09 Шілде, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

427 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ Үкімет басшысының солтүстік облыстарға сапары барысында пысықталу үстінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов орталықтағы жұмыстардан қолы қалт етіп босай қалған сәтте өңірлерге шығып, жергілікті жердегі жағдайды өз көзімен көріп, сол жерлерде кеңес өткізуді берік дәстүрге енгізіп келеді. Мұның да жөні бар. Қазір елімізде Елбасының басшылығымен аса ауқымды жұмыстар жүзеге асыры­луда. Биылғы жылдың өзінде 144 индустриялық-инновациялық ба­ғыттағы инвестициялық жобалар пайдалануға берілетін болса, соның тең жарымы бірінші жарты жылдықтың өзінде іске қосылып қойды. Екінші жарты жылдықта маңызы олардан кем емес 72 жоба жүзеге асуға тиіс. Оның үстіне соңғы уақыттардағы табиғат құбылыстары, ауа-райы Қазақстан үшін аса қолайлы болып тұрған жоқ. Өткен қыстағы қалың жауған қар, ақырған аяз еліміздің Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына үлкен зардаптарын тигізген еді. Енді жаз шығысымен солтүстік өңірдің кейбір жерлерінде жаздың ыстық болуына байланысты құрғақшылық анық сезіліп тұр. Мұның өзі астықты облыстар жағдайына әсер етуі әбден мүмкін. Міне осындай жақсылығы мен жамандығы, қызығы мен қиын­дығы алма кезек түсіп жатқан өмірде еліміз ел басшылығының дұрыс саясат ұстауы, әлеуметтік-экономикалық жағдайға барынша мән беруінің, халықты ортақ іске жұмылдыра білуінің нәтижесінде қиындықтарға ұрынбай алға басып келеді. Ең алдымен, әлемдік экономикалық дағдарыстың ауыр сынағынан сүрінбей өте білдік. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысының біраз елді-мекендерін көктемгі қатты тасқын салдарынан су алып еді. Одан бү­лінген, қираған үйлерді, мәдени-әлеуметтік ғимараттарды жедел қалпына келтіруге кірісіп кеттік. Зардапқа ұшыраған елді-мекен­дер­дің орнына сәулеті қазіргі заманға сай қала типтес жаңа ауылдар бой көтеруде. Айтпақшы, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов­тің өзі осының алдындағы ел өңірлеріне жасаған сапарларында Шығыс Қазақстан, Алматы об­лыстарында болып қайтқан бо­латын. Енді осы сапар реті Ақ-мола, Солтүстік Қазақстан, Қос-танай секілді астықты облыстарда жалғасын тауып отыр. Еуразия секілді алып кеңістік­тің жүрек тұсында қоныс теуіп, қала салу өнерінің жаңа нұсқасы іспетті күн сайын келбеттене түсіп, адамзаттың назарын бірте-бірте өзіне аударып, асқақтай бой көтерген Қазақстанның жаңа елордасы Астананың іргесінде орналасқандықтан Ақмола облы-сының өңірлік даму мәселесінде өзіндік алар орны бар. Еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сына сәйкес бұл өңірде бірқатар серпінді жобалар жүзеге асуда. Оның үстіне Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру мәселесі Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Үкімет басшысының осы өңірге жасаған сапары барысында аталған мәселелерге баса назар аударылды деп айтуға болады. 7 шілде күні Кәрім Мәсімов осы өңірдің бірқатар өндірістік нысандарында, соның ішінде үдемелі индустриялық-инннова-циялық даму бағдарламасының аясында жаңа жобаларды іске қосу белгіленген “Қазфосфат” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде, күкірт қышқылы зауытының құрылысында, “Степногор тау кен-химия комбинаты” ЖШС-тің гидрометаллургиялық зауытында, “Есіл-Агро” ЖШС жүзеге асыру үстіндегі тауарлы сүт фермасында болды. Егер осылардың біреуіне ғана тоқтала кететін болсақ, “Есіл-Агро” ЖШС “ҚазАгроҚаржы” АҚ-пен бірлесе отырып, 1200 сауын сиыр бағылатын ірі кешеннің құрылысын іске қосқандығын айтуға болады. Бұл кешенде бағы­латын асыл тұқымды малды азық­тандыру мәселесі қоса шешімін тапқан. Кешен алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған. Оның құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталып, қыркүйек айында аяқталды. Осы арқылы 106 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Мұнда “Кару-сель Глобаль” сауын қондырғы-лары орналасқан. Өндірілген сүт өнімдері қазіргі талаптар мен стандарттарға жауап береді және елі­міздің ішкі-сыртқы рынок­тарын­да бәсекелестікке қабілетті болып табылады. Міне, осы жоба арқылы Астана қаласын сүт өнімдерімен қамту мәселесі бір шама шешім тапқандығын айтуға болады. Соңғы кездері Ақмола облысы­ның әлеуметтік-экономикалық дамуында алға басу қадамдары айқын сезіліп отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша мұнда өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстыр­ғанда 18,5 пайызға арта түсті. Ал ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 7 пайызға артып, 23 миллиард теңгені құрады. Мал мен құс саны едәуір көбейді. Тағы бір қуантарлық мәселе негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 21 пайызға өсіп, 35,2 миллиард теңгеге жеткендігі дер едік. Міне, осындай шаралардың есебінен өткен жылы құрылыс саласы тоқырауға ұшырамай 1,6 есе артса, өңірдегі жұмыссыздық 1 пайыздық деңгейге төмендей түсті. Облыс басшысы Сергей Дьяченко осы жайларды Үкімет басшысына баяндап берді. Үкімет басшысы Степногор қаласында орналасқан “Қазфос­фат” ЖШС-тің жұмыс барысымен танысқанда мұндағы бірқатар проблемалар жайында әңгіме қозғалды. Аталған кәсіпорын биылғы жылдың наурыз айынан бері минералды тыңайтқыштар шы­ғаруды тоқтатыпты. Оған әсер етіп отырған негізгі себеп – шикі­заттық күкірт қышқылының жоқ­тығы. Осыған орай Кәрім Мәсімов бұл мәселені шұғыл шешуге бағытталған бірқатар тапсырмалар беріп, осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Осы қаладағы “Қазатомөнер­кәсіп” ЖШС директоры Кеңес Амандосов Үкімет басшысын “Күкірт қышқылы зауытын қайта құру” жобасымен таныстырды. Бұл жоба алдағы жылдың тамызында іске қосылады екен. Жалпы құны 10 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын осы жоба іске қосылған кезде “Қазфосфат – химия зауы­тын­дағы” минералды тыңайт­қыштар шығару мәселесі де жүйелі шешімін табады деп айтуға болады. Үкімет басшысы осы сапар барысында Ақмола облысындағы бірқатар тұрғын үй-коммуналдық сала нысандарын аралап көрді. Атап айтқанда, “Степногор водо­канал”, облыс орталығындағы “Көк­шетау жылу” кәсіпорын-дарында және Бурабайдағы жаңа­дан салынған орталық өрт сөндіру депосында болып арнайы кеңес өткізді. Онда Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Табиғи монопо­лияларды реттеу агенттігінің төра­ғасы Нұрлан Алдабергенов және басқалардың есептері тындалды. Онда негізінен Степногор Көкше-тау қалаларының коммуналдық инфрақұрылымдарын дамыту мәселелері талқыланды. Осы сапар барысында Кәрім Мәсімов облыстағы он нысанда болып, төрт кеңейтілген кеңес өткізді. Сапар соңында облыс әкімдігінде өткен кеңеске Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының жауапты тұлғалары қатысты. Мұнда еліміздің солтүстік өңірін сұйық газбен және сумен қамту мәселелері талқыланды. Аталған мәселе жө­нін­де Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың, Сергей Дьяченконың баяндамалары тың­­далды. Аталған мәселеге байла­ныс­ты қосымша тапсырмалар берілді. Премьер-Министр өзінің қоры­тынды сөзінде Ақмола облысында өңірдің дамуына ықпал ететін бірқатар игілікті шаралардың атқарылып жатқандығын айта келе оларға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, халықтың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі Елбасы тапсырмаларының мінсіз орындалуын жергілікті бас­шы­лықтан қатаң талап етті. Мәсе-ленің маңыздылығына орай солтүс­тік өңірді сұйық отынмен қамта­масыз ету мәселесі Үкімет отыры-сында арнайы қаралатын болды. Кеше Үкім басшысының өңір­лер­ге жасаған сапары Солтүстік Қазақ­стан облысында жалғасты. Бұл сапар­дың барысы жайында газетіміздің осы өңірдегі тілшісі Өмір Есқали осы нөмірде егжей-тегжейлі жазып отыр. Ал бүгін бұл сапар Қостанай облысында жалға­сатын болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. САУЫН ФЕРМАСЫ АШЫЛДЫ Қостанай облысындағы сүт зауаттарының сапалы өнімі бұрыннан да  республикаға белгілі болатын. Ірімшік пен майдың сапасы сауылған сүтке байла­нысты екені тағы айқын.  Қостанай ауданындағы ”Садчиков” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  өткен жылы 400 бас малға арналған сауын ферма­сының құрылысын бастаған еді. Міне,  ол пайда­лануға беріліп, маусымның аяғында алғашқы сауылған сүтті ұқсату кәсіпорнына жіберді. Жылдың бірінші жартысында жүзеге асуға тиісті  алты инвестициялық жобалардың ортасынан ойып орын алатын бұл сүт фермасы садчиковтықтарға  806 миллион теңгеге түсті. Оның 121 миллион теңгесі серіктестіктің өзі тапқан қаржы, ал қалғанын ”Қаз­АгроҚаржы” акционерлік қоғамы  қаржыландырды. Сауын фермасында 26 адам жұмыс істейтін болады. “Иволго-холдинг” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің құрамына кіретін  ”Садчиков” шаруашы­лығы әр сиырдан сауған сүттен республика бойынша ең  жоғары көрсеткішке жеткен еді. Енді олар сүтті қысы- жазы үзбей өндіруге, әрі оның сапасын арт­тыруға кірісіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіп­орнында  өндірісті  тағы да кеңейте түсуге мүмкіндік бар. Инвестициялық нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Сергей Кулагин сауын фермасының шаруақорлықпен  жасалғанын атап өтті. Қостанайдың ұзақ та, қытымыр қысына төзімді болуы үшін қораның  төбесі жылы жабылған,  ауыз қора   салу да ұмытыл­маған. Сонымен қатар, қораның ауасын тазалап тұра­тын желдеткіштер орнатылған, арнайы массажерлар сиырларды ”сипап” тұрады. ”Елечка” деп аталатын сауын қондырғысының қуаты  жылына 1290 мың литр сүт  саууға негізделген. Еуропалық мамандар орнатқан   қазіргі заманғы компьютерлендірілген кешен фермадағы барлық технологиялық  үдерістерді бақылап тұрады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай ауданы, Қостанай облысы.