар әкімшілік кедергілер көлденең тұр екен. «АӨК саласын дамыту үшiн бiзге толық көлемдегi мемлекеттiк қолдау қажет. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бүгiнгi күнi жеткiлiктi көлемде, әрi толық қаржыландырылып отырған жоқ. Бұл тұста, яғни мемлекеттiк қолдауды алу барысында тап болатын белгiлi бiр әкiмшiлiк тосқауылдар бар», дедi М.Өксiкбаев. Оның пікірін қолдаған комитет төрағасы И.Сауэр бағдарламаның негiзгi бағыттарының 33-37 пайызы толық қаржыландырылмай отырғанын айтты. Ол «Агробизнес-2020» бағдарламасының екi жылдық жұмыс қорытындысы осыны көрсетіп отырғанын жеткізді. Сөйтіп, бұл мәселе аталған жобаны толық жүзеге асыруда негізгі проблемаға айналғанына өкініш білдірді.
Десе де, жалпы алғанда АӨК-тiң бюджетi тұрақты көрінеді. Сондай-ақ, саладағы барлық бағдарламалар, субсидиялар мен нормалар сақталған. «Енді 40 млрд. теңге көлемiнде бөлінетін қосымша бюджет қаржысын күтiп отырмыз. Ол қаржы бүгiнгi талаптарға орай нақты секторға бағытталады», деді И.Сауэр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».