Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Нұрлы Жол. Қазақстан университеттері әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында» атты Алматы қаласы ЖОО ректорларының аймақтық жиыны өтті.
Б.Сапарбаев алдымен ғылыми-технологиялық паркте, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен «Әл-Фараби» кітапханасын аралап көрді.
Ректорлармен өткен жиында білім беру саласының бүгінгі өзекті мәселелері мен міндеттері әңгімеге арқау болды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы атап көрсеткен – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру үшін Отанымыздың жоғары білім беру жүйесі алдына адам капиталының деңгейін көтеру, заман сұранысына сай сапалы мамандар легін даярлау мәселесі қойылып отыр. Мемлекет пен қоғамның табысты дамуына кепіл болатын, болашаққа бағытталған бұл мақсаттар Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауына негіз етіп алынған. Осы көкейкесті мәселе Алматы ЖОО-ларының ректорлары қатысқан кездесудің негізгі өзегіне айналды.
Б. Сапарбаев кадр даярлау сапасын арттыруға баса назар аударды. Өскелең ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру, оқыту мазмұнына жаңаша көзарас таныту қажеттігін атап дуалдық білім беруге де назар аударды. Ол, сонымен бірге, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметіне жоғары баға бере отырып, оқу орнындағы өзгерістерді өзге университеттерге үлгі ретінде тілге тиек етті.
Оқыту бағдарламалары елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы талаптарына жауап беру керектігін атап өткен Премьер-Министрдің орынбасары бұл орайда ұлттық университеттерге жүктелер жауапкершілік жүгі зор екендігіне тоқталды. Экономиканың алға басуы үшін инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттау, ынталандыру қажет, деп бұл саясат елдің серпінді дамуын қамтамасыз ететін озық технологияларды, соның ішінде білім мен ғылымды басқарудың жаңа әдіс-тәсілдерін өмірге жедел енгізуді талап етеді, деді. Сондай-ақ, инновациялық-индустриялық даму стратегиясы негізінде еңбек ресурстарын тиімді орналастыруды көздейтін «Серпін» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыруды тапсырған.
Қазақстан университеттерінің әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді тұстары талқыланған алқалы отырыста ел ғылымы мен білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов оқу ордасының алдында тұрған міндеттермен, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында атқарылып жатқан сан салалы жұмыстармен таныстырып өтті. Токио университетімен бірігіп Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоба – отандық наноспутникті әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын, студенттердің 70 пайызға жуығы ғылыми жұмыстарға тартылғанын, осындай жетістіктер негізінде оқу ордасы әлемдегі ең үздік 300 университет сапынан орын алып отырғанын жеткізді.
Жиында Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінің директоры Давид Эзау оқу орнындағы дуалдық білім беру мәселелеріне тоқталды.
Жиын барысында ілгері дамуға кедергі болып отырған кемшіліктер де атап көрсетіліп, олқылықтардың орнын толтыру жолдары ой елегінен өткізілді. Болашақтың кілті білімде екені назарға салынды.
Бақыт ӘСЕМБАЕВА,
Қайрат ЖАҢАБАЕВ,
Қаз МҰУ-дің журналистика факультетінің оқытушылары